Аутист- жаңбыр балалары

0
113

Әрбір ата-ана баласы өмірге келгеннен кейін оның денсаулығының дұрыс болғанын қалайды. Ата-анасы баланың жасаған әрбір қимылына, оның жүзінің жадырағанын, басқан әрбір қадамын, алғашқы шығарған дыбысына, айтқан сөзіне қуанады. Әр бала қоршаған ортаның қамқорлығын қажет етеді. Бірақ кейбір балалар қоршаған ортадан алыстап, өз әлемінде өмір сүреді. Олар әр жаңа нәрсеге қызықпайды, оны танып-білуге қызығушылығы болмайды. Осындай балалар қарым-қатынас жасауда, әлеуметтік ортаға бейімделуде, ата-анасымен сөйлесуде қиындықтарға кездеседі. Осындай белгілер арқылы балада аутизмнің немесе оның кейбір белгілерін анықтауға болады.
Аутизм – неврологиялық даму ақауы. Грек тілінен аударғанда «autos-өзі» дегенді білдіреді, яғни науқас өзімен-өзі болып, қоршаған ортадан шектеліп өмір сүреді. Бұндай балалардың ойлау қабілетінде, қабылдауында, назарында және адамдармен қарым-қатынас жасауында бұзылыстар болады. Сонымен қатар, аутист балалар суды өте жақсы көреді. Сондықтан оларды «жаңбыр балалары» деп атайды. Себебі мамандардың күнделікті жұмысы барысында байқаулары бойынша, бұл балалар суды көргенде қуанып, эмоциялық үлкен әсер алады. Ата-аналарының айтуы бойынша да, үйлерінде суға түскенді ұнатады екен.
Қазіргі уақытта аутизмнің нақты себептері анық зерттелмеген. Көп ғалымдардың деректері бойынша, балаларда аутизмнің себебі орталық жүйке жүйесінің бұзылуы салдарынан болады. Тұқымқуалаушылық фактордың әсері мол екенін көптеген зерттеушілер мойындайды. Сонымен бірге мидың органикалық зақымдалуы да аутист балаларда жиі кездеседі.Тұқым қуалаушылық хромосомалық өзгерістер, зат алмасу өзгерістері, анасы жүкті және туу кезінде алған жарақаттар, нейроинфекция- лар, тағы басқа жағдайлар барлығы да жағымсыз әсер ету мүмкіндігі бар.
Аутизм белгілері баланың үш жасына дейін айқын байқалады. Әдетте, ер балаларда жиі кездеседі. Ата-анасы құрдастарымен салыстырғанда кеш дамып, әлі сөйлемегенін байқайды. Алғашында бала керең секілді болып көрінеді, бірақ тексеру нәтижесі олай емес екендігін көрсетеді. Кейде сөйлей бастайды, бірақ біраз уақыт өтісімен сөйлеу қабілетін қайта жоғалтады. Күнделікті қылықтары қайталанады, күнде бір ойыншықпен және жалғыз ойнайды. Тіпті ойыншықтың тек бір бөлігімен ғана (мәселен тек қолмен немесе басымен) ойнауы мүмкін.
Күнделікті қайталанатын тәртіптің өзгеруін бала өте қиын қабылдайды. Ата-аналардың айтуынша бала көзге тіке қарамайды. Аутист балалар депресияға шалдығып, эпилепсиялық ұстамалар байқалады.
Аутизмнің нақты медикаментозды емі жоқ. Алайда басқаша жолдармен емдеу тәсілдері бар. Ең бастысы, кешіктірмей тексеріліп, емделу терапиясын ертерек бастаған дұрыс. Себебі терапияны бала кішкентай кезінде бастаса, нәтижесі жақсы болады. Аутизмге ұшыраған адамдардың әрқайсысының белгілері әр түрлі және әр адамға тек өзіне тән ем түрі жүргізілуі керек.
Баланың бөлектенуін, мақсатсыз қозғалуын және қорқыныш сезімін жою үшін анималотерапияның (арнайы үйретілген иттер, аттар және дельфиндер) көмегі зор. Соңғы зерттеулер дельфинотерапияның бірнеше артықшылықтарын дәлелдеді. Бұл терапиямен емдегенде дельфиндерден бөлінетін жоғары жиілікті сонарлардың әсерінен баладан бақыт гормондары бөлінеді. Бұл гормондар ми қызметіне әсер етіп, баланың көңіл-күйін жақсартады.

А.Бекжанова,
ПМПК әлеуметтік педагогы

Comments are closed.