Жұмыс қарқынды, қаржыландыру баяу
Аудан тұрғындары «Ақтоған» ауылдық округінде 60 гектар жерге инфрақұрылым жасалып, атап айтқанда бес көшеге тас жол салынып, электр желілері тартылып, трансформаторлары орнатылып, электр бағаналары сап түзеп, оларға диодты жарықтандыру шамдары орнатылып, тіптен көшелердің қиылыстарына бас көше, қосалқы көше жол белгілері орнатылып, қаладағыдай жаяу жүргіншілер бағытын көрсететін жол ережесіне сәйкес белгілер де орнатылып қойылыпты.
Ендігі басты жұмыс ауыз- су жүйесін жүргізу, осы жұмыстар шілде айына дейін жүзеге асса, онда жеке тұрғын үй соғуға өтініш білдіргендер жер телімдерін алып, үш жылға берілетін мемлекеттік құжатты ұстап, үй құрылысын жүргізуге құқықтары бар. Осы мерзімде үйлерін соғып бітірсе, мемлекеттік акт алып, нағыз қожайын болып шыға келеді. Егер жер телімі көрсетілген уақытта игерілмесе жер қайтарылып алынып, келесі кезектегі тұрғындарға беріледі.
«Ақтоған» ауылдық округі әкімінің мәлімдеуінше бүгінгі таңда жер кезегінде 612 үміткер кезекте тұр. Ауызсу мәселесі шешілсе 300 отбасы тұрғын үй соғуға арнайы дайындалған жерден жер телімін өтініш берген кезегімен алатын болады.
Біздің «қалған кезектегі 312 адамның жағдайы не болады?» деген сұрағымызға «Қазақ Дихан» бөлімшесінде 40 гектар жер рәсімделіп жатыр, құжаттары бітсе ол жерлерге де инфрақұрлым жүргізілетін болады. Кезекте тұрғандар заң талабына сәйкес сол жерден жер телімдерін алатын болады»,- дейді округ әкімі Тұрар Дулатбаев.
Ал негізгі мәселе 60 гектар жер телімі болғандықтан, өткен жылы облыс әкімшілігімен болған келісімге сәйкес ауыз-су жүйесінің 367 миллиондық жұмысын тендерден «Астана Энерго Мастер» компаниясы ұтып алыпты. Оларға аудан бюджетінен өткен жылы бір миллион қаржы бөлініп, компания оны игеріп қойыпты. Ал биылғы жылы келісімге сәйкес наурыз айынан ауыз су жүйесін өз қаржыларына жүргізуді бастап, бір жарым шақырымдай бір көшеге бетонды кольцо-сақиналарды орнатып, су құбырларын жүргізіп те қойыпты. Қалған көшелерге жоба бойынша су бөлетін диаметрі 1,5 метр болатын бетонды-сақиналарды қою жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр екен.
Құрылыс басынан учаске бастығы Азамат Балапанов мырзаны кездестіріп сөзге тарттық.
– Біз бұл құрылысты өткен жылы бастағанбыз. Бір миллиондай теңгені игеріп қойғанбыз. Биылғы жылы тапсырыс берушілер тарапынан қаржыландыру кешіктіріліп жатса да компаниямыз өз қаржысына ауызсу жүйесін жүргізуді қолға алып жатыр. Компаниямыз мына бетон сақиналарды Тараз қаласында өз цехында дайындайды. Сондықтан уақыт ұттырмай, қаржыға алақан жаймай екі бригада бұл жұмысты қарқынды қолға алып жатыр.
Тапсырыс берушілермен де байланысымыз жақсы. Олардың берген уәдесіне сенсек, қаржы мәселесі екінші тоқсанның ортасына дейін шешіледі деп отыр. Солай болғаны дұрыс болар еді,- дейді учаске бастығы.
Оның айтуынша ертеңгілік материалға жасалынған келісімшарт бағасы, кешке дейін өзгеріп кетіп жатқанын алға тартты.
Ал аудан әкімінің орынбасары Қайрат Рахымбаев:
–Ия, «Астана Энерго Мастер» компаниясы өткен жылы тендерді ұтып алған. Оның бір миллионын 2021 жылы игеріп қойған. Қазір олар өз қаражаттарына құрылысты қарқынды жүргізіп жатыр. Бұл келісім-шартта бар жағдай. Біз облысқа арнайы қатынас хат жолдап қойдық. Жақын уақытта мәселе оңды шешілуі тиіс. Орындалған жұмыс актісіне орай қаражатын төлеп береміз,-дейді.
Біз жұмысқа жұмыла кірісіп жатқан бір бригадамен жете таныстық. Бригада жетекшісі Өмірсерік Әділ, экскаваторшы Ринат Сариев, жұмысшылар Қиялов Садатдин және Медет Бисетаевтар таңның атысы күннің батысына қарамай бел шешіп еңбек етуде екен. Біздің көз алдымызда бетон кольцо қоятын шұңқырды қазып, сақина орналастыруды он-он бес минутта іске асырып, қайтадан топырақпен қымтап жауып қойды.
Қолдарындағы жұмыс картасына сәйкес олар келесі, тиісті орнына жеткізіліп қойған бетон кольцоны орналастыруға жылжыды.
Ия, қарасаң көз тартатындай, көңілге жылылық сыйлайтындай, шағын қаланың кейпін көрсетіп тұрған тұрғын үй алаңқайына сүйсіне қарап, сәнді үйлердің таяуда бой көтеретінін көзге елестетіп, құрылысшыларға шын ниетімізбен рахмет айтып, істеріне сәттілік тіледік.
Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»