Латын әліпбиі – өркениет талабы

0
125

Қазақстаннын Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру керектігіне тоқталып, қазақ әліпбиін 2025 жылға дейін кезең – кезеңімен латын графикасына толық көшіп болу керек деген болатын.

Латын жазуын енгізу – бұл тек әліпби мен жазуды ауыстыру мәселесі ғана емес, бұл үлкен идеологиялық және экономикалық мәселе.
Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөнінде тілдер басқармасы, мекемелер, кітапханалар, жоғары және арнаулы оқу орындары, мектептер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, өңірлерде түсіндірме жұмыстарымен белсенді түрде айналысуда.
Меркі аудандық ОКЖ қарасты ауылдық кітапханалардың қызметкерлері де латын әліпбиіне көшудін маңыздылығы туралы терең мағлұматтар беріп, қоғамдық пікір қалыптастырып, патриот ұрпақ тәрбиелеу мақсатында бірнеше іс-шаралар ұйымдастырып өткізуде.
Соның бірі Тұрар Рысқұлов ауылдық кітапханасында өткізілген «Латын әліпбиі – өркениет талабы» атты семинар.Бұл іс-шараға кітапхана оқырмандары мен ауыл тұрғындары қатысты. Кітапхана меңгерушісі Роза Айтаева латын әліпбиіне көшу мәселесі жөнінде біраз мәлімет беріп өтті.
2017 жылдың 27 қазанында Н.Назарбаев қазақ тілі қаріптерін кириллицадан латынға ауыстыру туралы тарихи жарлыққа қол қойды. Сөйтіп,Қазақстан латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне ресми түрде көшті. Енді 2025 жылға дейін кезең-кезенімен латын графикасына толық көшіп болу керек. 2025 жылға қарай іс-қағаздары, мерзімді басылымдар, оқулықтар – бәріде латын әліпбиімен басылатын болды. Қазақ тіл білімі тарихында 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне көшкен. 1929-1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болған еді.
Ұлтымыздың басына үш алфавит жүйесін өткергендігін білеміз. Олар: бірінші – араб әліпбиі 1929 жылға дейін, екінші – латын әліпбиі (1929-1940жж), үшіншісі – кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі, яғни бүгінгі күнге дейінгі қазіргі әліпбиіміз.
Латынға көшкенімізде ұтарымыз, біріншіден – тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінін таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарады. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінін халықаралық дәрежеге шығуына жол ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі негізінен латын әліпбиін қолданады. Сондықтан, біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты күшейтуіміз керек.
Іс-шара барысында «Латын әліпбиі – өркениет талабы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оған библиографиялық шолу жасалды. Сөз кезегі оқырмандарға беріліп, зейнеткер С.Шарғынов, клуб меңгерушісі Т.Болысбаева, медбике Д.Төлешева, кітапхана оқырмандары Ж.Найманбаева, Б.Балашова белсенділік танытып өз пікірлерін білдірді.
Мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру ұсынысын көпшілікпен бірге Меркі ОКЖ ұжымы да толық қолдайды және осынау игі істің басында жүруге әркез дайын. Мемлекетіміздің болашағы үшін мұның маңызы зор.

Роза Айтаева,
Т.Рысқұлов ауылдық кітапханасының меңгерушісі.

Comments are closed.