МЕРКІДЕ ДАМУДЫҢ БАРЛЫҚ МҮМКІНДІКТЕРІ БАР
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың аудан басшыларына берген тапсырмаларының орындалу барысымен танысу мақсатында Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Расул Махмұдұлы Медетов жұмыс сапарымен Меркі ауданында болды.
Алдымен Ақтоған ауылдық округінде болып, ауыл әкімдігінің жұмыс барысымен танысып, мамандармен тілдесіп, ауылда халықты вакцинациялау бағытындағы ақпараттық жұмыстарға назар аудару қажеттігін ескертті.
Әрмен қарай Меркі аудандық білім бөлімінің жұмысымен Айгерім Алтынбаева таныстырып, білім беру саласындағы негізгі көрсеткіштермен таныстырып, жаңа оқу жылына мұғалімдерді толықтай вакцина алатын болады деп сендірді.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Расул Медетов жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жұмысымен танысып, ардагерлермен және мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс бөлімшесінің және атаулы әлеуметтік көмек беру бөлімшесінің мамандарымен тілдесіп, осы бағытта аудандағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысын сұрады. Мамандар тиісті жауаптар беріп, коронавирусқа қарсы екпені ұжымның 100% қызметкері алғандығын айтты.
Расул Махмұдұлы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ел игілігіне жаңадан ұсынылған Спорт кешенінде болып, қазіргі заман үлгісіне, талапқа сәйкес жасалғанын айтып, алдағы уақытта ауданнан әлем чемпиондары шығуына тілектестік білдірді.
Келесі кезекте, аппарат басшысы аудандағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған Оңалту орталығында болды. Орталықта 8-18 жас аралығындағы ерекше күтімді қажет ететін балалардың жетілуіне барлық жағдай жасалған. Расул Махмұдұлы орталықтағы логопед, психолог, массаж, терапия, ЛФК кабинеттерінің жұмысымен танысты. Орталық басшысы Клара Балтабайқызы Ракаева алдағы уақытта аулада иппотерапия жұмысының жобасымен таныстырды. Сонымен қатар, ғимаратта алдағы уақытта спорт залын жөндеу жұмыстарына қаражат жағынан қолдау қажеттігін атып өтті.
Әрмен қарай Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы №22 балалар жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысымен танысты.
Cпорт мектебінде тоғызқұмалақ, құсбегілік, шахмат, қазақ күресі, еркін күрес, жеңіл атлетика, армрестлинг, таэквондо сияқты бірнеше спорт секциялары жұмыс істеуде. Сондай-ақ, мектептің тазалығы мен абаттандырылуына ерекше таңданыс білдірген Расул Махмұдұлы мектеп басшылығына жұмысты осы бағытта ұстап тұру керектігін айтты.
Жұмыс сапарындағы келесі нысан – аудандық емхана. Мұнда аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Жанар Мықтыбекқызы Оспанова денсаулық сақтау саласындағы «Үздік тәжірибелі мамандар орталығы» жобасы аясында емхананың жаңа жүйедегі жұмысымен таныстырды. Жанар Мықтыбекқызының айтуы бойынша «Дені сау азаматтарға скринингтен өту, кеңес алу, медициналық тексеруден өту бойынша жасыл аймақтағы бөлімдерге баруға жағдай жасалса, науқас немесе денсаулығында кінараты бар азаматтар қызыл аймақтағы бөлімдерге барып, дәрігерлерге көрінуге болады. Бұл ретте сау адам мен ауырып тұрған адамдар бір дәліздің бойында өзара байланыс болмайтындай мүмкіндік жасалған.
Сондай-ақ, тұрғындардың кезекте көп тұрмауы үшін бір мезгілде 15-ке дейін адамнан қан анализін алуға болатындай жабдықталған кабинетті көрсетті.
Расул Махмұдұлы жалпы індетке байланысты аудандағы эпидахуалға, вакцинациялау процесінің қалай жүріп жатқанына және ауруханадағы дәрі-дәрмектің қорына назар аударып, науқастардан бейне үндеу түсіруді тапсырды. Бас дәрігер Жанар Мықтыбекқызы инфекциялық стационардағы жағдайды айтып, екі айлық дәрі қоры барын, алдағы күндері тұрғындар арасында екпе салдыру жөнінен үгіт-насихат жұмыстарын көбірек жүргізетінін айтты.
Келесі кезекте, аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығында (ЦОН) азаматтарды «Ашық» бағдарламасы арқылы кіргізіп жатқандығы байқалды. Расул Махмұдұлы да смартфон арқылы QR кодты сканер жасап, «жасыл» статуспен ғимаратқа кіріп, орталық директоры Абылайхан Қуанышбекұлы талон алу, күту залы, операциялық зал және дайын құжаттарды алу бөлімдерімен таныстырды. Сонымен қатар, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша біліктілікті арттыру залында НR менеджердің кадрлық жұмыстарымен қатар, жаңадан электронды форматқа қосылған мемлекеттік қызметтердің халыққа тиімділігі туралы әңгімелесті.
Сондай-ақ, Сұрат ауылындағы жеке кәсіпкер Қарақат Сатымбаеваның жылыжай шаруашылығының және шырын цехының жұмысын да көрді. Онда «Сұрат шай» шырыны өндіріліп, ішкі нарықта бір бөтелкенің бағасы 190 теңгеден, ал бір банкасы 230 теңгеден саудаға шығуда. Мемлекеттен төмен пайызды несие арқылы кәсібін атқарып жүрген кәсіпкерге Расул Медетов сәттілік тілеп, өзге де өнім түрлерін шығаруға кеңес берді. Келесі кезекте Гранитогорск ауылындағы 120 орындық жаңа мектептің ғимаратымен танысты.
Жұмыс сапары соңында Андас батыр ауылындағы «Сыпатай батыр» шекара бекетінің жұмысымен Шекара басқармасының пост басшысы Әділет Бектенбаев таныстырды. «Мұнда транзиттік автокөліктер арнайы рентген аппараттың тексеруінен өтеді. Ал, азаматтар тек ПТР тест тапсырып қана Қазақстан аумағына өте алады. Сондай-ақ, наркотрафикке тосқауыл қою мақсатында шекара бекетінде арнайы иттер мен кинолог мамандары жұмыс жасайды. Сонымен қатар, шекара бекеті кіші болғандықтан көше бойында жүк көліктерінің көптеп тұруына тұрғындар наразылық танытады. Алдағы уақытта бекеттің аумағын кеңейту, реконструкция жасау қажет» деп, айтып өтті.
Жұмыс сапарының қорытындысында аудандық актив жиналысы өткізіліп, онда аудан әкімі Руслан Маратұлы Нұрсипатов төрағалық етті. Жиналыста аудандағы әлеуметтік саладағы жұмыстар мен коммуналдық қызмет және ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндамалар тыңдалып, облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңестерде берілген тапсырмалардың орындалу мерзімі мен сапасы мәселелері туралы талқыланды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі