Сағынышты КЕЗДЕСУ
ХХІІ партсъезд атындағы колхоз кезінде, атағы дүркіреген мықты колхоз еді. Орталығы -Қостоған ауылы, әртүрлі ұлт өкілдері мекендеген, достығы жарасқан, ынтымақты да, берекелі мекен еді.Осындағы №14 Қостоған орта мектебіне Қызыл Сай, Ворошилов селоларынан оқушылар қатынап оқитын.Мектеп тәрбие жағынан болсын, білім, өнер, спорт, қайсысын алсаң да, алдыңғы қатарда болатын. Сол жылдары Құралбай Атыханов, Рахым Абдықасымов, Әшірғазы Бектенбаев, Сейітбек Билібеков, Асқарбек Өзбеков, Еліқұл Досмайлов, Тұрлыбай Әміралиев, Бейсенбек Шметов, Қошан Намазов, Сатылған Биділдаев, Құрманбай Баттиев сынды ер мұғалімдер сабақ берді. Бір дауыс көтеріп, ұрысқандары есімізде жоқ. Немесе біреудің баласы бірдеңені бүлдіріпті, не ұрлық жасапты, өтірік айтыпты дегенді естімеген, тыныш заман еді. 1981 жылдың мамырында, балалық бал дәуренді бірге өткізген бір топ жас, мектепті аяқтап, қолдарына кәмелеттік аттестаттарын алып, арман қуып, жан — жаққа ұшып шығып еді. Бұл, сонау, қазақтың танымал кинорежиссері Талғат Теменовтың «Махаббат станциясы» кинофильмінің атағы жер жарып, сол кездегі бозбала мен бойжеткендерге ерекше көңіл- күй сыйлап, ауыл-ауылға жаңадан жетіп жатқан кезі….. Тура осы кинодағыдай мектеп бітіру кеші, атар таңның алауын қарсы алу, осы сыныпта да болып еді. Бірі ару Алматыға, енді бірі Қарағанды асып, білім іздеп, болашақта жейтін нандарының қа мымен жан-жаққа тарап кетіп еді. Содан бері міне, биыл 40 жыл өтіп кетіпті. Мектеп бітірген түлектердің араға жылдар салып кездесуі-талайдан бар үрдіс. Кешегі балдәурен балалық шақты еске алып, бірге оқыған құрбы- құрдастармен әңгімелесіп, «өмірде қандай шаруа тындырдық», «қандай асуларды бағындырдық?» деген сауалдарға жауап іздеп, өзара басқосудың берері аз емес-ау?! Бұл- өте қуанышты жөн жосық. Бір жылғы түлектердің өзара сыйластығының, тату-тәттілігінің, ықыластылығының дәлелі. Бұл — олардың бір-бірін ұмытпағандығының, жоғалтпағандығының белгісі. Бір-бірінің амандығын тілеп жүргендігінің белгісі. 40 жылдық кездесу-кісіліктің, кішіліктің ғажап көрінісі. Бұл ұшқан ұяны, ұстаздарды, туған ауылды, өскен ортаны сыйлау, әрі басқа жылдардағы түлектерді ойландыратын, олардың да бір-бірін іздеуге, хабар біліп, қарым-қатынас жасауға, кісі болып, адам болып қалыптасуға түрткі болатын үлгі — өнеге дер едім. 40 жыл ішінде, өз ошақтарында ұрпақ өсіріп, саялы терек болып, диплом алып, қоғамда өз орнын тауып, ел-жұрт, өмір тіршілікке, халыққа керек болыпты. Бұл-көптен көрмеген бауырды көргендей, ыстық, әрі қымбат кездесу болғаны анық. Осы түлектердің ішінен, алты айшылық жолды алты — ақ аттап, тұлпар болған, биікке самғаған, сұңқар болған, тек Қазақстанға ғана емес, шет елге танылған, зергер, ҚР Ұлттық Мұражайының негізін қалаушы, алтын, күміс қола бұйымдарын жасаумен ерекшеленген, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «ҮРКЕР» шығармашылық байқауының лауреаты, Халықаралық Карл Фаберже орденінің иегері, ҚР Еңбегі сіңген қайраткер атағының иегері, «Мұсылман әлемінің ең үздік зергері, «Құрмет» орденінің иегері, Берік Әлібаев осы сыныпты бітіргенінің өзі үлкен мақтаныш. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы кездесуге қарапайым Берік Әлібаев келді! Меркі ауданында талай қызметтерді, аудан әкімінің орынбасары, аудандық мәслихаттың хатшысы, Нұр Отан партиясы аудандық филиалының төрағасы, Көкірекбаев Мұрат Болысбекұлы, Заң, құқық қорғау саласында оқыған мамандығы бойынша ұзақ жылдар еңбек еткен, Жамбыл облыстық УВД бастығы Қырғызбаев Марат Өменұлы, ішкі істер бөлімдерінде ұзақ жыл абыройлы еңбек еткен Темірбек Бақтияр Сүйінбекұлы, мұғалім кәсіпкер, дәрігер, мұнайшы, бағбан тігінші, есепші, қойшы, әйтеуір, өмір-көш керуенде қажет мамандықтарды игеріп, сол керуенде өз нәсіптерін теріп жеп жүргендерін естіп білді, көрді, әңгімелесті, жөн білісті. Бір-бірінің ұл өсіріп, ұяға қондырып, қыз өсіріп, қияға ұшырып, құда-құдағимен сыйласып, үлкен кісі болғандарын естіп, білді.
Басқосуға ардагер ұстаздар Ғания Чуканова мен Қайнаш Тәттіқұлова арнайы шақырылып, сый-сияпат көрсетілді. Естелікке суретке түсті, жайылған дастархан басында жақсы тілектер ағылды, екінші күні мерейлі Меркінің тау беткейінде, киіз үйде, Алатаудың етегінде, өзен жағасында жалғасын тауып, қимастық сезіммен тарасты.Барған жерде бағы ашылған қыздар да баршылық, сыныптың күйеу балаларының ішіндегі төресі, кәсіпкер, аудандық мәслихаттың депутаты, Ахан Алтынбаев та, салт — дәстүрден аттап кетпей, жеңгелеріне «төс тарту» жоралғысын жасап, жомарт, мәрттігін танытты.
Сынып келіндерінің ішінде аудандық Оқушылар «Үміт» сарайының, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ниязбекова Гулчира Әріпбайқызын да ерекше атап кеткенді жөн көрдік. Себебі, Гулчира Әріпбайқызының кісі күтуі, адамды сыйлауы, жолдасы Бақтияр Сүйінбекұлының сыныптас достарын құрметтеуі ерекше екені анық. Сыныптың қыздарының ішінде, кешегі Желтоқсан оқиғасына қатысушы, Алматы шет тілдері институтында оқыған, Айтбаева Гүлсім, 40 жылдық кездесуі туралы, қуана айтқаны, тауыса алар емес әңгімесі, жас баладай алып-ұшқан қуанышы қолыма қалам алғызып, осы мақаланы жазуыма түрткі болды. Түлектер кездесулері жалғаса берсін!
Ә. Боранқұлова,
Оқушылар » Үміт» сарайы