Балалар ойын алаңы – бүлдіршіндердің көңілді ордасы
Жаз төрт мезгілдің ішіндегі ең ыстық әрі ең көңілді мезгілі. Өйткені оқушылардың барлығы жазғы демалысқа шығып, күніге серуен кешіп, ойын ойнайды. Жаз айларында, әсіресе шілде айында шомылуға немесе табиғатқа шығу өте керемет. Ал кейбіреулері болса ұзақ уақытқа апа-аталарына немесе жақын туыстарына қонаққа келеді. Жаз айларындағы тағы бір ерекшелік, кешкілік кезең. Өйткені кешкі масатыдай салқын жел керемет күйге бөлеп, уақыттың қалай зымырап өтіп жатқанын байқамай да жүре бересіз. Көрші балалармен аулаға ойынға шығып, футбол, волейбол ойындары қызық үстіне қызық бола береді. ал саябақта әткеншек теуіп, аттракциондарды тербелу қызықтың қызығы.
Осындай тамаша мезгілде балалардың демалысын қызықты да пайдалы өтуі үшін аудандық орталық саябақта ашылған балалар ойын алаңының алатын орны ерекше. Бұрындары пайдаланусыз, қараусыз болып кеткен саябақ соңғы жылдары ерекше кейіпке еніп келеді. Бұл бұрынғы аудан әкімі болған Мейірхан Өмірбековтың еңбегінің жемісі деп білеміз.
Орталық саябақ абаттандырылып, жарықтандырылып, тура ортасында «Анаға тағзым» стелла –монументі бой көтерді. Тал дарақтар отырғызылып, жалға жер беріліп, кәсіпкерлерге өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік жасалды.
Ия, осындай мүмкіндікті жіберіп алмаған аудан тұрғыны Руслан Қасымов. Ол Алматы қаласынан өзінің туған жеріне көшіп келіп, игі істі қолға алған. Жұбайы Айнұр екеуі ауданда балалардың қызықты демалысына еш жағдай жоқ екенін байқап, ойын алаңшасының құрылысын бастаған. Қазіргі кезде бұл орын көптеген меркіліктердің отбасылық демалыс орнына айналды. Жарықтандырылған, ерекше көңіл күй сыйлайтын демалыс орнында батут, түрлі әткеншектер, құмда ойнау алаңы, биік төбеден сырғанақ, жаздық кафетерий, түрлі сусын, балмұздақ сататын сауда орындары дүниеге келген. Заманауи талапқа сай безендірілген демалыс аумағында естелік фотоға түсіп, керемет демалуға мүмкіндік жасалған. Бір жастан бастап жасөспірім балалар ойнайтын алаңшаларда бүгінде кешке адам легі тыйылмайды.
Бұған дейін кәсіпкерлер отбасы «Дахаб сити» сауда орталығынан шағын ойын алаңша ашып, оны табысты іске асырыпты. Алдағы уақытқа да жоспарлары көп екен. Балалар күлкісі мен қуанышына толған балалар алаңшасы тек демалыс сыйлап қана қоймай, олардың физикалық дамуына да үлес қосары даусыз.
Биыл жаздың ыстық болуына байланысты кәсіпкерлік нысан кешкі алтыдан он екіден он бірге дейін жұмыс жасауда. Ыстық қайтқан соң күндізгі он бірден бастап жұмыстарын жандандырмақ.
«Меркі Ақиқат»