Жақсының жақсылығын айт

0
73

Меркі – тарихы терең, табиғаты таңғажайып өлке. Оңтүстігінде асқақтап Алатау тұрса, одан бастау алатын Мыңбұлақ тау етегін гүл-бәйшешекке көмкеріп, сылдырай төмен ағып жатыр. Меркі ең көне, байырғы елді мекендердің бірі, Жібек жолы бойында жатқан тамаша жер болғандықтан, ел-жұрт ерте қалыптасып, осы өңірдің өсуіне, қалыптасуына негіз қалады. Талай-талай аумалы-төкпелі, аласапыран кезеңді шапқыншылық, жойқын шабуылдарды бастан өткізген бұл құнарлы мекен өзінің тарихи мәні мен маңызын ешуақытта жойған емес. Бүгінде еліміздің айтулы аудандарының бірі, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Меркінің дидары да заман талабына сай әрлене түсті. Көптеген игілікті істер жүзеге асып, ел жемісін көріп отырған мерейлі мекен. Өз өлкеміздің тарихын кейінгі ұрпаққа паш етіп, артынан өлмес, өшпес із қалдырып, кітап жазып жүрген Б.Жамбабаев ағамыздың орны бөлек. Ол 2013 жылы «Меркі- тарих төрінде», 2018 жылы «Меркінің тарихи тұлғалары мен жайсаңдары», 2020 жылы «Еңбегімен ардақты Меркінің мал дәрігерлері» атты кітаптары Алматы қаласының баспасында жарық көрді. Орталық кітапхана қызметкерлерінің басты мақсаты жерлес, журналист публицист, тарихшы Бектұрған Шәйдуұлының туындыларын таныстыру. «Жақсының – аты өшпейді» деген қазақтың аталы сөзі бар. Бектұрған Шәйдуұлы осы дәстүрді жалғастырып, жастарға үлгі көрсетіп, еліміздің, ауданымыздың дамуына үлес қосуда. Қарымды журналист «Жамбыл облысының топономикалық атауларының анықтамалығы» атты үлкен жинақтың ішінде Меркі ауданының тарихы, бұл өңірден шыққан ел бастаған батыр бабалар мен қоғам қайраткерлері туралы топтамалары жарық көрді.
Қасиетті Меркі жері кешегі қиын заманда ел бірлігі мен ұлт тұтастығын ойлап атқа қонған, аттары аңызға айналған даңқты Жауғаш, Сыпатай, Тілеміс, Ақкөз батырлардың киелі мекені, туған топырағы. Меркі жерінде дәріс алып, тәрбиеленіп өскен Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев, Мақсұт Жылысбаев секілді революционерлер жаңа заманның орнауына белсене араласты. Үшеуі мемлекет және қоғам қайраткерлеріне дейін көтеріліп, мемлекетіміздің түрлі саласында басшылық қызмет атқарды.
Темірбек Қожакеев, Төленді Мұстафин, Намазалы Омашев, Мұрат Әуезов, Тұран Бегалиев, Сабыркүл Асанова, Төлеген Егембердиев,Сәбит Баубеков, Нұхтар Үмбеталиев, Ергеш Дәркенбаев, Бағдат Телтаев секілді атақты ғалымдарымыздың өз саласы бойынша сіңірген еңбектері де кейінгі ұрпақтарға үлгі-өнеге.
Осының бәрін елеп, екшей келе Меркі аудандық орталық кітапханасында «Туған жер-алтын бесік» атты Меркі тарихы кітабының авторы Бектұрған Жамбабаевпен библиофейс өтті. Оған Меркі ауданының «Құрметті азаматы», Меркі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің шығармашылық кеңесінің мүшесі ақын Шырын Мамасерікова, Меркі ауданы әкімінің орынбасары Бегалиев Берік Дүйсебайұлы, «Меркі тынысы» газетінің бас редакторы Исаева Әтіркүл Тәжібекқызы, «Балауса» бөбекжай балабақшасының бүлдіршіндері, кітапхана қызметкерлері мен кітапхананың оқырмандары қатысты.
Кеш барысында ел ағасы Бектұрған Жамбабаевтың өмір жолына шолу жасалып, келген қонақтар ізгі тілектерін білдірді.
Бектұрған Шәйдуұлы еңбек жолын 1965 жылы Меркі аудандық «Коммунизм туы» (қазіргі «Меркі тынысы») газетінде корректорлық жұмыстан бастады.
1967 жылы Казақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, 1972 жылы дипломын алған соң, 1972-1982 жылдар аралығында корректорлық жұмыстан, барлық сатылардан өтіп, корректор, бөлім бастығы, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактор қызметтерін атқарды.
Журналист болып туған жанның топтамасымен Жеміс-жидек ауылдық кітапханасының кітапханашысы Шерметова Асель таныстырды. Кейіннен «Балауса» балабақшасының бүлдіршіндері «Астана» флешмобын орындап берді. Келелі кездесуді аудан әкімінің орынбасары Берік Дүйсебайұлы мен аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Жанат Батырбекқызы қорытындылап, тілек, ниеттерін білдірді.

«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.