Сақтансаң сау боласың
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Абжапаровтың төрағалығымен Жамбыл облысы аумағында карантиндік шектеу шараларын қатаңдату туралы Жамбыл облыстық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Б.Шиналиевтің №7 қаулысын түсіндіру, оның орындалуы бойынша алқалы жиналыс өтті.
Бас қосуға аудан имамдары, кәсіпкерлер, сауда орындарының басшылары, ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында аудан әкімінің орынбасары Б.Абжапаров қаулыда көрсетілген талаптарды орындау – баршамыздың міндетіміз екенідігін түсіндіріп өтті. Бұдан соң аудандық санитарлық-эпидемиологиялық басқарманың бас маманы Қарақат Сарбасова баяндама жасап, қаулы талаптарына егжей-тегжейлі тоқталды.
Бұл қаулыда ойын-сауық, спорттық іс-шаралар, көрмелер, форумдар мен конференциялар, сондай-ақ отбасылық, салтанатты естелік іс-шараларды өткізуге тиым салынатындығы көрсетілген. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда бетперде киіп жүрудің қажеттілігі, кәсіпкерлік нысандарда «Ashyq» мобильдік қосымшасын енгізіп, келушілерді тексеріп кіргізу керектігі, кәсіпкерлік нысандар мен медициналық қызмет көрсету орталықтарында санитайзерлер орнатып, дезинфекциялық жұмыстар жүргізу, вакцина егу талаптарын сақтап, онда әлеуметтік қашықтықтың сақталуы қамтамасыз етіліп, санитарлық-профилактикалық, санитариялық–эпидемияға қарсы шаралардың қатаң бақылауға алынуы туралы жан жақты айтылған.
Баяндамада Қарақат Сарбасова сән салондары алдын ала жазылу бойынша қызмет көрсету, тамақтану орындары санитарлық талаптарды сақтай отырып, толтырылуы 50 пайызға дейін, бірақ 30 орыннан аспайтын, 09-20.00-ге дейін әлеуметтік қашықтықты сақтап, қызмет көрсетуге болатынын айтты.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелер кезекті топтарда 15 адамнан аспайтын топқа қызмет көрсетуге, жазғы алаңдар 20.00-ге дейін, асханалық типтік қоғамдық тамақтандыру объектілері 24.00-ге дейін, сауналар мен СПА орталықтары, бассейндер сенбі, жексенбі күндерінен басқа уақытта қызмет көрсетуге болатыны туралы көрсетілген.
«Ashyq» мобильдік қосымшасы арқылы қызмет көрсететін әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысы келесідей жүргізілетін болады:
– Қоғамдық тамақтану объектілері 50% -ға дейін толтырылған кезде 07.00-02.00 дейін 50 адамнан аспайтын;
– Жазғы алаңдар 50% -ға дейін толтырылған кезде 07.00-02.00 дейін 50 адамнан аспайтын;
– Фуд-корттар 30 орыннан аспайтын, 10.00-22.00 дейін жұмыс істеуге;
– Банкет залдары толтырылуы 30-дан аспайтын 07.-02.00 дейін;
– Мейрамханалар мен дәмханаларда 50% -ға дейін толтырылған кезде 07.00-02.00 дейін 50 адамнан аспайтын;
– Театрлар мен кинотеатрлар, концерт залдары толымдылығы 30% -дан аспайтын;
– Бильярд клубтары 12.00-ден 02.00-гей дейін толымдылығы 30% аспайтын;
– Караоке залдары толтырылуы 50%-дан аспайтын, бірақ 30 адамнан аспайтын 07.00-02.00-ге дейін;
– Балалар ойын-сауық орталықтар (жабық типтегі) бір адамға кемінде 10 ш.м., бірақ 30 адамнан аспайтын алаңмен қамтамасыз ету кезінде жұмыс жасауға рұқсат етілген.
Егер «Ashyq» мобильдік жобасына енбеген болса, жоғарыда көрсетілген бірқатар кәсіпкерлік нысандардың жұмысына тиым салынғаны көрсетілген.
Сонымен қатар, ұйым, мекеме, кеңселер қызметкерлері 80 пайыз қашықтықтан, 20 пайыз күндізгі режимде, яғни Ковидке қарсы вакцинаның екі компонентін алған, соңғы алты айда ауырып жазылған қызметкерлер күндізгі режимде жұмыс істеуіне жол берілетіндігі баяндалды.
Жиын барысында кәсіпкерлер өздерінің карантин кезінде көптеген шығындарға ұшырап жатқанын айтып, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауды қарастыруды сұранды. Бұдан соң аудандық мобильдік топ жетекшісі, Меркі «Адалдық алаңы» фронт офисінің басшысы Шерхан Баубеков сөз сөйлеп, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Аудан аумағында жұмыс жасап жатқан объектілерде карантиндік шаралардың қатаң сақталуы бойынша мониторинг тобымен күндізгі және кешкі рейдтік тексерулер жүргізілуде. Рейд барысында карантин талаптарын бұзған екі нысанға, атап айтқанда «Унипаб» тамақтандыру орталығына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 425 бабының 1 бөлімі бойынша 335 455 теңге және көкпар ойындарын ұйымдастырғаны үшін И.Еркебаевқа 43 755 тг. айыппұл салынды. Үйлестіру орталығынан 43 шұғыл хабарлама түсіп, жеке тұлғаларға 41 хаттама толтырылып, 2 млн.511 мың 573 тг. айыппұл салынды. Мониторинг тобы күндіз-түні рейдке шығып, ескертулер, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімен, аудан аумағында кәсіпкерлік нысандар талаптарды бұзуда. Егер Сіздер той, жиын өткізілетіндігі туралы ақпарат білсеңіздер, бізге хабар беріңіздер. Барлық хабарлама назардан тыс қалмай, зерделенетін болады,-деді Шерхан Қамбарұлы.
Баяндамашының хабарламасынан соң кәсіпкерлер сұрақтарын жаудыра түсті. Мәселен, жеке кәсіпкер Райкүл Сапарғалиева аудан ішін ғана тексермей, алыс аймақтағы демалыс орындарын да назардан тысқары қалдырмауды сұранды. Ол онда ине шаншырлық жер жоқ екенін айтып, Заң бәріне ортақ екенін алға тартты.
Бұл ұсынысты құптаған аудан әкімінің орынбасары Б.Абжапаров мониторингтік топ мүшелеріне тауда тұрақты тексеру жүргізуді тапсырды. Бұдан соң жарыссөзге шыққан Ақермен ауылының ақсақалы Серікбай Жетпісбаев:
– Қызыл аймаққа ендік. Тойлар әлі де тоқтам табар емес. Мониторингтік топ мүшелері «алатынын алып кетеді», деген қауесет сөздер де бар. Біздер, ауыл ақсақалдары ауылымызда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүрміз. Тоқтату керек бәрін. Адамның өмірін қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты мақсат боп тұр. Конституцияда жазылған: «Біздің құндылығымыз- адам өмірі» деп. Тоқтамға келейік ағайын, — деп сөзін аяқтады.
Сонымен қатар, жиынға қатысушылар есік-терезелерін қараңғылап алып, той-томалақ өткізіп жатқандарды жауапкершілкке тартуды ұсынды.
Бұл сауалға мониторинг тобының жетекшісі Шерхан Баубеков аудандық полиция бөлімімен бірге той өткізіп жатқандығы туралы ақпарат түскен кезде, Төтенше жағдайлар бөлімінен қызметкерлер шақыртылып, есікті бұзып кіруге рұқсат бар екендігін айтып өтті.
Алқалы жиында карантин талаптарына бағынбайтын, мысалы өлім-жітім болғанда жаназа, қонақасы берілетіні де айтылды.
– Басқа салмасын, бірақ бұл ақиқат қой. Адам қайтыс болса, жаназасын шығарады. Мына жиынға келген имамдар сөйлемей отыр. Рас қой. Бұған түсіністікпен қарау керек. Талап бәрімізге ортақ. Дегенмен әрбіріміздің басымызға түсетін жағдай,- десті жиынға қатысушылар.
Жиында бұл ұсынысты қолдағандар қатары көрініп-ақ тұрды. Бұл сауалға жаназа, қонақасы туралы нақты шара көрсетілмеген. Дегенмен сақтық шараларын ұстана отырып, көп адам жинамай өткізуге болатыны айтылды.
Қорытынды сөз сөйлеген аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиев:
– Бүгінгі жиналысқа арнайы шақырдық. Қаулының жаңа талаптарын халыққа түсіндіруіміз керек. Әлемді жайлаған індет ешбірімізді айналып өтер емес. Тек сақтану арқылы ғана өміріміздің қауіптен аулақ ете аламыз.
Біз бір елміз, бір ауданбыз. Қызыл аймаққа ендік. Бұл дегеніміз індет бүкіл Қазақтанды жайлады деген сөз. Халық болып күресуге нұсқау келді. Заң аясында жұмыс істеп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ауданда екі газет бар, осы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа түсіндіруіміз қажет. Бауыржан Момышұлы айтқандай «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген. Осы орайда тәртіпке бағынып, Заң аясында жұмыс істеуге шақырамын. Індет арамыздан кеткенше талаптарды сақтап, қауіпсіздікті ұстайық, сақтансақ сау болатынымыз естен шықпасын.
Л.Серікбай, «Меркі Ақиқат»