Ел тарихын білу – жастардың парызы

Аудандық орталық кітапхананың «Білім орталығында» Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына және «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, қадірлі қонақ Өмірзақ Озғанбаевтың 80 жасқа толуына байланысты «Ел тарихын білу – жастардың парызы» тақырыбында ашық дискуссия алаңы өтті.
Сексен жас мерейлі мерекесіне арналған іс шараны ақпараттық библиография бөлімінің меңгерушісі Ғалия Оразбаева ұйымдастырып, айтулы тұлғаның өмірі, атқарған қызметтеріне тоқталып өтті. Бұдан соң сөз аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиевке берілді. Ол жастарға кеш иесі Өмірзақ Озғанбаевпен таныстығы, оны толғандырған басты мәселе ата-бабамыздың салт-дәстүрі мен тарихы, мәдениеті екендігі, сол салт-дәстүрімізді жалғастыратын, тарихи жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтау, игі істерге үлес қосу – жас ұрпақтың еншісінде екенін айтып өтті.
Өмірзақ Озғанбаевтың бір берген сұхбатында: «Кезінде жастар ақпараттардың көбісін аузы дуалы ақсақалдардан алатын. Ал бүгінгі қоғам – технология дамыған, ақпаратқа бай қоғам. Бұрын жастар күн-түн демей қарттардың өнегелі әңгімесін тыңдайтын. Алайда заманның ерекшелігін де ескеру керек. Ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ халқы жоқ іздеген халық» деген екен, Ұлы ұстазымыз айтқандай қазақтың іздейтін жоғы өте көп. Ол жоқтардың бірі – жастарға жақсы білім алу, дүниедегі ең озық техниканы меңгеру болып тұр»- дейді.
Дискуссия алаңы болғандықтан іс-шараға қатысушылар өз ойларын ашық, еркін жеткізіп, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Әметқұлов Амангелді Сәдібекұлы жастарға деген игі тілектерін білдірсе, Сұрат ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы қазіргі кезде жастардың атқарып жатқан қызметтерін, жастардың заман ағымына қарай өркениетке үлес қосқан ұлы халықтың ұрпағы екендігін жеткізді.
Сарымолдаев ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Үсербаева Жансая «Тәуелсіздік теңдесі жоқ тұғырым» тақырыбында шығарған өлеңін нақышына келтіре оқыды.
Кешке арнайы жасалған «Қарттарым асыл қазынам» тақырыбында кітаптар көрмесі және Ардагерлерге жасалған суреттер галереясына шолу жасалды. Іс-шара соңында Қ.Иманалиев жастарға деген ақ батасын беріп, ақ тілегін айтты.
Аудандық кітапхана директорының орынбасары Айман Бүркітбаева қорытынды сөз сөйлеп, келгендерге алғысын білдірді.
«Меркі Ақиқат»