Екі жұлдыз
Меркі ауданы «Таңшолпан» бөбекжай бала-бақшасында «Мың бала» республикалық мәдени ағартушылық жобасын іске асыру аясында «Екі жұлдыз» ән-байқауы, тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің жұптасып өнер көрсетуі болып өтті.
Өнер бәйгесінің әр алуан іс-шаралары өткізілетін акт залы, бүгін де тақырыпқа сай безендірілген. Екіден жұптасқан жұлдыздардың түр-түрі ілініп, ортаға үлкен екі жұлдыз макеті жасалыпты. Фанфар ойналып, ортаға жүргізуші шығып, бүгінгі байқаудың мақсатын түсіндірді. Қырандай қалықтап, әсем әнмен шарықтап, өлкемізді аралап, өнерліні жағалап, алыстан ат арылтқан «Екі жұлдыз» микрофоны бізге де келіп жетті дей келіп, бүгінгі байқаудың қазылар алқасымен таныстырып өтті. Ән әлеміндегі жұлдыздардың орны ерекше бөлек. Олардың да көбі, өз бақтарын балабақша сахнасынан бастап, сынап көргендері анық. Аспан әлемінде өнерлі жұлдыздардың жарқырай көрінуі — бағының жанып, бабының келіскені деп ұғамыз. «Жұлдызың жансын!» деген тілек те бекер емес. «Екі жұлдыз, екі бақыт көктегі» деп айтылған әуезді әнмен ортаға бүгінгі байқауға қатысушы өнерлі тәрбиешілер мен әр топтан тәрбиенушілер шақырылды. Олар, ортадағы үлкен жұлдыз макетінің ішінен шығып жатты. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын, өнерпаз жұптарды, көрермендер қол соға қарсы алып отырды. Тәрбиеші Төреханова Табиғат пен Манат Бағалым бірдей шығыс костюмін киіп, мың бұрала шығыс биін билеп берді. Келесі кезекте, жұптасқан аққудай Мыңжасар Сандуғаш пен Дарханқызы Кәусар «Ана мен бала» әнін орындаса, осындай байқауларда алдына жан салмай жүрген Баймырзаева Разиля мен Бүркітбай Малика жаңа идея, жаңа фантазияларын көрсетіп, бұл жолы екеуі бірдей клоунша киініп, «Сайқымазақтар биін» билеп берді. Өнерпаз боп ән айтқан, ән айтқанда, таңға айтқан да, жанды айтқан, — дегендей тәрбиеші Исраилова Гүлжамал және тәрбиеленуші Серік Адия «Ұстазым менің ұстазым» әнін әдемі орындай білді. Келесі жұп, арманның ақ құсына мінген, Гүлстандағы раушан гүлдей Тыныштықбаева Қарлығаш пен Көбейсін Ақжібек бірдей өзбекше киініп, «Өзбек биін» қимылдарын келістіре отырып, қызықты билеп берді. Әннен маржан өретін, өнерін халық көретін, жұптасып ән айтып беретін, дарынды жұп — Нұрсейітова Айзада мен Сержан Рамазан «Бір ел болса» патриоттық әнін, кішкентай көк жалаушалармен шығып, әсерлі орындай білді. Жалмуратова Жазира мен Нұрымова Жания бірдей украин ұлттық киімінде украин биін билесе, Қалықова Оразгүл мен Дарханқызы Дария «Отан» әнін жақсы орындай білді. «Таңшолпан» бөбекжай-бақшасының меңгерушісінің міндетін атқарушы Раймкулова Жазира Шапеновна байқауды қорытындылай келе, «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасын іске асыру мақсатында «Таңшолпан» бөбекжай педагогтары мен тәрбиеленушілері арасында «Екі жұлдыз» ән байқауын өткізудегі мақсатқа тоқталып өтті.
Қатысушыларды бірін өрден, бірін төрден көрсету емес, өнерпаздардың өнерлерін шыңдай түсу, — деді. Сонымен, жарыстың аты жарыс, байқаудың аты байқау, 1 орынды Нұрсейітова Айзада өз жұбымен, 2 орынды Баймырзаева Разиля өз шәкіртімен, 3 орынды Тыныштықбаева Қарлығаш өз тәрбиеленушісімен иеленді. Қалған қатысушылар әртүрлі номинацияларға ие болып, арнайы дипломдармен марапатталды.
Ә.Боранқұлова,
«Таңшолпан» бөбекжай бақшасы