Аудан әкімі есеп берді
Шілде айының жиырма тоғызында жетінші шақырылған аудандық мәслихаттың он бірінші сессиясы, аудандық мәслихат хатшысы Мұратбек Көкрекбаевтың төрағалығымен болып өтті.
Онда «Меркі ауданының әкімі Руслан Нұрсипатовтың өзіне жүктелген функциясы мен міндеттерін орындауы жөнінде аудандық мәслихат депутаттарының алдындағы есебі» туралы мәселе қаралды.
Сессияда күн тәртібі, редакциялық комиссия, сессия регламенті он төрт депутаттың дауыс беруімен бекітілді, сессияға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, округ әкімдері, бірқатар аудандық мекеме жетекшілері және жергілікті бұхаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімі Руслан Маратұлы өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерінің орындалуы және алдағы жоспарлары туралы сындарлы баяндама жасады.
Жарысөзде депутаттар Болатбек Қыстауов, Азиз Хейроев және Гүлжамал Мұратовалар сөйлеп, ауданда кезек күтіп тұрған көптеген мәселелерді қозғап, аудан әкімінің есебіне «қанағатанарлық» деген баға берді.
Депутат Б.Қыстауов Тескентоған ауылындағы ескі мектеп ғимаратын үйі жоқ, кезекте тұрған азаматтарға үлестіру немесе балабақша ашу жөнінде ауыл тұрғындары ұсыныс білдіргенін, сол сияқты Сұрат ауылдық округіндегі С.Қоржынбай көшесінде орналасқан ауыз су құбырын іске қосу, Аққайнар ауылының тұрғындары ауыз су құбырына орнатылған 12 сақинаның беті ашық тұрғанын, қауіпсіздік шарасы жағынан балалардың өміріне қауіп тудырып отырғанын, осы мәселені талай әкімдердің есептері мен жиналыстарында көтеріліп жүргенін, алайда ешқандай шара бүгінгі күнге дейін қолданылмағандығын жеткізіп, осы мәселелерді назарға алуды ұсынды.
Ал А.Хейроев Ойтал ауылдық округінің 1431 ауласында 6723 тұрғын тұратын үлкен округ екенін, алайда осы күнге дейін бұл округте ауыз су мәселесі толық шешілмей тұрғанын, сол сияқты округте 29 көше барын, оның бар-жоғы тоғызы ғана асфальталғанын, Алатау көшесі бойында бала бақшасы, №20 Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп барын, осы көшені жарықтандыру мәселесі туындап тұрғанын, жүргіншілер көп жүретін Темірбек Қожакеев атындағы көшеге жаяу жүргіншілер жолы қажеттігін, Меркі станциясында темір жолдан өту үшін аспалы көпір керектігін, бұл аймақта интернет те жөнді істемейтінін сөз етті.
Сол сияқты Г.Мұратова Сыпатай Батыр ата бөлімшесінде тура күре жолдың бойында ескі дүкен ауылдың кейпін бұзып тұрғанын, ауылға шағын болса да клуб керектігін, балалар ойын алаңы да жоқ екенін айтып, келешекте ескеруді ұсынды.
Аталған мәселер бойынша аудан әкімі, әр сұраққа нақты-нақты қысқа-нұсқа саралай жауап беріп, бұл мәселелерден толық қабардар екенін, қажеттілерінің
назарға алынатынын жеткізді.
Сол сияқты Руслан Маратұлы залдан қойылған сұрақтарғада жауап беріп, аудан тұрғындарын «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара», бірлесе еңбек етуге шақырды. Алда міндет те, жоспар да ауқымды екенін нақты дәлел, жоспарларымен таныстыра баян етті.
Сессия бір ауыздан аудан әкімінің бірінші жарты жылдықта атқарған жұмыстарына «қанағаттанарлық» деген баға беріп, тиісті шешім қабылдады.
«Меркі Ақиқат»