Туған жерге туын тіккен Бауыржан

0
121

Жалпы дана халқымызда «Қара құс тапқанын астына басып жейді, Сұңқар шашып жейді» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі өлшеммен өлшесек бұл даналық сөзде көп мән бар екеніне көз жеткізе аласыз.

Олай дейтініміз шыр бітіп, мал бітіп, кейбір байыған жандар, «байыған үстіне байып түссем» деп дүниеқоңыздыққа салынады, ал кейбір бақуатты жандар айналасындағыларға шуағын шашып, қайырымдылық жасап, аз қамтылған жандарға, мүмкіндігі шектеулілерге қол ұшын созып, туған жерін де, өзгелерді де ұмытпай Атымбай Жомарт атанып жүргендер де аз емес. Солардың бірі Ақарал аулының тумасы, кәсіпкер Бауыржан Әділұлы.
Айт айында құран оқытып, дастархан жайған, Ақаралдағы мектепті бітірген соң, кәсіп қуып, білім қуып, кейінгі тұрағын Қарағанды қаласынан тапқан Бауыржан атты ініміз «Туған жеріме қол ұшын созсам деймін. Батыр бабамыз Сыпатай атамыздың атындағы, кезінде тұрғызылған мешіті тозып кетіпті. Шатырын, куполын ауыстырып, жанынан 150 орындық асхана соғып беруді қолға алып жатырмын» деген орнықты сөзін
естіп, «жақсыны көрмекке» деген қызығушылығымыз бізді Ақарал ауылына жетеледі.
Айтса айтқандай ұзындығы 15 метр, ені он бір метр болатын асхананың іргетасы бой көтеріп, іші тас пен құмға толтырылып, құрылыс жеделдете жүріп жатыр екен. Жеті, сегіз жігіт құлашты кере тартып іспен айналысып жатыр. Құрылыс прорабы Ербол Өмірәлиев:
— Бауыржан бауырымыз игілікті іс бастап, ауылға керекті құрылысты жүргізіп жатырмыз. Ауыл қариялары, тұрғындары қолдау көрсетіп «асар саламыз, сенбіліктер ұйымдастырамыз, қолдан келген жәрдемді береміз» деп, қолдау көрсетуде. Құдай қаласа көптін көмегімен күз айында бұл асхананың қызығын көріп қалармыз,- дейді.
Осында құрылыс басында бас-көз болып тұрған Сыпатай Ата мешітінің имамы Бақтыбек Құрамаев та бұл бастамаға жүрегі жарыла қуанып:
— Бұл бір сауапты іс болды. Көпшіліктің ас-су беретін орны шынымен қажет еді,- деп ризалығын білдіріп Би, кемеңгер Сыпатай атамыздың мешітін аралатып көрсетті. 150-200 адам сиятындай мешіт «қыздың жиған жүгіндей» көз тартып тұр. Жып-жинақы, тап-таза, барлық нәрсе өз орнында. Риза болып қалдық.
— Мына алдындағы дәрет алатын, газбен жылытатын пеші бар, киініп-шешінетін жері бар үш бөлмені, ауылдың 1992 жылғы түлектері, еденнен жылытылатын етіп, еуро жөндеуін өткізіп көз жауын алатындай етіп жасап берді, — дейді Бақытбек имам шынайы риза көңілмен.
Ия, «көп қорқытады, терең батырады» деген сияқты, көптің қолынан келмейтін нәрсе жоқ.«Көп түкірсе көл» екені бесенеден белгілі. Ал ауылына ат басын бұрып, перзенттік парызын өтеуді қолға алған Бауыржандай атпал азаматқа алланың нұры жауып, ісі алға бассын деп тілейміз.

Серік Нұрманұлы,
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.