Өренге Жеті өнер де аз

0
1030

Меркі ауданы білім бөлімінің Оқушылар «Үміт» сарайында 2020-2021 оқу жылында 24 үйірме жұмыс жасауда сол үйірмелерде 1174 оқушы оқыту-дамыту, спорттық сауықтыру, өлкетану, техникалық, кәсіптік, көркемдік-шығармашылық бағытта білімдерін жетілдіріп, түрлі өнерді үйреніп кәсіптік бағдар алуда. Осы оқу жылында үйірме оқушылары 93 халықаралық, 27 республикалық, 17 облыстық байқауларға қатысып, 31 — бас жүлде, 34 — бірінші орынды және басқа да жүлделі орындарды иеленді.

Сол жиырма төрт үйірменің біреуі, бірегейі десек те болады, өткен жылы аудан әкімдігінің қаржыландыруымен ұзындығы — он метр, ені- алты метр, биіктігі- төрт метр болатын шағын жылыжай пайдалануға берілді (суретте). Бұл «Жасыл желкен» үйірмесіне тәжірибелі ұстаз Ерғали Бегасылов жетекшілік етеді. Он оннан екі топқа бөлінген жас жеткіншектер өмірге ең керекті кәсіптің біреуін, жылыжайда көкөніс өсіруді үйреніп жатыр. Жеке үйдің ауласында да, көлемін үлкейтіп үй іргесінде де болашақта кәсіп ретінде ары қарай дамытуға болатын бастамаға шын ниетімізбен разы болдық.
«Үміт» сарайының директоры Зәуре Бейсенбаева жылыжайдың жұмысымен таныстырды.
Мұнда не жоқ дейсіз?! Ас әзірлеуге қажетті дәмдеуіш, ас мәзіріне, әртүрлі салаттарға қажетті көкөністер, пияз, сәбіз, қызанақ, қияр, гүлдің әр түрі бар. Жылыжайға соншалықты шығын да шығындалмайды екен. Жылу жүйесі оқу орының қазандығына қосылған.
Оқушылар кезек-кезегімен келіп, өздері егіп, күтіп, арам шөптен тазалап, зиянкестерден қорғап, дәрілеп, іс жүзінде жылыжайдың алғашқы тәлімін алып шығады. Мұнда тамшылатып суару әдісі да іске асырылған.
Осындай тиімді, балалар үшін пайдалы істі мүмкін болғанынша барлық мектеп жанында қолға алса ғой деген арманға бой ұрамыз. Осындай шағын жылыжайда, өзіміз куә болғандай, бірнеше кәсіпкер 50-100 мың түпке дейін қызанақтың он шақты түрін, құлпынай, тәтті, ашты бұрыш, әртүрлі гүлдердің көшеттерін өсіріп т.б. саудалап миллион теңгеден аса пайда тауып отырғанын көріп, шағын жылыжай үлкен табыс көзі деген байлам жасадық.
Игі бастамаға көпшілік көңіл аударып, ынта білдіріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Ләззат Серікбай
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.