Тұғырлы тұғырнама – іс үстінде

Өткен аптада ауданымызға облыс мәслихатының хатшысы Махметғали Нұрғалиұлы Сарыбеков іс-сапармен келді. Махметғали Нұрғалиұлы аудан әкімі Руслан Нұрсипатовтың бастауымен, алдымен Меркі ауылында жаңадан ашылған әлеуметтік дүкеннің жұмысымен танысты. Руслан Маратұлы аталған базарда азық-түлік өнімдері базар нарқынан 15-20 пайыз арзанға, яғни халыққа қажетті тұрмыстық тауарлардың барлығы тұрғындар үшін қолжетімді бағада сатылатынын айтып, тауарлардың бағалары үнемі аудан басшылығының бақылауында болатынын жеткізді.
Махметғали Нұрғалиұлы, келесі кезекте, өткен жылы күрделі жөндеуден өткен №48 мектептің ахуалымен танысты. Аталған білім ордасы жаңарғанымен, оқушылар жүктемесінің көптігіне байланысты қосымша оқу ғимаратын және спорт залды қажет етеді. Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың хатшысы Гранитогор елді мекенінде өткен жылы бой көтерген жаңа мектептің жағдайымен де танысты. Мектептің құрылысы барысында мердігерлер тарапынан бірқатар кемшіліктер жіберілген. Айгерім Аханқызы аудан әкімі Руслан Маратұлының тапсырмалары бойынша, бұл мәселелермен тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Мердігер мекемелерге хат жолданған.
Сонымен қатар, аталған білім ордасына акт зал мен шағын орталық қажет екен. Жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, басқармаға жолданған.
Махметғали Нұрғалиұлы өз кезегінде бұл ұсыныстар бойынша барынша қолдау көрсетілетінін айтты.
Облыстық мәслихаттың хатшысы ауданымыздың жалпы ахуалымен таныса жүріп, аудан экономикасына тікелей әсер ететін өндіріс орындарын назарға алды. Осы ретте, ол «Меркі ірімшік» зауытында болып, аталған кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Ірімшік зауытында қазіргі уақытта 90 адам тұрақты түрде жұмыс істесе, маусым уақыттарында жұмысшылар саны 120-130-ға дейін жетеді екен. Меркі ірімшік зауытында өңделген сүт өнімдері еліміз бойынша әртүрлі аймақтарға жіберіледі. Дастан Айтөленовтың айтуынша, зауыттағы шикізат өңдейтін қондырғылар жаңартуды қажет етеді. Бұл мәселе бойынша қажетті шаруалар атқарылып, «Бәйтерек» қоры арқылы қаражат қарастырылуда екен. Сонымен қатар, алдағы уақытта ірімшік зауытында балмұздақ өндірісін жолға қою жоспарланып жатқанын да айта кетті.
Махметғали Нұрғалиұлы, одан кейін, Екпінді ауылындағы өткен жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген Жандосов көшесінің жағдайын барып көрді. Аталған көше былтыр ғана асфальталынса да сапасы бойынша мәселелер туындап отыр. Руслан Маратұлы қайтадан жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Облыстық мәслихат хатшысы іс-сапарының соңында аудан әкімдігінде қорытынды жиын өткізді. Жиын барысында Руслан Маратұлы «Nur Otan» партиясының Жамбыл облысы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жол картасының Меркі ауданында орындалу барысы» туралы баяндама жасады. Сайлау алды бағдарламасындағы 7 басымдық пен 68 индикатор бойынша атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстар жайында мәлімдеме жасады.
Аудан әкімдігінің
баспасөз қызметі