Отан отбасынан басталады

Тегінде бір ауылда тұрып, бір бұлақтан су ішіп, бір ауамен дем алып, бір шаңды бірге жұтып, күнделікті кездесіп, жүздесіп жүрген адамдар бір–бірін ескеріп, бағалай бермейді-ау деп ойлаймын. Өйткені со-о-о-нау 1950 жылы дүниеге келіп, бұл күндері отбасы болғандарына 50 жыл толып, Алтын тойларын тойлағалы отырған Нұржасар мен Дариға атты Батыр ананы, былайша айтқанда көпшілік елеп, ескеріп жатпаған сияқты көрінеді де тұрады. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей.
… Нұржасар мен Дариға ханым 1970 жылы отау көтеріпті. Бір ананың жалғыз баласы, жиырмаға келген кезінде, бұрынғы «алып қашу» әдісі бойынша, Жамбыл технологиялық институтының екінші курсында оқып, жүрген Дариға атты бойжеткенді баса көктеп, «Кавказ тұтқыны» киносындағыдай ала қашып келеді ғой.
Бас білмейтін атша тулап-мөңкіген, жанына жақындағанды бұқаша сүзген бұл қызды бүкіл ауыл болып, тамыр-таныс, үлкен-кіші болып, әйтеуір ымыраға келтіреді. Тоқшылықта өскен қыз, тағдырдың тартқан сыйына, жоқшылыққа да көніп, жаңа өмір бастайды. Белді буып, білекті сыбанып, шашты түйіп Нұржасар сұлтанмен қайнаған еңбекке араласады. Қой да, сиыр да бағады, отағасы трактор да айдайды, қарауыл да болады, күн мен түнді ажырата алмайтын кезеңді бастан кешіреді. Ынтығып жеткен оқу да жайында қалады. Сөйтіп ел қатарлы өмір сүріп, тіршілік кешеді.
Бабаларымыз «Жақсы еркектің ішінде, ерттеулі ат тұрады. Жақсы әйелдің құрсағында алтын бесікті ұл жатады» деп бекер айтпаса керек. Қой аузынан шөп алмайтын, тумысынан көнбіс, қарапайым шаруаның адамы Нұржасарға аллаһ тағала бармақтай бақ та, таусылмайтын нәсіп те береді. «Ерінбегеннің етікші» болатыны секілді, ерлі-зайыпты екеуі он перзентті дүниеге әкеліп, Бақытты шаңырақ иесі болып, «ішкені алдында, ішпегені артында» немерелерін тербетіп еркелетіп, айналып, құдайдың берген жамандарының алды Серік есімді жігіт дүниеге келеді. Ол қолынан өнері тамған, «бесаспап» деген сөз аздық ететін әмбебап жігіт боп бой түзейді.
– Серігіміз қолынан келмейтіні жоқ сері жігіт. Оны үйлендірген соң «өздерінше өмір сүрсін» деп үй етіп, бөліп шығардық. Алматы қаласының жанындағы Абай ауылында пәтерде тұрды. Сол жерде темір-терсекпен жұмыс істейтін жеке кәсіп ашты,-дейді Батыр ана.
Сол сері жігіт қоршау, қақпа, өю-өрнекті неше түрлі заттар жасайтын цех ашады. Оған өзі туған жердің жігіттерін де шақырып, кәсібін одан да жоғары домалтады.
– Ол цех әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр,-дейді Серіктің анасы. – Сол ауылда директор, округ әкімі де болып істеген, құс шаруашылығын дамытуда, зерттеуде жоғары дәрежеге жеткен ғалым, профессор Ешімбет Байбарақов аға, бізді арнайы шақырып «Мынадай он саусағынан өнер тамған, қос алақаны уыс-уыс алтынға толы ұрпақ тәрбиелегендеріңіз үшін мың алғыс» деп бізге батасын берді.
Ия, ұрақтары үшін қалай мақтанса да жарасатын Нұржасар мен Дариғаның жеті ұлы бірдей, жеті қазына десе де болғандай. Құдық қазып су да шығарады, өздері дәнекерлеуші, өздері токарь, өздері автогенші, өздері электрик, өздері кәсіпкер, малшы да, егінші де, Атымтай Жомарттар да, ағаштан да, темірден де түйін түйгендер, жүргізуші де өздері, механизатор да өздері тракторлары да, егін себетін шөп шабатын, тайлап буатын, таситын т.б. құрал-саймандары сақадай сай азаматтар.
Ержан «Кока Кола» фирмасының Меркідегі өкілі, әрі кәсіпкер, әрі егінші сонымен қатар меценат. Өткен жылы Ақтоғанда асарлатып салынған үйге сегіз есік алып, тартулапты. Анасы «ондай есік біздің үйде де жоқ» деп риза болады. Ол да ата-аналары сияқты көпбалалы отбасы. Үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіруде. Тілеміс батыр атындағы №4 орта мектепте оқитын Аружан деген қызы бокспен айналысады. Жетістіктері аз емес. Бүгін, ертең Ақтау қаласына жарысқа аттанбақшы.
Ерлік те жоғарыда айтқан өнердің бәрін меңгерген азамат. Оның бесаспаптығы сонша, аудан орталығындағы сәнді қоршауларды, түнде жанатын гүлдерді, түрлі өрнегі бар жәдігерлерді дүниеге әкелген жампоз.
Руслан мен Рамазан да кәсіппен айналысып, құрылыстың да майын тамызатын жігіттер.
Отау үйге ие болып отырған Бота есімді майталман, трактордың құлағында ойнайтын, барлық техниканы игерген білгір, фрезерін тірекеп ап, қолмен қойғандай, топырақты ұндай тартып, бақшаңызды үтіктелгендей тегістеп береді.
– Келіндеріме разымын. Барлығы инабатты. Үлкенді сыйлайтын, кішілерді құрметтейтін бикелер. Ең бастысы үйлері құстың ұясындай жып-жылы, тап-таза, қонақтарын «құдайындай» сыйлай біледі Русланның үйіндегі келінімді «неміс» келін деп айтамын. Бар нәрсенің ашығын айтады, ешнәрсені артық алмайды, кем бермейді. Магистратураны бітірген.
Бір келінім А.Байтұрсынов атындағы университетті бітіріп, тіл маманы, біреуі тарихшы. Екеуі де мектепте мұғалім.
Жалпы бар келіндерімді ене ретінде қатты сыйлаймын. Олар да менің айтқанымды екі етпейді,- дейді он перзент дүниеге әкеліп, немере, шөбере сүйіп отырған аялы ана.
– Алдыңғы 6-7 ұл балалар дүниеге келген соң, Аида атты қызымды он сегіз жыл күтіп, өмірге әкелдім, оған Жасұлан мен Жұлдыз атты қыздарым ілесті. Бұлар да кәсіптен қара жаяу емес,- деп толғанады Дариға.
Ия, құдайдың бергеніне риза болып отырған Нүрекең мен Дахан балаларының еңбекқорлығына, қарапайымдылығы мен адалдығына дән риза. Бір-біріне көмектесіп, бәрі бір-бір хан сарайындай отауға ие. Елге елеулі, халқына қалаулы.
Халқымызда «Сөздінің тілінен сақта, дұшпанның көзінен сақта» деген жақсы сөз бар. Біз де осы сөзге қосыла отырып Алтын той иелерін, азды-көпті тәңір берген нәсібіне риза жанұяны Отбасы күні мерекесімен құттықтап, береке, бірлік, жемісті тірлік тілейміз.
Отан шынында да от басынан басталады. Ошақтың оты өшпесін,түтіні түзу шықсын.
Серік Нұрманұлы,
«Меркі Ақиқат»