Токарь пекарь емес дейді Ғалымжан

0
167

Тегінде адам жаратылысынан, кейін білім алып, ақыл тоқтатқан соң да бір кәсіпке биімделіп, сол кәсіптің арқасында ел алғысына ие болып, сол мамандығынан бақытын тауып, отбасының берекесін кіргізіп, ұл өсіріп, қыз өсіріп, ұрпақ тәрбиелеп, өмірге адам болып келген мұратын іске асырып, алланың рахымына бөленді-ау…

Олай дейтінім айналаңызға қарасаңыз, өмірден өз орнын тапқан жандарды көресіз. Олардың тындырған ісінен, рахат тауып, өзіне-өзі разлығын, жадыраған жүзінен, мейірімді нұр төгіліп тұрған жандарды көресіз. Сондай жандардың бірі, өзгелерден шоқтығы биік, азаматтығы жоғары, кішіпейіл, жәй ғана жылы сәлемдесуінің өзінен, бойынан ізгілік төгіліп тұрған, бесаспап деген сөз аз, темірден түйін түйген, сол темірді «қамырша» илеген, қамшыдай өрген жасампаз Ғалымжан Сүгіралиев десе де болады. Ол тек қана кәсібін сүйіп қоймай, қай кәсіпті де болса қадірлеп, маңдай терін төгіп, адал нан тауып жеуге үндейтін салихалы жігіт ағасы.
Өзі токарь, өзі дәнекерлеуші, өзі тіптен конструктор Ғалекең көп жылдан ауданымыздағы №9 кәсіптік колледжде өндірістік шебер болып, шәкірт тәрбиелеп келеді.
— Шіркін,-дейді Ғалымжан мырза. — Небір талантты, қолынан іс келетін шәкірттер тәрбиелеп жатырмыз. Алайда оларға жұмыс жоқ. Бар болса тидім — бардым ғана. Көктемнен бастап, егін орағына дейін ғана жұмыс істейді. Онда да жалақысы мардымсыз. Іргелі шаруашылықтардағы станоктар бос қарап тұр. Біріншіден материал жоқ. Екіншіден қыс айында мастерскойларда жылу жүйесі жоқ. Одан басқа қыс бойы көктемгі егіс-дала жұмысына, егін орағына дайындық жасау кәзір атымен жоқ
деуге болады.
Ия, осылай деп кәсібіне деген, шәкірттеріне деген жанашырлығын білдірген Ғалымжан Сүгірәліұлы біз жүздесуге келгенде оншақты дәнекерлеушілікті оқып, жатқан шәкірт өндірістік практикадан өтуге келіпті.
— Оқу жоспары бойынша шәкірттер осы үйдегі шеберханада оқу-орнымен келісім-шарт бойынша практикадан өтеді. Оқу жоспарына сәйкес белгілі бір монша, үй т.б пештерінің макетін, кесіп, тесіп, дәнекерлеп өздері дайындайды. Сол сияқты қақпа, қоршау, толып жатқан арнайы оқу жоспарында көрсетілген детальдарды, құрылғыларды жасауға машықтанады, — дейді қадірлі ұстаз.
Өз баласы Ықылас мырза да әке жолын қуып, грант алып, Занин ешкілерін өрбітіп, жеке кәсіп ашып дәнекерлеушілікті кейінгі ізбасарларына үйретеді. Тіптен Ықылас осыдан он-он бес жылдай бұрын, мектеп оқушысы кезінде ақ үй іргесіндегі шарбаққа «NUR OTAN» алма бағын отырғызып, ол еңбегі еленіп, сол кездегі аудан әкімі Болат Рысмендиевтың қолынан аты жазылған бағалы қол сағатын сыйға алғаны әлі есімізде. Ол енді өзі бүгіндері өзі сияқты жастарды сұранысқа ие, дәнекерлеуші кәсібіне машықтандыруда.
Жалпы әкелі-балалы шеберлердің шәкірттері облыстық байқауларда да оза жауып жүлдегер атанып жүр екен.
Жоғарыда Ғалымжан деген жігіт ағасын конструктор деп те атадық. Ол сөзіміздің куәсі екі жыл тамтығы қалмаған «Т-20» тракторын соңғы болтынан қайта құрап, бітіріп, енді электр желілеріне келіп тіреліпті. Бұл кәсібін Ғалекең «қолы бос кезде» ғана айналысады екен. Сол «қол бос» кезде соқа да құрастыруды, басқа да қажетті тапшы құралдарды да өзі сызып, өзі өлшеп жасай береді.
Бір келгенде Ғалекеңнің қолынан шыққан заттарды көрген замандасы «Ой, Ғалеке! Қолыңнан адам жасағаннан басқаның бәрі келеді екен ғой» деп тамсанса, әзілге де жүйрік кейіпкеріміз «Сен не айтып тұрсың. Қолымнан адам жасау келмесе, ана бес-алты шөже қайдан шықты» деп бәрімізді күлкіге бөлегені бар.
Ия, кәсіпті сүю, кәсіпке адал болу әркімнің қолынан келе бермейді. Ондай жетістікке Ғалымжан Сүгіралиев сияқты табанды, еңбекқор адамдар ғана қол жеткізетініне ешкім дауласа қоймас. Ғалымжан мырза өзі айтқандай шынымен «токарь, пекарь емес» дегені әзілді жақсы көретін жан, өз мамандығын сүйетіндігінен солай дегеніне иландық.

Серік Нұрманұлы,
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.