Бабын тапса, жер жомарт
Бабаларымыз ықылым заманнан жер ананы аялап, бір шөкім жерге дейін құрметтеп, аса үлкен ізетпен адамзаттың ең қадірлісі деп аялаған. Сонымен қатар «Бабын тапса, жер жомарт, Бағын тапса, ер жомарт» деп кейінгі ұрпаққа мұра етіп, құлағына құйып отырған.
Өткен аптаның бейсенбісі күні облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің ұйымдастыруымен Меркі ауданында қант қызылшасын, ақ егіс өсіру және жер асты суын пайдалану бағытында облыстық семинар болып өтті. Оған облыс аудандарының бәрінен аудан әкімдерінің ауылшаруашылығы жөніндегі орынбасарлары, шаруа қожалықтарының, серіктестіктердің жетекшілері қатысты.
Семинарға қатысушыларды аудан әкімінің орынбасары Әбжапаров Бақытхан Жақанұлы және аудан ауыл шаруашылығы мамандары, бөлім басшысы Садықжан Бұтабаев, Сұрат, Жаңатоған ауылдық округі әкімдері күтіп алып, Бақытхан Жақанұлының бастап алып жүруімен «Трансфер» шаруа қожалығы мен «Сыпатай Батыр» серіктестігінің Мықанды ауылы маңындағы 150 және 50 гектар қант қызылшасымен таныстырудан бастады.
Аудан әкімінің орынбасары жалпы қант қызылшасы жағдайымен таныстырудан бастап, келген қонақтарға құтты қадам тілеп, бірлестіктің бас директоры Қанат Шайхиевке сөз кезегін берді.
— Мына сіздер көріп, танысып тұрған қант қызылшасы 50 гектар. Тәтті түбір 45 см арақашықтықта орналастырылған. Биыл серіктестік 130 гектарға балтамыр екті. Жыл сайын жекелеген гектарлардан 1200 центнерге дейін, жалпы орташа есеппен 800 центнерден өнім алып келеміз. Техникамен толық қамтамасыз етілгенбіз. Сондықтан қант қызылшасын кетпенсіз, қол күшінсіз өсіреміз. Оның үстіне өнімімізге жылдағыдай емес 10 теңге қосылып, төлем отыз теңгеге жетті. Бұл да еңбеккерлеріміз үшін біраз жәрдем болды.
Семинарға қатысушылар балтамыр дақылының бір гектарын қанша қаражат кететінін сұрағанда:
— Біздің барлық жұмысты өзіміз атқаратынымызға байланысты, біз үшін бір гектар қызылшаға кететін шығын шамамен 600 мың теңге. Ал арендаға техника алып істейтіндер үшін бір миллион теңге болады,- деп жауап берді.
Сол сияқты арам шөпті өлтіру, жер дайындау, минералды тыңайтқыш беру туралы сұрақтарға жан-жақты жауап бере келіп:
— Егер сіздерді қант қызылшасын егу туралы өзекті мәселе қызықтырса, келіп толық мәлімет ала аласыздар. Қажет болса жазып та беруге дайынмын,-деді Қанат Кенәліұлы.
Жаңбырлатқыш агрегаттың жұмысы, шығыны, тамшылатып суарудан арзан, әрі тиімді екенін айтқан Қ.Шайхиев «Мынау СССР кезіндегі техника, бұған қосалқы бөлшекті қайдан аласыздар, қалай құрастырдыңыздар» деген сауалға «Бұл жаңбырлатқыш агрегаты әлі де Ресейде, атап айтқанда Волгоградта, шығарылып жатыр» деп жауап берді:
Осы ретте облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің басшысы Ербол Жиенқұлов, жалпы елімізде қант, шекердің қымбаттауына байланысты қант қызылшасын өсіруге ерекше мән берілуде екенін, Шу ауданының Белбасар ауылдық округінде “Қызылша” серіктестігі жаңа технологиямен атап айтқанда жаңа, радиусы 410 метр жерді қамтитын Америкадан “Валей” атты компьютермен, рациямен басқарылатын жаңбырлатқыш агрегаттар алып 1000 гектар тәтті түбір өсіріп жатқанын тілге тиек етіп, шаруа қожалықтарын тиімді дақылды көптеп егуге шақырды.
Біз өз кезегінде “Қызылша” ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Үсенбаевпен де тілдесуге мүмкіндік алдық.
— Ия, серіктестігіміз Америкада жасалған, 25- жаңбырлатқыш агрегаттарын сатып алды. Бір агрегаттың жүктемесі 53 га. Келер жылы қызылша алқабының көлемін 2000 гектарға жеткізуді тағы да 23 айнала шашып суаратын қондырғы алуды жобалап отырмыз.
Біздің жаңбырлатқыштардың құны қанша екенін білгіміз келген сұрағымызда “ол құпия, көп алғандықтан көтерме бағамен арзандатып алдық, оның 50 пайызына мемлекет субсидия береді», — деді.
Семинарға қатысушылар Андас батыр ауылдық округі мен Жаңатоған ауылдық округі аралығында қазылып жатқан артезиан суын шығаратын ұңғымалардың жұмысымен танысты.
— Жаңа жобаның аудан бойынша құны 4,5 миллиард теңге,- деді Бақытхан Жақанұлы. -Бір жерден қатар екі ұңғыма қазылып, секундына 40-45 метр су шығарылып, бетон науа арқылы, барлық 46 ұңғыманың суы үлкен Шу каналына құйылып, аудан дихандары су тапшылығынан құтылады. Жобаны “Евразиялық даму” банкі қаржыландыруда. Жоба 2023 жылдың аяғында толық іске қосылады деп күтілуде.
Осы мәселеге қатысты сөз алған облыстық ауылшаруашылығы департаментінің басшысы Е.Жиенқұлов: -Бұл жоба бізді Қырғызстанға қол жайғанымыздан құтқарады. Мұндай 300 метр жерден су шығаратын ұңғымалар жобасын барлық ауданда жүзеге асыруға болады. Сондықтан осы мәселе туралы аудан басшыларына, ауыл шаруашылығы басқармаларына қайырылып, талап етіңіздер.
Бұдан соң семинарға қатысушылар «Сыпатай Батыр» серіктестігінің егін-жай алқабына келіп, тіс басар- дастарханнан дәм татып, бойы 120-130 метрге жетеғабыл 10 гектар “Стекловидный-24” күздік бидайының басында тоғысты.
Жұмыс жағдайымен таныстырған серіктестіктің басшысы Қанат Шайхиев: -Біз бірнеше жылдан қазақ ғылыми зерттеу институтымен тығыз байланыста еңбек етіп келеміз. Мына 10 гектар күздік бидай әр гектарынан 40 центнер астық береді деп отырмыз. Ал мына жақында ғана ораққа түскен 100 гектар “Жас өркен” күздік арпасынан, орта есеппен 40 центнерден астық бастырдық.
Қарсы беттегі күздік “Эвклид” сортты Францияның “Флоримен Добре” фирмасынан алынып себілген астық, әр гектардан 80 центнерден өнім береді деп отырмыз.
Мен мұны жай сөз үшін емес, француздық қос ғалым келіп, алқапты түгел аралап, әр гектарда 500 миллион түп сабақ бар екенін, орташа әр масақтың дәнін санап, осындай өнім беретінін дәлелдеп берді.
Семинарға қатысушылардың осы Элита сұрыпты астықты жерді айдау-
дан, тыңайтқыш беруден, себуден, агротехникалық ерекшеліктері туралы сұрақтарына Қанат Кенәліұлы ұғынықты, нақты жауап беріп, ұсыныстарын айтты.
— Егер мүмкіндіктеріңіз болса 5-10 шілде аралығында келіңіздер. Егінді орамыз. Осы болжамға көз жеткізесіздер. Комбайннан тікелей әр килосын 150 теңгеден астық сатып алып, өздеріңізде тазалап тұқымдық материал алуға болады. Ол дайын тұқымның бір тоннасын 200 мың теңгеден алғаннан 50 мың теңгеге арзан, — деді серіктестік басшысы.
Бұдан соң облыстақ тұқым инспекциясының бөлім басшысы Айгүл Тауасарова субсидия мәселесіне тоқталып, қожалық басшыларының сұрақтарына жауап берді. Сол сияқты “Қазақ Картоп-Көкөніс” ғылыми зерттеу институтының директоры Теміржан Айтбаев картоп, көкөніс өндіру оңтүстік өңірде тиімді екенін айта келіп, бұл мәселеге назар аударуды ұсынды.
Семинарды Бақытхан Әбжапаров қорытындылады. Семинарға қатысушылар шын мәнінде бабын тапса, жер жомарт екеніне тағы да бір көз жеткізіп, риза көңілмен тарқасты.
Серік Құралбай,
“Меркі Ақиқат”