Тағылымы терең саяхат
Елін, жерін, оның тарихын тану – жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды әрекет. Ұлт тамырын терең жаюы үшін ұрпағы мәдени мұрасы мен шежіресін тану қажет. Ұлттық болмысынан ажыраған ел болашағынан айырылары хақ. Осы мақсатта танымдық түсінік пен оқушылардың ұлтжандылық қасиеттерін қалыптастыру мақсатында Әулие-ата жеріндегі шежіресі тереңге бойлаған тарихи орындарға саяхат №2 Аспара жалпы орта білім беретін мектебінде ұйымдастырылды. Танымдық экскурсияға 20 оқушы тартылды. Экскурсия бағдары 2000 жылдық тарихи бар көне Тараз қаласының көрнекті орындарын тамашалаудан басталып, Айша бибі, Қарахан, Тектұрмас, Ақыртас кесенелеріне зиярат етумен жалғасты. Саяхатқа шыққан оқушылар қайта жаңғырып, түлеген қаланың қазіргі көркі мен өткен тарихын танып, үлкен әсерге бөленді. «Тарихи өлкетану» және «Көркем сурет галереясы» мұражайларында балалар асыл әшекей бұйым түрлерімен және қыштан жасалған ыдыс түрлерін көріп, ұлтымыздың мәдени мұрасының бағдарын таныды.
Осындай танымдық іс-шаралар тәрбиелік және адамгершілік-патриоттық, экологиялық тәрбиені жүзеге асыруда тиімділігін, жас өскелең ұрпақтың интеллектуалдық деңгейін көтеруге, байқағыштығын дамытуға, дүниенің сұлулығын қабылдауға, тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал ететіндігін тағы бір дәлелдеді. «Балалар жылы» аясында оқушылардың сапалы өмір сүруіне, қауіпсіз қоршаған ортада өздерін жайлы сезініп, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыруға бағытталған шара барлық қатысушының көңілінен шықты. Өлкеміздің өткен тарихымен танысқан балалар ризашылықпен тарасты. Оқушылар үшін осынау ғажап танымдық экскурсияны ұйымдастырған мектебіміздің директоры Б.Қ.Мамырбаев пен қаржылай демеушілік жасаған Н.Ж.Жамбаевқа, Б.Қ.Аттакуровқа алғыс білдіреміз.
Д.Бабалы,
№2 Аспара ЖОББ мектебінің жас түлегі