Өлең-жырдың аққуы
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің,
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің,
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті,
Тәуелсіз Қазақстан-елім менің!
Өткенін ұмытпаған, баһадұрларын ұлықтаған ұлан-ғайыр қазақ елінде биыл мереке аталып өтті. Бұл мереке-Тәуелсіздігімізге-30 жыл толуы! Осынау ұлық мерекеміз құтты болсын! Иә, бұл мерекенің орны өзгеше! Қанымен қара тасқа қашалып, ғасырлар бойғы арман-тілекті бойына сіңіріп, сағым жылдардың елесін арқалап, асыға жеткен арманымыз. Дала төсінде тербеліп тұрар Тәуелсіздік бесігі шартараптағы сағыныштарды біріктірері сөзсіз. Бабаларымыздың қанымен, білегінің күшімен, найзасының ұшымен келген киелі де қасиетті тәуелсіздігіміздің қандай қиындықпен келгені баршамызға мәлім болса керекті.
Тәуелсіздік — ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 30 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз.
Осындай ұлық мерекенің аясында ұйымдастырылып отырған тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 игі істің бірі-көрнекті ақын Күләш Ахметованың 75 жасқа толуы. Ән әлемінде біз білетін бір Күләш бар, оның есімі әмбеге аян. Күләш Байсейітова!
Өлең өлкесінде, жыр дүниесінде тағы бір Күләш бар. Ол — біздің бәрімізге белгілі ақын — Күләш Ахметова.
Бірі — ән Күләші
Бірі — жыр Күләші.
Бірі — халық жүрегін әнмен тербетті.
Бірі — ел жүрегін жырымен елжіретті.
Биыл қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова 75 жасқа толып отыр.
Ахметова 1946 жылы 25 сәуірде Қырғызстанда дүниеге келген. Жамбыл облысының Талас ауданындағы Үшарал орта мектебін бітірген. 1961 жылы Жамбыл медициналық училищені, 1973 жылы ҚазМҰУ — ді тамамдаған. Үшарал медпунктінде меңгеруші, Талас аудандық «Ленин жолы», 1973 — 1977 жылдары республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1977 — 1980 жылдары «Жалын» баспасының поэзия бөлімінде редактор болды.
Жыр Күләші! Өлеңнің өз Күләші! Әсіресе, соңғы ширек ғасыр ішінде қазақ өлеңінің өн бойын Күләштің әсем әніндей бір ғажайып саз тербетіп келе жатқаны ақиқат. Сол саз ешкімді де жалықтырар емес, қайта барған сайын құмартып, құнықтыра түскендей.
№9 Меркі колледжінде Күләш Ахметованың 75 жасқа толуына орай «Жапырақ- жаздың жүрегі» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шарада колледж оқытушылары ақынның өлеңдерінен үзінді оқып, шығармашылығынан шағын көріністерін көрерменге паш етті. «Жалғыз досым», «Жақсылықтың бағасы» «Сөнбеңдер, жарық шамдарым», «Жапырақ – жаздың жүрегі» әндерін нақышына келтіре шырқады. Қазақ жері – ғасырлар көшінің көне куәгері, байлықтың кені, өнер ордасы, достықтың мекені — міне, ақын осы тақырыпты жырлайды. Сөз маржанын терген ақынның өнер туындысына үңілген сайын бойыңды ерекше сезім билейді.
Д.Жекебаева,
№9 Меркі колледжі өндірістік оқыту шебері