Алаш арысы — Әлихан Бөкейхан

0
393

«Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің саяси қайраткерлігі Кеңес өкіметіне дейінгі кезеңдегі және Коммунистік биліктің алғашқы онжылдықтарындағы Қазақстанның саяси тарихынан ерекше орын алады.
Алаш арыстарының бірі — Әлихан Бөкейхан қазақ халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, қазақ жеріне араша түсіп, балалардың білім алуына, барлық азаматтардың құқықтары мен теңдігін қамтамасыз етуге күш салған тарихи тұлға. «Алаш» саяси партия ретінде толыққанды 1917 жылы шілдеде ұйымдасты. Оның І сьезі Орынборда өтті. Партияның бағдарламасының жобасы «Қазақ» газетінде жарияланды. Сол жылы қараша-желтоқсан айларында өткен ІІ Жалпықырғыз сьезінде Ә.Бөкейханов басқарған «Алашорда» үкіметі құрылды. «Алаш» партиясы Қазақстанның автономиялық мемлекетін жариялады. Әлихан Бөкейхан қазақтар арасында ғана емес, орыс зиялыларының арасында да белгілі қайраткер еді. Мемлекеттік Думаның депутаты болып жүріп, ол кадет фракциясы қатарында болды. Ақпан революциясынан кейін Уақытша үкіметтің Түркістан Комитетінің мүшелігіне, Торғай облысының комиссарлығына тағайындалды. Ол социалистік революцияның жеңісін танымады, Кеңес үкіметі қызметінің жасампаздығына сенбеді. Ә.Бөкейхан сол тұстағы қазақ зиялы қауымының арасындағы ең белгілі батысшыл болды. Басқа да қазақ ағартушылары сияқты, еуропалық білім алған ол батыстық либералдық идеялардың ықпалында болды және 1905-1907 жылдардағы революция кезеңінде Ресейдің саяси өміріне белсене қатысты. Ә.Бөкейхан 1905 жылы Ресейдің конституциялық — демократиялық партиясына кірді. Ол алғашқы жылдары партия жариялаған либералдық-демократиялық құндылықтар ұлттық мәселенің әділ шешімін, атап айтқанда, Ресей құрамындағы барлық ірі этнос үшін автономия құруды білдіреді деген сенімде болды. Барлық жәдидтер сияқты Ә.Бөкейхан патшалық құрылыс, монархия қазақтардың ұлт азаттығына тосқауыл болды дей отырып, Ақпан революциясын халықпен бірге қуанышпен қарсы алды. Ол Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары да болды. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының, кейін «Алаш» партиясының саяси бағдарламасын жасап шығарған бүкілқазақтық сьездер Ә.Бөкейханның басшылығымен өтті. Кадеттердің автономия идеяларын толықтай түсінбеуі және олардың Ресей империясын Ресей Республикасы түрінде сақтау ниеті Ә.Бөкейханның кадеттер партиясы құрамынан шығуына себеп болды. Бұл 1917 жылы желтоқсанда «Алаш» партиясын құруына, Алашорда автономиясын жариялауына әкелді. Осылайша, Ә.Бөкейхан мен оның серіктестері Қазақстанның шектеулі ұлттық-мемлекеттік егемендігі нысанындағы ұлттық өзін-өзі басқаруын жақтады. Көптеген либералдық құндылықтар мен секуляристік идеялардан айырмашылығы тәуелсіздік идеясы қарапайым қазақтардың арасында кең қолдауға ие болды. Бұл Азамат соғысы кезінде көрініс берді. Ә.Бөкейхан зиялы қауымның маңызды бөлігін өз жағына тарта білді. Олардың арасында жазушы, ағартушы, лингвист-ғалым А.Байтұрсынұлы, жазушы, ақын, «Қазақ» газетін шығарушы, редактор М.Дулатұлы, көрнекті ақын, өз халқының жарқын патриоты М.Жұмабаев, лингвист-ғалым, жазушы, ақын Ж.Аймауытов болды. «Алаш» партиясы мен оның жетекшілері Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысында прогресшіл рөл атқарды. Әлихан Бөкейхан барлық алашордашылар секілді болашақ демократиялық Ресей құрамындағы қазақ автономиясын, қазақтардың ұлттық бірегейлігін жақтады. Кеңес өкіметінің әділетсіз саясатына қарсы бола тұра, халықтың амандығы үшін амалсыз мойындайды. Алайда Қазақстанның жерін қазақтікі деп жариялауын, қазақ балалары үшін мектеп, медресе, университеттер ашуын, қазақ жеріне Ресейден келіп жатқан адамдарға шектеу қою арқылы демографиялық ахуалды реттеу керектігін талап етіп, патша өкіметін, оның аграрлық саясатын сынға алады. Әлихан Бөкейхан халықтың қамы мен жарқын келешегі үшін алдына мақсат қойып, үлкен жұмыстар атқарды, халықтың сана сезімін оятып, артына өшпес тарихи із қалдырды, бұқаралық санаға шындықтың, ұлт егемендігі үшін күрестің мақсаттылығын ұялатты.

Саналы Тазабекова,
№21 ЖОББМ тарих пәнінің мұғалімі.

Comments are closed.

Другие новости