Тарихы терең құт мекенім

0
77

Менің туған өлкем тау баурайындағы Меркі ауылы. Маған осы ғажайып өлкенің таңғажайып табиғаты мен тамыры терең тарихы, дархан халқы мен бүгінгі таңдағы керемет келбеті қатты ұнайды.

Меркі деген сөз мен үшін аса ыстық, құлаққа жағымды естіледі. Ауданға аты берілген Меркі-адам есімі. Ол Үйсін бабамыздың ұрпағы, батыр болған. Меркі батыр бастаған үйсін ұрпақтары қытай патшалығымен шайқасып отырған. Көрші елден қорғану мақсатында Қытай қорғаны салынғаны тарихтан белгілі.
Ұлы Жібек жолын жағалай орналасқан киелі мекен Меркі жерінің тарихы ерте заманнан, VІІ-VІІІ ғасырлардан бастау алған көне шаһар болғаны белгілі. Археологиялық-топографиялық картада барлығы бірнеше ондаған мүсінді қорған құрылыстары көрсетілді, 64 тас мүсін ашылды, оның 31-і әйел мүсіні. Ғұрыптық ескерткіштердің статистикалық талдауы және типологиялық мәліметтері негізінде ғибадатхананың құрамында 38 мүсінді комплекс бар екендігі анықталған. Меркі жерінде осындай ежелгі тарихи және мәдени қорғандар, түркілердің құлыптастары, бекіністер, қалашықтардың орны көп кездеседі.
Түркілердің құтты мекені болған, Ұлы Жібек жолы бойындағы Меркі қаласы ірі сауда орталығы болған, экономикасы мен мәдениеті қатар дамыған, алайда жаугершіліктің салдарынан бірнеше мәрте қирап, қайтадан бой түзеген құтты өлке.
Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Қарлұқ мемлекеті өмір сүріп тұрған 756-940 жылдары Меркі қаласы ерекше дамып, атағы елден елге тарады. Қарлұқтарда қала мәдениеті біршама жақсы дамыды. Алайда 940 жылы қарлұқтарды қараханидтер тарих төрінен ығыстырып, осы кезеңде Меркі қаласы қирады. Кейінірек Меркі қайтадан дамып, халқы жақсы өмір сүрді. Шыңғыс хан шапқыншылығы кезінде Меркі тағы да қиратылды. Осындай қасиетті жерден шыққан, аты аңызға айналған Жауғаш, Сыпатай, Тілеміс, Ақкөз батырлар мен данагөй билеріміз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен туған жерін қорғап, жоңғар, қоқан басқыншыларына қарсы тұрып, жерімізден қуып шықты. Меркі қайтадан бой түзеді.
1916 жылы тамыз айында патша жарлығына қарсы Меркі өңіріндегі кедей шаруаларды Ақкөз Қосанов бастап көтеріліске шықты.
Меркі жұрты қазақтың зиялы қауым өкілдерінің бірі, мемлекет және қоғам қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Қабылбек Сарымолдаевтың есімдерін де үлкен мақтанышпен атайды. Кеңес Одағы кезінде есімі Одаққа мәшһүр болған дарынды тұлға Т.Рысқұлов Меркі жерінен қанатын қатайтып, балалық шағын артқа тастап, шыңдалып самғап ұшты. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Тұрар Рысқұлов Меркіде «Қазақ жастарының революциялық Одағын» құрды. Осы жылы қараша айында Меркіде Кеңес өкіметінің орнағандығы туралы салтанатты түрде жарияланды. Сол уақытта ауыл шаруашылығын дұрыс жолға қою мақсатында серіктестіктер, артельдер құрыла бастайды. Оның басы қасында жүрген еңбек адамдары күн түн демей, уақытпен санаспай ел игілігі үшін тынымсыз еңбек етті. Уақыт өте келе кішігірім серіктестіктер мен артельдер колхоздар мен совхоздарға біріктірілді. Осындай өркендеу кезеңінде 1928 жылы ВЦИК-тің шешімімен жаңаша даму жолына түскен Меркі ауданы шаңырақ көтерді. Ауданның қалыптасу жылдары халық жетістіктерге жетумен қатар, қиын кезеңдерді де бастан кешірді. 1931-1932 жылдардағы ашаршылық, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан Соғысы кезіндегі ауыртпашылықтар, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстары кезінде аға ұрпақ өкілдерінің сіңірген толассыз еңбегі мен жұмсаған күш жігерін, қажыр қайратын, өлкенің экономикасының дамуына қосқан үлестерін кейінгі ұрпақ еш ұмытпайды.
1991 жылы Кеңес Одағы ыдырап, еліміз өз Тәуелсіздігін жариялады. Бұл кезең ауыр жағдайда өтті. Өндірістің қай саласы болмасын тоқырауға ұшырады. Жылдар өте келе әлеуметтік –тұрмыстық жағдайымыздың қай саласында болмасын ілгерілеу анық байқала бастады. Білім беру, медицина, құрылыс, басқа да салаларда оң өзгерістер орын алып, мемлекет бюджетінің есебінен мектептер мен балабақшалар, өндіріс орындары, медициналық пункттер, ауруханалар, зауыттар, цехтар салына бастады. Экономиканың өсуі мен ел өркендеуіне халық тікелей атсалысты. Сондықтан да Меркінің тамыры терең тарихы — жергілікті халықтың тарихы деп білемін.
Бүгінгі таңда экономикасы дамыған Меркі жері тамаша табиғатымен, сұлу келбетімен алыстан көз тартады. Жүрегімнің түкпірінен орын алған туған жерім –менің мәңгілік мақтанышым!

Жанар Мукашева,
№44 ЖОББМ тарих пәнінің мұғалімі

Comments are closed.