«Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы орындалуда

Жастар – қай қоғамның болмасын қозғаушы күші. Жастарды қолдау, қамқорлық таныту жергілікті жерде де жүйелі жүргізілгені жөн. Дәл осы мақсатта облыста 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы қабылданды. Жалпы бағдарламада жастарды қолдау, жұмыспен, баспанамен қамту тетіктері, үздіктерді марапаттау, қажетті құқықтық кеңес ұсыну, ақпараттық қолдау білдіру сынды шаралардың барлығы қамтылған.
Осы саясатты іске асырудың негізгі міндеттерінің бірі – жастарды елжандылыққа тәрбиелеу, ішкі саяси тұрақтылықты нығайту. Аталған міндеттерді іске асыру мақсатында республика бойынша жастарды патриоттық тәрбиелеу іс – шаралары да әзірленген. Солардың бірі – «Жасыл ел» бағдарламасы. Меркі ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» КММ-нің ұйымдастыруымен жұмыссыздықты азайту мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасақтары құрылып, өз жұмысын бастады. Қазіргі кезде жасаққа 27 сарбаз қабылданды. Жыл соңына дейін жалпы 100 жасты «Жасыл ел» еңбек жасақтарына қабылдау жоспарлануда.
Бүгінде ауданда 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның алдына қойған басты міндеттерінің бірі. Бағдарлама аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған жастар саны – 636, оның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына – 529 жас, жастар практикасына – 43, әлеуметтік жұмыс орындарына – 9, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына – 50, микрокредит алған жастар – 5. Жалпы жұмыссыз ретінде тіркелгендер – 311 жас.
Ағымдағы жылдың мамыр айының 27-і және 8 маусым күндері аудандық мәдениет үйінде «Жастарды жұмыспен қамту – маңызды міндет» тақырыбында жұмыссыз жастарды тарта отырып, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді. Қатысқан азаматтарға жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өкілдері өздерінде бар бос жұмыс орындарымен таныстырып өтті. Нәтижесінде 80-ге жуық адам қатысып, 53 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, жолдама алды.
2022 жылдың 6 ай қорытындысы бойынша «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан атқарылған жұмыстардың нәтижесі қуантарлық.
Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен әр түрлі бағытта барлық ауылдық округтерде 519 іс шара ұйымдастырылып, 7516 жас қамтылды.
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қолдауымен «MERKI ERIKTILERI» волонтерлер қозғалысы құрылған. Бұл ұйымда аудан көлемінде 100 ерікті жас тіркелген. Волонтерлік қозғалыс бойынша жалпы 119 іс шара ұйымдастырылып, 750 жас қамтылды.
Бағдарлама аясында аудан жастарымен тығыз жұмыс жүргізу үшін «Жас патриот» клубы құрылды. «Жас патриот» жобасында «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі», «Жас жұмысшылар клубы» «Жас пікірсайысшылар клубы» жобалары біріктіріліп, жоспары мен ережелері негізінде ортақ жұмыстары айқындалды. «Жас патриот» жобасының құрамына ауылдық округ әкімдері, аудандық маслихат депутаттары, бөлім басшылары, спорт, денсаулық және білім саласындағы қызметкерлер, ауыл имамдары енгізілді.
Жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында аудандағы NEET (жұмыссыз) жастар үлесі 2460 жас анықталып, арнайы база әзірленді. Аталған жастарға мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттар беріліп, аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлесе өткізілетін бос жұмыс орындары қатыстырылуда. Жұмыссыздықтың алдын-алу мақсатында жалпы 11 іс-шара өткізіліп, түсіндірме және адрестік жұмыстары жүргізілді.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Қайырымдылық – адам жанының нұры» атты қайырымдылық акциясы, «Жас талант -2022» атты байқау, «Ата-ананың қадірін біл» тақырыбында ерікті жастар арасында бейнеролик байқауы өтті.
«Балалар» жылына орай «Жайдарлы -Жайдарман» атты облыстық жайдарман ойыны жоғары деңгейде өткізіліп, Тараз қаласы, Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Шу, Мойынқұм аудандарынан 11 команда бақ сынасты.
Жастарды ақпараттандыру мақсатында аудандық «Меркі тынысы» және «Меркі Ақиқат» баспа беттеріне – 40, «Арай» газетіне — 3 мақала жарияланды. Жастар орталығының ресми әлеуметтік парақшаларына – 1280 пост, аудандық әкімдік сайтқа – 19 пост, Жамбыл ТВ, Хабар 24, 77 NEWS арналарына – 3 репортаж жарияланды.
Мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңынан туындайтын міндеттердің және мемлекеттік жастар саясатын жастар арасында іске асырудың қалалық және аудандық жастар ресурстық орталықтарында Меркі аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі 2021 жылдың нәтижесі бойынша орташа көрсеткішке жетіп, 2022 жылдың І жарты жылдығында жоғары нәтиже көрсетті.
Жас ұрпақ бойында патриоттық сезім әрдайым ұялап, келешегімізді кемелдендіру бізге міндет. Бабалар қол жеткізген игілікті сақтау, қайта қалпына келтірілген мемлекетімізді нығайту және дүниежүзілік қауымдастық талаптарына сай жаңа сапалық деңгейге көтерілу міндеті жастарға байланысты.
Ендеше артқан сенімді үлкен жауапкершілікпен атқаруға барша аудан жастарын шақырамын.
Жансұлтан Жамалбек,
«Жастар ресурстық орталығының» директоры