Аудан әкімі орталық округте

0
36

Өткен аптада аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы Меркі ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысу барысында білім беру нысандарында болды.
Алдымен, ол И.Трубицын атындағы №17 жалпы білім беретін мектеп гимназиясында болды. Мектеп директоры Гүлжан Тілеубердиева мектептің жалпы ахуалы мен оқу бағытындағы жетістіктері туралы баяндады. Аталған білім ордасын биіл 111 түлек аяқтаса, оның 8-і Үздік аттестатқа, 1-уі Алтын белгіге үміткер екенін жеткізді.

Аудан әкімі аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева мен мектеп директоры Гүлжан Тілеубердиеваға оқу жылының аяқталуына байланысты бірқатар тапсырмалар берді.
Сол сияқты Жорабек Нұрмергенұлы ары қарай, «Балдаурен» балабақшасының жағдайымен танысты. Балабақша ғимаратындағы кемшіліктерді зерделеп, бұл мәселе білім басқармасы басшылығының алдына қойылатынын жеткізді.
Сонымен қатар, балабақша меңгерушісі Гүлжан Төребекқызына бүлдіршіндердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін тапсырды.
Бұдан соң, аудан әкімі орталық емханада болып, ондағы келушілерге жасалған жағдайды өз көзімен көрді.
Емханадағы «Үздік тәжірибе орталығында», оның ішінде науқастарға қызмет көрсету, профилактикалық тексеру бөлімдерінің, денсаулық мектебінің, отбасылық денсаулық орталығының, сонымен қатар, «Балалық шақтағы ауруларды ықпалдастыра емдеу», «Жедел акушерлік көмек көрсету», «Балаларға тамақ дайындауға арналған ресурс орталығы» «Жарақаттар мен қан кетулер кезінде шұғыл көмек» және т.б. кабинеттердің жұмысымен танысты.
Сондай-ақ, «Ұшқын» жастар денсаулық орталығын да аралап, жас мамандардың жұмысына сәттілік тіледі.
Жорабек Нұрмергенұлы емхана қызметкерлерімен тілдесіп, аудан тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетілуі қажеттігін баса айтты.
Аудан әкімі жұмыс барысында халық жиі баратын нысандарды да аралап, олардың жұмыс барысын назарға алды.
Алдымен аудандық мәдениет үйінің базасымен және Жастар ресурстық орталығының жұмысымен де танысты.
Одан соң, аудан орталығындағы «Оптовка» сауда үйінде болып, әлеуметтік маңызы бар азық түліктердің бағаларын зерделеді. Дүкен басшылығына әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағаларын негізсіз өсірмеу керектігін тапсырды.
Келесі кезекте аудан әкімі «Халыққа қызмет көрсету орталығының» жұмысымен танысты. Мекеме басшысы Дәулет Есімовке тұрғындардың электрондық қызметтерді сапалы алуы қажеттігі жөнінде бірқатар нұсқаулар берді.
Сол сияқты, аудан басшысы Меркі орталығындағы азық-түлік жәрмеңкесіне қатысты.
Жәрмеңкеге елді мекендерден шаруалар өздері өндірген түрлі ауылшаруашылығы тауарларын әкеліп, базардағы бағадан арзандатылған бағамен саудалады.
Атап айтсақ, айран, құрт, қымыз, шұбат сынды сүт өнімдері, оның ішінде Меркінің брендіне айналған ірімшік, құс өнімдері, қой мен ірі қара малдың еті, дәнді дақылдар және талқан, жент, бал сияқты өнімдер тұтынушылардың көңілінен шықты.
Сонымен қатар, алма, өрік, банан жемістері мен картоп, пияз, сәбіз, қызанақ, қырыққабат, бұрыш, баялды, құлпынай, т.б. көкөністер де жәрмеңке алаңынан табылды.
Осы орайда, ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған пилоттық жобамен несие алып, үй алдындағы қосалқы шаруашылығын дамытқан Сұрат ауылының тұрғындары жылыжайда өсірілген құлпынай, қызанақ, қияр бақша өнімдерін жәрмеңкеге шығарды.
Аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы жәрмеңкені аралап көріп, шаруалармен тілдесіп, олардың еңбектерінің табысты болуын тілеп, алдағы уақытта осындай жәрмеңкелер тұрақты түрде ұйымдастырылатынын айтты.
Жалпы, жәрмеңке өткізудің мақсаты – азық-түлік өнімдеріне тұрғындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету болса, осы орайда, жәрмеңкеде қант, қой еті және сол сияқты басқа өнімдер де 15-20 пайызға дейін нарықтағы бағадан арзан саудаланды.
Аудан тұрғындарына мұндай азық-түлік бағаларын реттеу мақсатындағы, жәрмеңкелер әр сенбі күні сағат 9-00-де тұрақты ұйымдастырылып, азық-түлік өнімдері көтерме бағамен сатылатын болады.

«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.