Мен–өмірдің гүлімін

0
32

Меркі ауданының білім бөлімінің «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «1 маусым – Балалар күніне» орай «Мен – өмірдің гүлімін» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті

Балалар мерекесіне арнайы ұйымдастырылған іс-шараға ата-аналармен бірге аудандық «Меркі ата мешітінің» бас имамы А.Берікұлы, Меркі ауылдық округінің әкімі Ғ.Байарыстан, ПМПК меңгерушісі М.Жүзбаева, Меркі ауданы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы А.Малдыбайқызы, «Евразия» банкінің басшысы А.Тургинбаева сынды демеуші-қонақтар қатысып, өз тілектерін білдірді.
Ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеп, түзетіп-оқытып, жеке тұлға ретінде қалыптастыру, әлеуметтік ортаға бейімдеу жұмыстарымен айналысып отырған түзету кабинеті мамандарының еңбегі ерекше, маңызы зор.
Айтулы мереке күні әр баланың жеке қасиеттерін дамыту арқылы олар өлеңдер
айтып, керемет әндерді де нақышына келтіре орындай білді.
Салтанатты іс-шараға арнайы келген қонақтар ізгі тілектерін айтып, қонақ кәделерін сыйға тартты.
Мерекелік шараның бастауын «Үміт“ оқушылар үйінің бишілер тобы мың бұралған бимен бастап беріп, түзету кабинетінің бүлдіршіндері әрмен қарай өз өнерлерін ортаға сала жалғастырды.
Мәселен, Өсер Нұрисламның орындауында «Жаса, Қазақстан“ әні көптің қошаметіне ие болса, Самат Аңсар, Бейбіт Ұлдана, Жасұлан Сарбаев, Ахмет Нұрдаулет Бақтиярқызы Айзере, Алиева Фаина сияқты бүлдіршіндер тобы өлең шумақтарынан үзінділер оқыды.
Ал, Ерік Керімбаев «Өз елім“ әнін орындап, өзінің сан қырлы өнер азаматы екенін көрсете білді. Сонымен бірге балалар «Попурри“, «Ара“, «Өзбек“ билерін орындап, ата-аналардың көз қуынышы бола білді.
Бала – өмірдің мәні. Әрбір ата-ана өз баласының күліп жүргенін, денінің сау болғанын қалайды. «Алла баламен сынама“ дейді. Шынында өмір нендей сынақ берсе де, балаларымыздың көңіліне қаяу түсірмесін. Әлемдегі барлық балапандар сау болса деп тілейміз. Міне, бұл түзету кабинетіне, білікті мамандарына осындай тілек, ниетпен ата-аналар өз балаларын жетектеп келеді. Нәтиже де жетерлік. Тәжірибелі мамандардың балалармен бірге жұмыс істеуінің арқасында көптеген балалар кемшіліктерінен айығуда. Логопед мамандардың тиімді жұмыс нәтижесі бойынша «Р..р..р“ дыбысын айта алмайтын, кекештеніп сөйлейтін балалар таза сөйлеп кетуде. Бұл әрине осында қызмет ететін мамандардың, ата-аналарының жемісі.
Мерекелік кеш соңында демеушілер тарапынан балаларға балмұздақтар мен ойыншықтар сыйға тартылды.
Іс-шараға қатысқан барша қауым естелік фотоларға түсіп, мәз-мейрам. Балалардың күлкісі бізге қуаныш сыйлайды. Әрдайым тек қуаныштың куәгері болайық.

Нұрай Махан,
«Меркі Ақиқат“

Comments are closed.