Қой қоздап, қорада шу
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші тек ерінбей еңбек етіп, оның көзін тапқан адам ғана өзінің ырзық, несібесін теріп жейді. Қазіргі кезде қол қусырып қарап отыруға болмайды. Заман басқа. Өйткені күн санап азық-түлік, жылжымалы мүлік, бәрі, бәрі шарықтап қымбаттауда.
Біздің ауданымыз мал шаруашылығы, егін шаруашылығы жақсы дамыған. Осы салалардың арқасында тұрғындар қатарынан оза шауып бақуатты күн көруде.
Ынтымағы жарасқан Аспара ауылдық округін аудан тұрғындары үлгілі ауыл ретінде біледі. Осы бірлік, ауызбіршілігің арқасында көп жылдар бойы халық біріге, бірлесе өндірістік кооперативке бірігіп, жұмыс жасауда. Атап айтсақ, «Аспара» өндірістік кооперативі көп жылдар бойы тіршілігін дөңгелетіп келеді. Мұнда көптеген басшылар оңды қызмет еткен. Соңғы жеті жылда Қалдыбай Алмабаев 60 отбасы біріккен кооперативке басшылық етіп келеді. Шаруалардың пай үлесінен жиналған жерлерде бүгінде арпа, бидай егіліп, малдың жем-шөбі қамдалуда.
Биыл кооператив 300 гектар жерге күздік бидай, 180 га –ға жоңышқа, 300 га арпа еккен. Біз арнайы жұмыс барысын көруге барған күні арпа егу науқанының соңғы кезеңіне тап болдық.
Кооператив басшысы Қ.Алмабаев шаруашылықты жүргізуге барлық қажетті техникамен қамтылғанын, онда 5 МТЗ тракторы, оның екеуі су жаңа және 3 комбайн, бір К 700 және қосалқы техникалардың бар екенін айтты.
– Мен жетекшілік еткелі жеті жыл болды.Халық мені қалап, таңдап, сайлап басшы етті. Мен өзімнің туған жерім, жерлестерім үшін тынбай еңбек етіп келем. Басында қиыншылықтар болды. Дегенмен, бірлесе, ортақ талқыға сала отырып мәселелерді шешіп, бір жүйеге келдік. Қазірде 60 отбасы кооперативке мүше. Барлығы көктемгі егіс жұмыстарына атсалысып жатыр. Биыл тұқым алумен қиыншылықтар болды. Сонау Талдықорғаннан, қасымыздағы Құланнан тұқым алдық. Жалпы 35 тонна арпа ектік. Биыл ауа-райы қолайлы, жауын-шашынды болды. Егіс жақсы өнім береді деп күтеміз,-деді кооператив басшысы.
Осы кооперативтің бригадирі Отан Оспанов арпаның себілу процесінің басы қасында тұрып, жұмыстарды толықтай өзінің қадағалауына алған Ол топырақтың ылғалды кезін пайдаланып, бірден айдап, тырмалатып, сеуіп жатқанын баян етті.
– Алқап басында бірнеше адам болып жүреміз.Өйткені тырналар егілген арпаны теріп жеп кетуде. Былтыр қуаншылық болып, егілген 1036 гектар жерден мүлдем өнім ала алмай қалдық. Биыл бар күшімізді салып, бір Аллаға сеніп мол өнім аламыз деген сенімдеміз,-деді бригадир Отан аға.
Кооператив мемлекеттің көмегін де тиімді пайдалануда. Мәселен, жаңа тракторлар алғанда мемлекет оның жалпы құнының 25 пайызын төлеп берген. Сонымен қатар, мал шаруашылығында да бұл көмектерді қолдан жібермеген. Кооперативтің есебінде 4000 бас меринос қойы бар. Оның 2700-і аналық бас. Осы аналық бас әрбір қойға 4000 теңгеден субсидия алуда. Өйткені кооператив асыл тұқымды қойларды өсірумен айналысады. Зоотехник Әшір Барманқұлов биылғы сақпан кезеңі нәтижелі өтіп жатқанын айтты. 100 бастан 85 бас қозы алу көзделген екен. Ол туыт уақыты әлі аяқталмағанын, әлі де қоздайтын малдардың барын айтты.
Ал, кооператив басшысы қойдың жүнін өткеру басты мәселе болып тұрғанын жеткізді. Өйткені, жүн алатын ешбір цех жоқ. Ал сырттан келіп алушылар мүлдем төмен бағамен алатын көрінеді.
Біз барған малжайға барлық қолайлы жағдай жасалыпты. Күн көзінен алынатып аккамулятор да қойылған. Күн ара су тасушы көлік таза ауызсумен қамтып отырады.
Көк кілемге оранған жерде қошақандар ойнақ салып, көз қуантады. Керемет табиғат. Тыныштық пен қазақтың ұшы-қыры көрінбейтін байтақ жер. Табиғи таза өнімдер – құрт, қаймақ, қазан отына піскен бауырсақ. Мамыражай өмір.
Міне, табысын Жер анадан көріп, бір ауылдың жартысын жұмыспен, нанмен қамтып отырған іргелі кооперативтің табысты жұмысы осындай.
Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат“