Шекара беріктігі – ел тыныштығының кепілі
Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік қызметінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа аманат етіп тапсырған ұшы-қиыры көрінбейтін кең байтақ жерімізді біздің шекарашыларымыз қорғап, ел тыныштығын қамтуда.
Осы айтулы мерекеге орай ҚР ҰҚК Шекара қызметі әскери-патриоттық қызметі басқармасының ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде мерекелік концерт өтті. Онда шекара қызметінің ансамблі мүшелері өнерлерін ортаға салып, көптің көңілінен шыға білді. Мерекелік концертке ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Меркі ауданы бойынша Шекара басқармасының және шекара қызметінің ардагерлері, сарбаздар мен офицерлер, келісім-шарт бойынша әскери қызметшілер, колледж білімгерлері қатысты.
Сахнаға жарқырап шыққан жүргізушілер шекарашыларды мерекемен құттықтап, арнайы дайындалған концертті тамашалауға шақырды.
Мерейтой концертін әскери ансамблдің Кенен Әзірбаевтың «Бастау» күйімен басталды. Бұдан соң әскери-патриоттық әндерге кезек беріліп, «Шекарамыз берік болсын», «Город мой», «Менде бір қазақпын», «Арнайы жасақ» және «Батырлар ұраны» әндері тамылжыта орындалды. Ал ансамблдің мың бұралған балет тобы қазақ мен танго билерін нақышына келтіре орындады.
Концерттік нөмірлердің ішіндегі квартеттің орындауындағы «Тико-Тико» композияциясы мен Э.Нұргожинаның «Туған жер» әні көпшіліктің көңілінен шыға білді.
Кештің соңында залдағы шекарашылар мен сахнадағы әншілер шекарашылардың гимні – «Біз шекарада» әнін орындарынан тұрып, хормен орындады.
Шекараның бекемділігі – Тәуелсіздігіміздің белгісі. Қиыншылығы мен қызығы мол әскери өмірде шекарашылар біздің түн ұйқымызды қорғап, бейбітшілігімізді сақтауда. Жауапкершілік пен адалдықты талап ететін бұл қызметті арқаларына арқалап жүрген азаматтардың еңбегін бағалап, мақтан тұтып, алғыс айту – бізге парыз деп білемін. Шекарамыздың қазығы босамай, тыныш өмір кеше берейік.
Ләззат Серікбай,
«Меркі Ақиқат»