Алаштың ақиығы
Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туылғанына биыл 100 жыл толады. Ол 1922 жылы 15 қыркүйекте Тәтті ауылында дүниеге келген. А.А.Асқаров – экономика ғылымының кандидаты, халықаралық ғылымдары академиясының академигі, бес рет Ленин, екі рет Еңбек Қызыл ту, Октябрь Революциясы ордендерімен және он екі медальмен марапатталған. Асанбай Асқарұлының еңбек жолы мен қызметтері көпке үлгі, баршамызға мәлім.
Біздің Меркі аудандық тарихи- өлкетану музейінде жерлесімізге арналған көптеген материалдар бар. Ең алдымен айтарымыз, Кеңестік дәуірге арналған залда Асанбай Асқаровқа арналған экспозиция бар. Онда, қайраткерлігімен бірге өнерді, сөз өнерін қастерлеген, қаламы жүйрік Асанбай ағаның —
«Ел дегенде езіледі жүрегім,
Елімді мен – бақытым деп білемін.
Ел атағын, абыройын асырып,
Елім деген азаматтың бірі едім», –деген сөзі жазылған.
Одан кейін, майлы бояумен салынған үлкен портреті және фотосуреттер қойылған. Оның ішінде – 1946ж. Ирандағы әскери қызмет, Д.Қонаевтың ауданға келуі, егін даласындағы көріністер, Социалистік Еңбек Ері Ж.Қуанышбаев және КСРО металлургия министрі П.Ломакомен бірге және 1997ж. қыркүйекте Тараз жерінде өткен Асанбай Асқарұлының 75 жылдық мерейтойының суреттері қойылған. Сонымен бірге, «Тағдыр», «Жұмақ пен тозақ жырлары», «Көзқарас» және кейінгі басылып шыққан 3 томдық кітаптары қойылған. Экспозиция алдында гипстен жасалған үлкен бюст орналасқан.
Ал, музей қорында Асанбай Асқаровқа арналған көптеген материалдар жинақталған. Заттар қорында — Көрнекті мемлекет қайраткерінің аңға шыққанда киген тоны бар. Тонды музейге оның туысы Талдыбай Тобетов әкеліп өткізді. А.Асқаров қамаудан босап келген соң, тантай руынан тараған аталас туысы Талдыбай ағаның әкесі Қоянбай ақсақалдың үйінде біраз күн қонақта болады. Асекең табиғатты, аңшылықты ұнататын екен. Бірде «осы аңға киген тонымды саған берейін, көзімдей көріп, киіп жүрерсің» депті. Талдыбай аға бұл жәдігерді халық игілігіне айналдыру мақсатында музейге әкеліп өткізген.
Кітап қорында бірқатар кітаптары, соның ішінде, 2007ж. қайта басылған «Тағдыр», «Судьба» т.б. кітаптары бар. Сонымен бірге, «Халық перзенті» кітабында А.Асқаров туралы естеліктер жинақталған. «Халық перзенті» атанған А.Асқаровтың мағыналы өмір жолы ұрпаққа үлгі. Бұл кітапта Асанбай Асқарұлы туралы әр жылдары әртүрлі басылымдарда жарияланған мақалалар жинақталып, көз көргендердің естеліктері мен заманалық сөздері, фотошежіре басылған.
Құжаттар қорында өмірбаяны, Оңтүстік Қазақстан облысы «Шымкент өңірлік мемлекеттік архивінің» анықтамалары, кадрларды есепке алу туралы жеке парақшасы, жеке парақшаға қосымша, марапаттары туралы анықтама, баспасөз материалдары бар. Сонымен бірге, Асанбай Асқарұлының мерейтойына арналған Е.Қорғанбаев, Е.Сауранбаев, Қаратай Тұрысов, Шерхан Мұртаза, Заманбек Нұрқаділовтің құттықтаулары жинақталған. Заманбек Нұрқаділов өз құттықтауында: «Халық келіп кеткенді сыйламайды, қиылып қызмет еткенді сыйлайды»- деген ізгілік жолдары Сізге арналғандай. Аққа қара күйе жағылып, төрт жыл азап шеккенде де Сіздің тірегіңіз, сүйенішіңіз еліңіз болды. Орталықтың озбыр саясаты мен Сізге жабылған жалаға ел болып қарсы тұрып, Сіздің жағдайыңызға зейін қойып, тілеуіңізді тілеп, ақтау үшін нендей әрекетке болса да батыл бел буғаны Сізге деген халқыңыздың мәңгі суымас зор сүйіспеншілігі дер едім, — деп жазыпты.
«Құрметтер ел, жан болсаң затың жақсы, Талай ғасыр жаңғырар атың жақсы», -деп дана бабамыз Жүсіп Баласағұн айтқандай, талай ғасыр халқы Асанбай Асқарұлын есте сақтайды.
Л. Барақбаева,
Меркі аудандық тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы