Мақсаты айқын, жолы жарқын

0
186

Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін – тәрбие құралы. Шығыс ойшылы Науаи: «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Абай атамыз «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге» деп насихаттайды. Мағыналы сөздерден кітап оқудың кез келген тұлғаны дамытудың қайнар көзі екенін түсінесің.

Халықтың осындай жан азығынан, рухани байлықтан қол үзіп бара жатқандықтан, мемлекет тарапынан дабыл қағылып жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: “Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы», — деді.
Жаңа форматтағы алаңда жас мамандар мен оқушылар үшін мазмұнды, мағыналы жұмыстар мектебімізде баршылық. Жас мамандармен бас қосуда «Ұжымдық оқу», TEDx, REDx конференцияларымен қатар коучингтер ұйымдастырылып, оқушылар мен мектеп ұстаздары арасында жүзеге асып отырады. Оқыған кітаптары бойынша жүргізілетін «Умники и умницы» интеллектуалдық ойынды мектеп оқушылары арасында өткізу дәстүрге айналып келеді. Мектеп дәлізінде «Буккроссинг көрмесі» үздіксіз ұйымдастырылып, кітаптары жаңартылып толықтырылып отырады. Жүргізілген жұмыстарды саралай келе, бағдарламаны жүзеге асыруда белгілі бір буында ғана емес, 1-11 сыныптар арасында жүргізудің қажеттілігіне көз жеткіздік.
Осы орайда «Жас қаламгер» үйірмесінің оқушылары да «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханасының кітапханашыларының ұйымдастырумен өткізіліп тұратын түрлі іс-шараларына атсалысып, өз білімдерін кеңейту мақсатында жаңадан келген жас ерекшеліктеріне сай кітаптармен танысып, үлестерін қосуда. Жалпы алғанда бұл жоба бүкіл мектеп ұжымын қамтуды, жүргізілетін жұмыстардың нәтижеге бағытталуын мақсат етеді. Оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастыру және олардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатындағы тиімді әдістің бірі болып есептелінеді. Ұжым ұстаздары арасында әр жиналыс сайын «Ұжымдық оқуға» уақыт бөлініп, «Бір әлем, бір кітап» жобасын іске асыруда жас мамандар үшін таптырмас идеялар алаңы деп ойлаймын. Сондай-ақ, 5-8 сынып оқушыларына арналған «Кітапханашы сабағы», «Оқы да, басқаға қалдыр!» буккроссинг алаңы үздіксіз жұмыс жасауда. Оқушылар, ұстаздар, ата-аналар оқыған кітаптарын осы алаңға өткізіп, қалаған кітаптарын алады, кітап алмасады. Мектеп кітапханасына әдебиеттік кітаптар қорын молайып әр апта сайын оқушыларды оқуға құштарлығын арттыру мақсатында түрлі кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Жас қаламгер» үйірмесінің оқушылары арнайы қонаққа шақырылып, таныстырылымдар өткізіліп тұрады. Бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отырғандықтан, «Оқуға құштар – мектеп, оқуға құштар – ел» идеясы біздің мақсатымыздың дұрыс бағытын көрсетіп тұр. Кітап адамның бала кезінен бастап, өмірінің соңына дейінгі сырлас досы. Барлық білім кітапта. Кітап адам баласының ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап қалатын, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал.
Атақты Шекспир бір сөзінде «Кітап маған тақтан да қымбат» деген екен. Бүгінгі таңда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл сандық технологиялық тың жаңалық бізге де келіп жетті. Кітап – білім бұлағы болса, сол білімнің көзін ашар мұғалім мен кітапханашылар. Өздерінен инабаттылықты, шыдамдылықты және білімділікті талап ететін мамандық иесі кітапханашылар. Оқырман белсенділігін қалыптастыру үдерісі мектепте заманауи тиімді технологиялар мен оқыту әдістері қолданылған жағдайда тиімді болады. Мектеп оқушысының кітап оқу іс – әрекетін дамыту Қазақстандағы білімді жаңғыртуда басым бағыттардың бірі болып табылады. Ұлттың рухани және интеллектуалды ілгерілеуінің құралы ретіндегі оқылым іс-әрекетіне балаларды және жастарды тарту мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасының үлесі маңызды болмақ. Кітап оқу — білім мен рухани құндылықтарды беру мен меңгерудің бір түрі ретінде, тұлғаны тәрбиелеу және білім беру адамның қоғамда табысты болуына және бәсекеге қабілеттілігінің жалпы деңгейіне әсер ететіні айқын. Жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай, «Кітапхана – мәңгілік парасаттық мекені, ал кітапханашылар – ешқашан жоғалмауға тиісті қазынаның сақшылары».

Ержан Оразбаев,
№1 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Comments are closed.