Туған жерге туыңды тік
Меркі ауданы Қызылсай ауылында көптен күткен қуаныш. Меркі ауданының Құрметті азаматы, Карл Фабержье құрмет орденінің иегері Берік Әлібайдың демеушілігімен Қызылсай мешітінің жанынан «Сәтінбек ата» имандылық асханасы ашылды.
«Атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деген сөзді ұран еткен ағамыз Алаш жұртының алғысына бөленуде. «Егер де кім туылған жеріне қадірлі, сыйлы болса, сол жер ол үшін жәннәтпен тең», демеуші ма еді. Бекең де осы сөзді көңілге тұмар етіп, жақсылықтың жаршысы атанып жүр. Берік Әлібай Тұңғыш Президент музейінде зергер болып қызмет атқарады. Зергерлік істе зеректігімен көзге түскен керемет қолөнер иесі. Қазақи нақышта көркемдеп бұйым жасау Берік ағамыздың сүйікті ісі. Бір үйден 4 ұл, 3 қыз өсіп шыққан, «Ағайын тату болса ас көп» дегендей бауырлары әрқашан қолдауға әзір. Асхананың жанындағы мешіттің де өз тарихы бар. ҚР-ның мәдениет қайраткері, танымал әнші-сазгер ағамыз Алтынбек Қоразбаевтың демеушілігімен Қызылсай мешітінің іргетасы қаланып, құбылаға бой түзеп, көпшіліктің қызметіне берілген болатын. Сол Алтынбек ағамыздың иманды ісін жалғастыру Берік ағамызға қонғандай. Себебі, қараша халықтың көкейінде жүрген түйткілді мәселеге мән беріп, соны іс жүзінде жасай білу кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Осыдан аздаған уақыт бұрын қызылсайлықтар ас беріп, әруақтың артынан қатым құран оқыту үшін көрші ауылдағы тойханаға баратын болған. Ол ауыл тұрғындары үшін қиындық туғызатын. Себебі жол алыс, тойхана болған жерде тыйымды нәрселерге тыйым болмайтыны жанға батады.
–Әрине, өмір бар жерде өлім қатар жүретіні ащы шындық. Одан бөлек рамазан айында көпшілікке ауызашар беру үшін де көптеген шақырымды артта қалдыруға тура келеді. Ал, енді оның бәрі өткеннің еншісінде, ауылымыздағы имандылық асханасында жасайтын боламыз, Берік баламыз бақуатты болсын, — деген ауыл тұрғындары, ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың алғысы шексіз. Асхана құрылысына ауыл азаматтары жұмыла кіріскен. Еңбек етіп жатқан ер азаматтарға келіндер мен жеңгелер әр күн сайын кезегімен ас дайындап, құрылысшыларға қанат бітіріп отырған. Бұл да халықтың «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығара білетін бірлікте екендігінің көрінісі. Асхананы үш айдың ішінде соғып біткен, еурожабдықтармен жабдықталған. Екі жүз орынға арналған. Ішкі көрінісі көздің жауын алардай. Имандылыққа бағыттайтын картиналар, қасиетті Құран Кәрімнің аяттары мен дұғалар жазылған жазбалар, сонымен қатар шаңырақ кейпінде жасалған ілмешамдар бірден көзге түседі. Асхана сыртында Берік ағамыздың қолөнер шебері екендігін аңғартатын тастан жасалған гүлдер келген жұрттың қызығушылығы мен таңданысын тудырды. «Сәтінбек ата» имандылық асханасының ашылу салтанатына ауданнан арнайы қонақтар келіп, жиын шымылдығын қасиетті құранмен ашты. Меркі ауданы маслихатының хатшысы Көкрекбаев Мұратбек Болысбекұлы, Меркі ауданының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз Тәттіқұлова Қайнаркүл, Меркі ауданының бас имамы Қасым Али Батырбек, Меркі ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Ринат Жантаев, Жаңатоған ауылдық округінің әкімі Мерей Рамадановтар сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарын құттықтап, Берік ағамыздың жұмысына сәттілік тіледі. Құрылысқа атсалысқан азаматтарға арнайы алғыс хаттар табыстап, қызыл лентаны қию рәсімін өткізді. Келген қонақтар ізгі тілектерін айтып, біреуі шапан жапса, енді бірі ат мінгізіп құрмет, қошемет көрсетіп жатты. Алайда Берік ағамыз сыйға тартылған тұлпарды өзіне қалдырмай, көлік қақтығысынан қол арбаға таңылған мешіттің бұрынғы имамына сыйға тартып, дүйім елдің көзіне жас толтырды. Сонымен қатар, «Бұл асхана пайда табар кәсіптің көзі емес, халықтың игілігіне жарайтын имандылыққа бағытталар жиын орыны. Сондықтан жеке менің ғана емес, барлық халық асхана жауапкершілігін мойнына алған жөн болар» деген өтінішін білдірді. Асхана кілтін ағасы Сегізбайға тапсырып, ас берем деген адамға барлығы тегін екенін айтты. Бұл мақтаныш емес мәрттіктен. Міне, елдің ертеңін ойлайтын осындай азаматтардың әлі де көбейетініне біз сенімдіміз. Әлемнің бар кереметін жиып әкелсең де, туған жеріңнің бір уыс топырағына татымайтыны сөзсіз. Алаш десе атқа мінер қайырымды азаматтар көп болсын.
М.Балтабай,
аудан тұрғыны
Е.Жасыбаев (суреттер)