ЕСКЕРТКІШТЕР СЫРЫ
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Мәдени мұра» бағдарламалары бойынша өлкеміздің тарихын, мәдениетін, тарихи ескерткіштерін, батыр бабаларымыз бен қоғам қайраткерлерін таныстыру үшін Т.Рысқұлов ауылдық кітапханасында «Ескерткіштер сыры» атты сторителлинг өткізілді. Іс-шараның мақсаты: туған өлкенің тарихи-мәдени ескерткіштері жөнінде мағлұмат беру, оқырмандарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, мәдени мұраларды құрметтеп, танып білуге насихаттау. Әрбір ескерткіш — тұнып тұрған тарих, шежіре. Жер жәннаты атанған Меркі өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштерін танып, оның аз да болса тарихи мәнін ұғыну үшін «Ескерткіштер — ел тарихы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көпшілік оқырмандарға ұсынылды. «Өткенді тану, тарихты терең пайымдап, оған әділ баға беру үлкен парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді», — деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, болашақта жерімізді, өлкемізді, тілімізді, мәдениетіміз бен әдеп-ғұрпымызды, айбарымызды айшықтап көрсете алатын басты мәдени мұрамыз тарихи-мәдени ескерткіштеріміз болмақ. Меркі — тарихы терең, көне ескерткіштерге толы киелі мекен. Бұл өлкеде өмірде сирек кездесетін ерекше қабілет иелері, дәуірінің дара туған ұлылары аз болмаған. Есімдері ел жадынан ешқашан да өшпеген, қадір-қасиеті ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан, намыстың қайрағына, елдіктің байрағына айналған аталарымыздың рухына қанша тағзым етсек те артық болмас. «Ескерткіштер — ел тарихы» атты кітап көрмесінен Меркі ауданындағы барлық округте орнатылған ескерткіштердің қойылған уақыты, орналасқан жері туралы толық мәліметтер алуға болады.
Роза Айтаева,
Т.Рысқұлов ауылдық кітапханасының меңгерушісі