Мұқағали — ғажайып біртұтас әлем.
Ғасырлар тоғысында халқымыздың қара өлеңін құдіретке айналдырған «Ғасыр ақыны» болып танылған, Алатаудың Хантәңірі шыңынан түлеп ұшқан мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Поэзия көгінде аққу – жыр болып қалықтаған Мұқағалиды,оның жүрек қылын шертер нәзік жырларын халық ұмытар ма?! Уақыт керуені алға жылжыған сайын, Мұқағали мұрасы түн қойнынан сәуле шашқан жарық жұлдыздай маздай береді.
Т.Рысқұлов ауылдық кітапханасы «Мұқағали – ғажайып біртұтас әлем» атты еске алу сағатын өткізді.
Хантәңірі етегінде, Қарасаз мекенінде, Қарасу жағасында, Шәлкөде даласында ХХ ғасырдың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келген. Шын аты – Мұқамедқали. Мұқағали деп ақынның өзі өзгерткен.
Әкесі Сүлеймен осы өңірде колхоз ұйымдастырушысы болды. 1941 жылы майданға аттанып,содан оралмады. Шешесі Нағиман шаруа адамы еді. Мұқағалидың балалық шағы соғыс жылдарымен сәйкес келген. Орта мектепті бітірген соң ауылдың хатшысы, Қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметінде болды. 1954 – 1962 жылдар арасында қазақ радиосында диктор болды.
1962 – 1972 жылдар аралығында «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Жұлдыз» журналдарында бөлім меңгерушісі, 1972 – 1973 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші болып жұмыс істеді.
Мұқағалидың тұңғыш өлеңі 1948 жылы Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінде басылды. Ақын поэзиясы – таңғы шықтай мөлдір. «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Өмір дастан», «Атамекен», «Райымбек, Райымбек» т.б поэмалары жарық көрді.
Ақынның «Аманат» атты жыр жинағы 2000 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Бүгінде Мұқағали ақынның 13 кітабы бойынша 1834 өлең, 19 поэмасы бар екені анықталып отыр. Ақын өлеңдеріне 100-ден аса әндер жазылды.
Мұқағали поэзиясы – бір жылдың, не бір айдың еншісі емес.Ол таусылмайтын қайнар бұлақ. Т.Рысқұлов ауылдық кітапханасынының тұрақты оқырмандары Ермекұлы Нұрғиса «Ей,өмір», Орынбасар Жаннұр «Үш бақытым», Аманкелді Нұрислам «Музаға» атты өлеңдерін жатқа айтып, көпшілікке тарту етіп, ілтипатқа бөленді.
Кейінгі ұрпағының өзін ұмытпай, жыл сайын еске алатының сезген ақынды әулие демеске шара жоқ.
Мұқағали өлеңдері шын шабыттан, шын күйзеліс пен шын қуаныштан, шын сағыныштан туған. Ақын ұлы сезімге бас иіп, өз өлеңдерінде сырлы, мұңлы махаббат тақырыбын кеңінен суреттеген.
Қашан да ақиқаттың ақ туын көтеріп, әділет пен адалдықты тең ұстаған сырлы өлеңдері мен қазақ даласының әр түкпірінен өзінің оқырмандарын тапқан Мұқағали өлеңдері ешқашан өлмейді.
Жазылар естеліктер мен туралы,
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.
Біреулер тұлпар еді дер ме еді мүмкін,
Бүтін делмей кеткен бір ер – тұманы – деп ақын өзі жырлағандай, жарық дүниедегі аз ғана 45 жас ғұмырының мәңгілікпен жалғасатынын ақынның сезімтал жүрегі сезген сияқты. Ол туралы естеліктер жазылып жатыр, әлі де жазыла береді. Ақынның заты өлгенмен, аты өлмейді.
Ақын дүниеден өтер алдында «Реквием» атты толғау өлең жазған. Шығармалары өзбек,қырғыз, орыс т.б тілдерге аударылған. Ақынның әдеби мұрасын зерттеуде 3 кандидаттық диссертация қорғалған.
1985 жылы Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағы Мұқағали атындағы сыйлық тағайындады. 60 жылдық мерейтой қарсаңында ақынның туған жерінде мұражайы ашылды. Алматыда ақын атында мектеп, көше, ескерткіш бар.
Мұқағали өлеңдеріне Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяқов, І.Жақанов, А.Қоразбаев, Т.Рахимов, М.Рүстемов, Т.Мұқамеджанов, Ә.Тінәлиев, Т.Досымов т.б сазгерлер ән жазды.
Роза Айтаева,
Т.Рысқұлов ауылдық кітапханасының меңгерушісі