Қай елдің болмасын тұрмыс-тіршілігін реттейтін заңы бар. Қазақ елі де өз отауын тіккелі елдің берекесі мен бірлігін сақтайтын заңын қабылдады. Негізі Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданып, ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрады. Ал қазіргі Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Яғни, дәл осы күні республикада бүкілхалықтық референдум өтті. Нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді. Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Ол бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып табылады, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшырады. Ата Заң қабылданғаннан кейін оған 1998, 2007 және 2011 жылдары өзгертулер енгізіледі. Осылайша әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихи да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты. Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды.
Айналасы 25 жылдың ішінде бірлігі жарасқан, өзге дамыған елдермен иық тірестіре қарыштап келе жатқан мемлекетке айналып отырмыз. Оның барлығы осы уақтылы, дұрыс қабылданған Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің толық қамтылғанын айғақтайды.
«Меркі Ақиқат»