ЕЛІН СҮЙГЕН ЕР

0
262

Бүгін мен өкінішке орай өмірден өткен, бірақ ерлігі ел есінде қалған атам туралы айтпақпын. Ескі фотоальбомды қарап отырып, медальдары көп, күлімдеп тұрған атама көзім түсті. «Неге атамның ерлігі мен бізге көрсеткен үлгі-өнегесін жазбасқа» деген ой туындады.

Менің атам, ауылымыздың құрметті азаматы- Айнаев Отарбек 1920 жылы Меркі ауданында, орта шаруа үйінде дүниеге келді. 1940 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Небәрі 21 жасында соғысқа аттанған атамның қайтпас қайсарлығы маған әрдайым бойыма күш-қуат беретін. Жау лагерьлерін барлау сәтінде екі рет оққа ұшып,ауыр жарақат алып, сол қолындағы бас бармағынан айырылғанда да жасымаған атамның рухының мықтылығына тәнтімін. Айнаев Отарбек өзінің жұмысын мұқият орындайтын, өте ұқыпты әрі талапшыл кісі болған. Лейтенант Каланда атамды: «Айнаев Отарбек өз жұмысын мінсіз орындайтын. Бір өзі 5 неміті тұтқынға түсіріп, командирдің өзінен бірнеше рет алғыс алды. Ол көзсіз ерлігі үшін «Соғыстағы қызметі үшін» медальімен марапатталуға әбден лайық, алайда «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды» деп ерекше бағалағанын естіп, бойымды мақтаныш сезімі биледі. Әжемнің айтуынша майданда от кешіп, сұм соғыстан оралған атамды барша ауыл, ағайын-туыс болып ерекше қарсы алған. Зейнетке шыққанша «Жамбыл» колхозында зоотехник болып қызмет қылған атамның еңбекқорлығы баршамызға үлгі. Әжем Күлдан екеуі 8 баланы өсіріп, жоғары білім мен тәрбие берген атамның балаларына деген ықыласы ел аузында. Айнаев Отарбек атам көзінің тірісінде ағайын-туысты үйіне шақырып,  әркімнің орнын көрсеткен көрегенді жан болғанын әлі күнге дейін айтып, еске алып отырамыз. Сол көрсеткен үлгі-өнегесі  дәстүр болып қалыптасып, ағайындар арасында ұрпақтан ұрпаққа аманат ретінде жеткізілуде. Айнаев Отарбектің майдандағы ерлігі мен дәстүрді берік ұстанған ұстамдылығы санамызда мәңгі жаңғырып тұратынына мен сенімдімін. Осындай елін сүйгер ерлердің есімдерін елі ұмытпай, келешек ұрпаққа үлгі етсе екен деймін…

 Кемелбай Жанеля

Comments are closed.