«Минасип» шаруа қожалығы даму үстінде

0
1317

Негізінен кез келген шаруашылық мемлекеттің қолдауынсыз үлкен нәтиже бермейтіндігі белгілі. Мәселен, сүт бағытын дамытуға арналған «Ырыс» несиелеу бағдарламасы арқылы 4 пайыз несилеу бағдарламасы жұмыс істейді. Аталған бағдарлама арқылы шаруалар жергілікті бюджеттен қаржы алып, ырысын «ақтан» табуына мүмкіндік мол. Сондай-ақ несиелеудің басқа да бағдарламалары арқылы сауынды сиырларының санын арттырып, сүттен пайда табуларына да әбден болады. Осылайша, сүт өндірісін жандандырып отырған шаруалардың бірі Меркі ауданының Меркі ауылында орналасқан «Минасип» шаруа қожалығы. Алғаш іргесі 1998 жылы қожалық алғашқы шаруасын не бәрі 200 қойдан бастапты. Дегенмен 2007 жылдан бастап қораларына ірі қара кіргізіп, сүт шарушалығына бет бұрған. Сол жылы көрші Қордай ауданынан 25 бас Зеңгі баба тұқымын алып келіп, өндірілген сүтті өткізе бастайды. Осылайша сүт өндірісіне ден қоя бастаған шаруа қожалық өзіндік қаражатпен 2016 жылы Ресей мемлекеті Алтай өлкесінен бір басының құны 330 000 мың теңгені құрайтын 27 бас сүт-ет бағытындағы симментал тұқымды асыл тұқымды құнажындар сатып алған. Осы жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы арқылы тағы 27 бас мүйізді ірі қара алып келіпті. Осыдан кейін жұмысы тірлігі тіктеле бастаған қожалық Алтай өңірінен 2018 жылы 23 бас сиыр алып келіпті. Оның де себебі жоқ емес екен. Мәселен, шаруа қожалық жетекшісі Алисұлтан Ахметовтың айтуынша, Ресей асып келген түліктің танасының өзі тәулігіне 18 литрге дейін сүт берсе, сиырлары 35 литрге дейін береді екен. Сондықтан олар үлкен өнімділікке қол жеткізіп отыр. Қожалық иелері содай-ақ өзіндік қаражатымен 100 басқа арналған жаңа қоражай кешенінің құрылыс жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңда олардың қорасында таза 100 бас сауынды сиыр тұр. Осыншама бастан күнделікті 2 тонна сүт өндіріледі екен. Шаруашылық олардан түскен сүттің әр литрін 82 теңгеден «Меркі ірімшік зауытына» өткізеді.
– Жалпы, XIX ғасырдың ортасына дейін мал шаруашылығы – сүт және ет бағытында дамыды. Кейбір тұқымдар сүт алуға, басқалары ет алуға арналды. Өткен ғасырдың басында әлемдегі елдердің біразында жағдай өзгеріп, екі өнімділік беретін мал тұқымын өсіру тиімді болды. Осыған байланысты бір тарапты өнімділіктегі тұқымдарға деген сұраныс бірте-бірте азайды. Сондықтан қос өнім беретін симменталь сияқты тұқымдар кеңінен пайдалана бастады. Сол секілді бізде сүттілігі жоғары және жақсы ет өнімділігін беретін сүйегі мықты ірі қара малды көбейтуге ұмтылдық. Осылайша, Алтай өңірінен симментал тұқымды түлікті алып келдік. Негізінен олардың біздің жерге жерсінуі оңай әрі тез оңалып кетеді, – дейді А.Ахметов.
Бүгінде ол жетекшілік ететін қожалықта 8 жұмысшы қызмет етеді екен. «Сиырдың сүті – тілінде» демекші, олар күнделікті ірі қараны күніне үш мезгіл автоматтандырылған құрылғымен сауып, бұдан бөлек мал бордақылаумен айналысуда. Дегенмен соңғы жылдары мал бордақылаудың шығыны шарықтап, табысы төмендеп кеткен. Оның себебін, қожалық жетекшісі өздерінің егіндік жерлерінің жоқ болуы себебінен жем-шөпті сатып алу шығынымен түсіндіреді. Сондықтан олар негізгі басымдықты сауынды сиырларға бұрып, тек сүт бағытына ғана баса назар аударып отыр екен. Оның үстіне мемлекет тапсырылған сүттің әр литріне 10 теңгеден субсидия төлейді. Шаруашылық басшылары осындай субсидияға биыл тағы да қол жеткізу үшін құжаттарын тапсырып қойыпты. Алдағы уақытта мемлекет қолдауын сезіне отырып, шаруашылықтың жұмысын одан әрі кеңейте береміз дейді қожалық басшылары.
Сиырдың сүттілігін арттыру — шаруалар үшін басты мәселе. Өйткені, шаруашылықтың өркендеуі — өнімнің көптігімен тікелей байланысты. Бұл бағытта мемлекеттің шаруашылықтар үшін жасап жатқан мүмкіндіктері де мол. Сондықтан олар жағдайды барынша пайдаланып, халыққа сапалы өнім ұсына алса болғаны.

Comments are closed.