ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫҚ МЕРЕКЕСІ
Құрметті, меркіліктер! Баршаңызды еркіндіктің, елдіктің,көк туын желбіреткен болашақтың негізін қалап, Мәңгілік елдің мәнін арттырып, Ұлы даланы асқақтатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!
«Аттың жалында, түйенің қомында» жүріп ,еркіндікті аңсаған, болашақ ұрпақ қамын бәрінен биік қойған, тұлпар мініп ту ұстаған бабаларымыз бен күрескер халқымыздың аңсаған арманы орындалған бұл күн, бәріміз үшін де қастерлі де қасиетті.Ұлтарақтай жер үшін «Ереуіл атқа ер салған, егеулі найза қолға алған» батыр бабаларымыздың қанымен, қайратымен, жанымен , өмірімен өлшенген тамыры терең Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы, еліміздің еркіндігінің мәңгілік болуы, бүгінгі ұрпақтың қолында.Әлем таныған Қазақстан бүгінде әлемдік өркениетпен иық тірессе, бүгінгі ұрпақ ертең туған халқын биіктен танытатын , жан-жақты дамыған, саналы да білімді, өз елінің адал азаматы болып өсуі үшін тер төгу, іргелі, мақсатты тәрбие беру біздің бүгінгі абыройлы борышымыз, асқақ міндетіміз. Еліміздің Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жылды «Жастар жылы»деп атап, болашақ ұрпаққа үлкен үміт артып отыр. Республика бойынша 5 мың, ауданымыз бойынша 270-ке жуық жас, 505 мың теңгеден қайтарымсыз грант алып, өз кәсіптерін бастап кетті. Мемлекетімізде халықтың жағдайын жақсарту үшін, ана мен бала,ауыл өміріне өзгерістер әкелетін тың жобалар, медициналық қызметтің сапасын жақсарту, зейнетақы жүйесін дамыту, атаулы әлеуметтік көмек, мүмкіндігі шектеулі жандарды қамқорлыққа алу және т.б игілікті істер атқарылуда.Тіпті, біздің ауданымыздың өзінде осы мереке қарсаңында 12 дәрігерлік пункттер мен ФАП-тар ашылып, олар іске қосылып ,тұрғындарға қызмет көрсетуде. Бұл да Тәуелсіздігіміздің жемісі,қуанышы, игілігі. Тәуелсіз еліміздің Әнұраны әлемде қалықтады, ынтымағымызға сызат түспеді, бірлігіміз бекіді.Жемісті, жеңісті сәттеріміздің қуанышын бөлісетін ,ұлт пен ұлысқа қарамай бір мақсатқа жұмылатын достығымыз нығая түсті.Мемлекеттің мықтылығы-ұйысқан тірлікте, ажырамас бірлікте екендігінде сөз жоқ. Ендеше, баршаңызды осынау ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын.Асыл армандарыңыз орындалсын,таңдарыңыз арайлы, күндеріңіз шұғылалы, мереке құтты болсын!
Мейірхан Өмірбек, Меркі ауданының әкімі