Бірлесе көтерген жүк жеңіл

Аудан әкімі Мейірхан Өмірбек жұмыс алгоритміне сәйкес Ақермен ауылдық округін аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Мұндағы мақсат – ақермендіктердің тұрмыс ахуалын көру, проблемалық мәселелерін тыңдау, ауылдықтардың қосалқы шаруашылығымен танысу.
Жұмысшы топ алдымен бұрынғы ауылдық тұтынушы кооперативінің жұмысшыларға тұрғызған үйлерінің Ақермен ауылдық округінің теңгеріміне өткізіліп, енді осы ауылға келген жас мамандарға, нақтырақ айтсақ, учаскелік полицияға тұрғын үй ретінде берілгелі тұрған ғимараттың жай – күйімен танысты. Ауылдық округ әкімі Ғ.Байдаулетов бұл ғимаратқа қоршау жасап, күрделі жөндеу жұмыстары мен инфрақұрылым жүргізуді қажет етіп тұрғанын баяндады. Өз кезегінде ғимараттың жағдайымен танысқан аудан әкімі Мейірхан Азатұлы барлық қолайлы жағдайды қарастырып, тиісті мамандарға мәселені тез арада шешуін беруді тапсырды. Бұдан соң жұмысшы топ үш жылдан бері өз кәсібін тауып, етті балапан бағып отырған Сәкен Маутеновтың шаруашылығымен танысты.
100 бастан кәсібін бастаған Сәкен қазіргі уақытта мың бас бройлер тауығын күтіп, баптауда. Ол сөзінде үш жылдан бері осы кәсіптің сыр-сырын меңгеріп, зерттеп, зерделеп жүргендігін айтты.
- Үш жылдан бері біраз шығын да шықты. Сатып алған тауықтарым өліп қалып жатты. Содан қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинақтамағанша ісіп өрге баспайтынын сездім. Интернеттен іздей бастадым. Алматыдағы тауық фермаларын аралап көрдім. Үй маңында осындай шаруамен айналысып отырған кәсіпкерлерді іздеп тауып, солардан да ақыл-кеңес сұрап, әбден зерделедім. Қазіргі уақытта тауығымның саны мыңға жетті. Осы жолы алған мың бастан 32-сі шығынға ұшырады. Енді қай уақытта дәрі беру керек, қандай температурада ұстау керек, жем-шөбі, тамақтандыру уақытын әбден біліп алдым. Келешекте тауық басын бес мыңға жеткізуді көздеп отырмын. Аяғы жылы болса, шығын аз болады. Сол үшін алдағы уақытта жылы полмен тауық қорасын соғуды көздеп отырмын. Ауылдық жер тауықты ұстауға қолайлы. Жер кең. Бұрын Алматы қаласында бағып көргем. Болмады. Биыл ауылға келіп, ауладағы 4 сотық жерді тиімді пайдаланып отырмын,- деп сөзін қорытындылады Сәкен.
Облыс әкімі Асқар Исабекұлы жастарды кәсіпке баулу, тұрғындардың жұмыссыз болмауын, табыс табудың көзін тауып, қосалқы шаруашылықты тиімді пайдалануды тапсырған болатын осы мақсатта аудандағы 17 мың ауланы округ мамандары аралап, зерделеген еді. Нәтижесінде жаңадан 6493 жұмыс орны, 6763 жаңадан жеке кәсіпкер құрылады деп жоспарлануда. Аудан әкімдігінің мақсаты – Сәкеннің кәсібі сияқты шаруашылықтарды аудан тұрғындарына көрсету, түсіндіру. Кететін шығыны мен табатын табысын көрсету. Шынында үй маңында-ақ шаруашылықпен айналасып, табыс табуға болатынын Сәкен Маутенов есептеп берді. Ол балапандарды тауықты 260 теңгеден сатып алыпты. Төрт айдан соң бір тауық 4000 теңгеден саудаланады дейді. сонда 260 мыңға сатып алынған балапандар өсе келе 4 млн.-ға сатылады екен. Оның жартысы жем-шөбіне кетті деп есептесек, төрт айда 2 млн. табыс табуға болатыны шындыққа жанасады.
Аудан әкімі бұл шаруашылықпен танысқан соң ертесі күні ауданның кәсіппен айналысып жүрген, құс шаруашылығы қызықтыратын, қолында аз-маз құсы бар азаматтарды, ауылдық округ мамандары мен әкімдерін жинап осы Сәкен Мәутеновтың құс шаруашылығына жинап, семинар-насихат жұмыстарын жүргізді. Мұнда жастарға табысты жылдап күтпей, аз уақытта табуға болатыны, оның күтімі мен басқа да ерекшеліктері түсіндірілді. Өз сөзінде Сәкен «барлық осы кәсіппен айналысам деп ниет білдіргендерге білгенімді үйретуге дайынмын»,- деді. Ал, аудан әкімі Мейірхан Азатұлы құспен айналысып, табыс табамын, кәсіп етемін дегендер бір кооператив құрып, «Бірігіп көтерген жүк жеңіл» дегендей бірігіп жұмыс істеуге шақырды.
Сонымен қатар, жұмыс барысында аудан әкімі Ақкөз қайнар ауылдық округінің тұрыс жағдайымен танысты. Мұндағы тұрғындар жұмысшы топқа ауылға кіре беріс жолды жөндеп беруді, көгілдір газбен қамтамасыз етуді, және ауыл ішінде тұрған су башнясынан үйді үйге су кіргізіп беруді сұранды. Бұл мәселелер бойынша аудан әкімдігі тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Қайрат Арғымбаев көтерілген мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығы, құжаттары дайын болған соң аталған жұмыстар іске асатыны туралы жеткізді. Сапар барысында осы ауылдағы №41 мектепте 8 ғана бала оқитыны туралы әңгіме қозғалып, алдағы уақытта мектепті бала санының аздығына байланысты жауып, оқушыларды тасып оқыту мәселесі де көтерілді. Білім бөлімінің басшысы Сәкен Есенов осы оқу жылында мектепке ағымды жөндеу жұмыстары жасалып, бұрынғы қалпында жұмысын жалғастыра беретіндігін жеткізді.
Бұдан соң «Арал қыстақ» ауылындағы тозығы жеткен орта мектепті аралап көрді. 17 жыл бойы күрделі жөндеуді көрмеген мектеп жөндеу қажет етіп-ақ тұр. Мектеп директоры Г.Таңатова: «Бұрын бұл мектеп жекеше үй болған, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, шатырын қайта жауып берсе, қабырғасы сетінеп, арасы ашылып жатыр»,- деді. Аудан әкімі Мейірхан Өмірбек аудандық Білім бөлімінің басшысы Сәкен Есеновке:
- Күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат көп кететік секілді, өйткені жөндейтін жерлері көп, солай істегеннің өзінді ескінің аты ескі, жаңадан мектеп салған одан тиімдірек болады, облысқа жаңа мектеп қажет етіп тұрғандар тізіміне енгізіп, ұсыныс жасаңыз,-деді.
Ақермен ауылдық округінің мәдениет үйінің залында болған қорытынды жиналысқа ауыл ақсақалдары, ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Толғандырған сұрақтары да аз емес. Бірі жайылым жер мәселесімен келсе, бірі аудан әкімінің атқарған жұмыстарына алғысын білдіруге келген-ді. Аудан әкімі жиналғандарға бір күндік сапары барысында көрген, түйгендерін айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Ауыл кәсіпкерлеріне, жастарына кооператив құрып жұмыс істеп, жеңілдіктерді пайдалануға шақырды. Сүт, ет, құс, т.б коопаривтерін құруға шақырды. Оның жақсы жақтары туралы кеңінен әңгімеледі. Ал ауыл қариялары толғандырған мәселелеріне толыққанды жауап алып, алғыстарын айтып тарқасты.
Л.Серікбай
Аудан әкімдігі баспасөз хатшысы