Облыста озық атанды

Адам өмірі үшін мал шаруашылығы өнімдерінің, оның ішінде ет, сүт, май өнімдерінің сапалы болуы маңызды екені белгілі. Осы орайда ветеринария саласы қызметінің тиянақты атқарылуы басты рөл атқарады.Бұл салаға мемлекет тарапынан да қомақты қолдау көрсетіліп келеді.Сондықтан да Меркі ауданы әкімдігі ветеринариялық шаруашылық жүргізі құқығындағы кәсіпорын директоры Шогалов Жарқынбек Амангелдіұлымен сұқбатымыз осы тақырып аясында өрбіді.
-Жарқынбек Амангелдіұлы, жалпы Сіз басқарып отырған мекеме жұмысы туралы оқырмандарымызға толығырақ айтып берсеңіз ?
-Ауданымызда жалпы 300 мыңдай қой-ешкі малы, 45 мың бас сиыр және 13 мыңдай жылқы малы өсірілуде. Біздің міндетіміз осы малдарды түрлі аурулардан сақтау үшін алдын-алу, мемлекет тарапынан бөлінген вакциналарды өз уақытымен сапалы пайдалану, малдарды бірдейлендіру және халыққа ветеринария тұрғысында қызмет көрсету.
— Ауданның елді мекендері арнайы ветеринар-мамандармен толық қамтылған ба?
-Ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде мал басына байланысты арнайы мамандар жұмыс атқаруда.Әр округте қызметтік автокөліктер бар.Мекемеде қазіргі кезде 120 адам жұмыс істейді. Олардың айлық жалақылары 120-80 мың көлемінде, осы тамыз айында тағы да 15 пайызға көтеру жоспарлануда.Өткен жылы үнемделген қаржы есебінен мекемені 2млн 610 мың теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргіздік.
-Аудан орталығындағы мал базарын бақылау сіздердің құзырларыңызға кіре ме?
-Аудан әкімі Мейірхан Азатұлының тікелей тапсырмасымен мал базарына кіретін барлық малдардың ілеспе құжаттарын тексеру және клиникалық бақылау жүргізу біздің жауапкершілігімізде. Әр аптаның бейсенбі, жексенбі күндері алдын ала кешкі сағат 21-00-ден бастап таңертеңгі 8-00-ге дейін кезекшілік ұйымдастырылуда.Осы жұмыстардың нәтижесінде Меркі базары облыс көлемінде 90 пайыз ретке келтірілді десе болады.Сондай-ақ бұл жұмыстар Жамбыл облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікпен бірлесе атқарылуы да өз нәтижесін беруде.
-Биылғы жылы ауданымызда мал аурулары анықталды ма?Егер анықталған жағдайда қандай шаралар қолданылады?
-Осы айтылған алдын алу жұмыстарының тиянақты атқарылуына орай биыл ешқандай мал ауруы анықталған жоқ, егер анықталған жағдайда, зертханада тексеріліп ,облыстық эпизоотряд жұмыс жасайды.
Осындай атқарылған іргелі жұмыстар оң нәтижесін беріп, ел алғысына бөленген ұжым өз бағасын алуда.Өткен жылы мекеме Қазақстан Республикасы Ұлттық Бизнес-Рейтинг ұйымдастыру комитетінен Жамбыл облысы бойынша І-орын «Алтын рейтингті»жеңіп алып «Жыл көшбасшысы-2018» атағына ие болса, ұжым директоры Шогалов Жарқынбек жоғары ұйымдастырушылық ,кәсіпқойлық және нәтижелі еңбегі үшін «Жыл маманы-2018» орденімен , сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Ендеше,аудан тұрғындары үшін маңызды сала мал шаруашылығының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосып,жауапкершілігі мол міндеттеріңізде абыройға бөлене беріңіздер, дейміз.
Мейіркүл Әбжанова,
«Меркі Ақиқат»