Берген алар, еккен орар
Биылғы жылы ауданда жалпы 2700 гектар егіс алқабы орналастырылған. Оның 1500 гектарына бидай, 1200 арпа егілген. Егіс алқаптарының мол өнім беруіне ауа райының қолайлығы септігін молынан тигізді. «Қыс азығын жаз жина»,- демекші аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Жылы бұлақ» ЖШС егіс алқаптарының жиын-терін жұмыстарына қарқынды кірісті. Шаруашылық 600 гектар алқапқа «Сымбат», 600 гектарға «Бәйшешек» арпа сұрыптарын орналастырған еді. Енді осы алқаптардың әр гектарынан он-он бес центнерден астық жиналды. Қазіргі таңда 800 га жерден «Стекловидная», 700 га жерден «Алмалы» бидай орылып жатыр. Бидай өнімі орта есеппен гектарына он бес центнерден беріп отыр. Ұжымда 20 адам жұмыспен қамтылған. Серіктестік төрағасы Аманжол Әкетаев егіс алқаптарында үш жаңа«Essil», үш «Нива» комбайны, алты автокөлік жұмыс жасап отыр. Біздің тілшілер егіс алқабына барған кезінде комбайншы Нұрбол Шадыбаев: «Жұмысшыларға барлық қолайлы жағдайлар жасалған, айлық жалақы уақытылы беріледі, комбайндар кондиционермен жабдықталған, егіс басында аспазшы уақытылы тамақтандырып отырады»,- деп ризашылығын білдірді. Сонымен қатар шаруашылық төрағасы үздік комбайн жүргізушілеріне жылды қорытындылаған кезде сыйақы тағайындап, еңбегіне қарай марапаттап отыруы дәстүрге айналған. Қазіргі уақытта «ESSIL» комбайнының жүргізушілері Б. Нәметқұлов, Н. Шадыбаев және «НИВА» комбайн жүргізушісі Н.Шадибаев үздік үштіктің басын бастап отыр. Аянбай еңбек етсең, Жер-ана ырзығын аямайды. Шашпай-төкпей егінді жинап алса, нан көп болары сөзсіз. «Нан бар жерде ән де бар» демекші, еліміз тоқшылықта, молшылықта, тыныштықта ғұмыр кешсін. Бай болайық, бар болайық»
Л.Серікбай
Аудан әкімдігі баспасөз хатшысы