«Жас кәсіпкер» жобасы басталды
24 шілде 2019 жылы Меркі ауданында «Жас кәсіпкер» жобасы басталды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау» бизнес жобасының негізінде осындай оқу бағдарламасын қолға алып отыр. Басты мақсат – кәсіппен айналысып, табысты болуды қалайтын жастарды қолдап, оларға мүмкіндік беру. Жобаға 18 бен 29 жас аралығындағы кез келген жұмыссыз адам қатыса алады. Өтініш берген жастар арнайы тестіден өтсе ғана, 15 күн кәсіпкерлік негіздерін оқиды. Тренингіге қатысушыларға стипендия да тағайындалған – 19 273 теңге. «Жас кәсіпкер» жобасына үш жылға дейін бизнеспен айналысқан адам да қатыса алады. Жоба «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатыр.
Қатысушылар бизнесті қалай, неден бастау керек екенін, қай мемлекеттік органға қандай проблемамен бару керек екенін біліп шығады. Оларға тәжірибелі кәсіпкерлер жетекшілік етеді. Бизнес жоспары сәтті қорғап шыққан үміткерлердің 505 000 теңге қайтарымсыз несие ұтып алуына мүмкіндігі бар. Ол үшін 200 АЕК көлемінде грант бөлініп отыр. Сонымен қатар 6% жеңілдікпен 6,5 жылға дейінгі 8000 АЕК көлемінде несие қол жеткізе алады.
Жобаға қатысу үшін «Атамекен» ұлттық палатасының жергілікті филиалына, халыққа қызмет көрсету, жұмыспен қамту орталықтарына және әкімдікке баруға болады. Өзіңізбен жеке куәлігіңіздің көшірмесі мен мекенжай анықтамасын апаруыңыз қажет.