Ойлан қазақ, Оян қазақ! немесе облыс әкімінің іс-сапарынан түйген ой
Ия, облыс әкімі Асқар Мырзахметов облыстың барлық бөлімдерінің басшыларын, өзінің екі бірдей орынбасарын, журналистерді, тележурналистерді де ілестіре, жалпы саны елуден асатын командасын ауданымыздың он төрт округіне жіберіп, елдің хал-жағдайымен, тұрмыс-тіршілігімен, ертеңге деген қандай жоспары, жобасы, мүддесі бар екендерін білуге, халықпен жүздесуге, сырласуға аттандырып, өзі №18 Ақкөз Қосанов атындағы тірек мектебінде Жамбыл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, іс-сапар мақсаттарын баяндады.
Басты мақсат – халықтың шынайы тұрмыс-тіршілігін білу, күнделікті өмірімен, немен айналысады, қандай жетістігі бар қандай мүддесі, қандай мұраты бар, үй іргесіндегі қосалқы шаруашылығы нендей күйде, ол пайдаланыла ма, кәдеге асса нендей табысы бар, қараусыз жатса, не себеп?! Сол сияқты «Қарапайым заттар экономикасы», былайша айтқанда зергерлік, тігін саласы, темір-ағаш ұсталығы, кірпіш жасау, өрнектас, блок, газоблок, т.б сияқты сан түрлі ісмеркіктің, жұмыстың қайсысына бейімі бар. Мемлекет осы аталған шаруаға бизнес жоба жасап, нақты іспен айналысқысы келгендерге қалауынша қаржы бөлмекші, жағдай жасамақшы, жұмыспен қамтымақшы.
Т.Рысқұлов ауылдық округінде де аудан әкімдері алгоритмдері аясында шаруашылықтың, шаруаның , бірлесе атқарылатын жұмыстардың, кәсіптердің әр саласы бойынша кооперативтер құру, сол арқылы өндірілген өнімді өткеру, ортақ қажетті техникалар алу, тіптен ауыл маңындағы жерлерді де тиімді пайдалану, сол арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын, табысын арттыру туралы жеріне жеткізе айтты. Ал, аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында он төрт округті аралаған облыс өкілдерінің хабарламасы тыңдалды. Ішінде округ әкімдерінің осы талаптарға сәйкес атқарған жұмыстары тыңдалды. Өкінішке орай әкімдіктің орынтағында отырған біздің округ әкімдері өз атқарған жұмыстарын дәйекті жеткізе алмай, тайғанақтап, тайсақтап қалды. Тек қана Сұрат ауылдық округінің жас әкімі 2000 түп қызанақ егіп, одан 20-30 тонна өнім алып, оның бір келісін 50 теңгеден алатындарға өткізсе, қанша пайда табатынын, күніне келіп сатып әкететін сүт қабылдаушылар 1641 литр сүт өткізелетінін, ет кооперативті өздерінен ашып, 23 адам мүше болғанын айтып, өзге өткізушілерді осыған тартамыз деген уәжі ғана облыс әкімінің көңілін көншіткендей болды.
Әділін айту керек, аудан бойынша атқарылған жұмыстың мән-жайын мәніне келтіріп айтып, ондағы нақты жоспарды дәйекті баяндап, кеткен кемшілікті өз мойнына алып, бұл жұмысты ретке қоюға уақыт сұраған аудан әкімі Мейірхан Өмірбектің сөзі, облыс басшысының сенімін оятқандай болды.
Аудан жұртшылығы алдындағы мінбеден облыс әкімі ауылдықтардың әл-ауқатын арттыру, қосымша табыс көзі деп қарамай, қосалқы шаруашылықты қолға алып, оны табыс көзіне айналдыру тығырықтан шығудың бірден-бір көзі, жолы екенін қадап, шегелеп айтты. Аудан басшысының аудан тұрғындарынан 158 ұсыныс түскенін айтқан мәліметіне бұл одан бірнеше есе көп болуы керектігін 17 мың аула, олардың қосалқы үй жанындағы жерлері 3600 гектарды құрайтынын, одан өзі қалаған ісімен айналысатын адам шұғыл бизнес-жобасын әкімдікке ұсыну керектігін, үй жанында жері бар, енді мейлі қияр, мейлі қызанақ, т.б бау-бақша, көкөніс егетін адам, не керек, тұқым ба, құдық қазу керек па, электр энергиясын жүргізу керек пе, тамшылатып суары құрылғысын жүргізу керек пе, немесе тігін машинасын ала ма, санын, нақты қажеттіні көрсетіп, қанша қаржы керек екенін анықтап, тапсырыс берсе, жобасын ұсынса, жұмыс көзі ашылайын деп тұрғанын баса айтып, облыс бойынша жаңа кәсіп ашуға, барын дамытуға қанша қаражат керек екенін шығарып, үкіметке қайырылатын ойын да жеткізе айтты.
Біз де азды-көпті өмірлік тәжирибесі бар, қал-қарінше елдің ортасында жүргендіктен, ия, қазақ кезінде Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров, т.б ағаларымыз «Оян қазақ» деп ұрандатқанындай баршамыз оянуымыз керектігін ұқтық. Ұқтық та шыныда «Ойлан қазақ, Оян қазақ, қолға күрек ал, екі етекті түр, қазақ, екі білекті сыбан, қазақ. Еріншектікті, марғаулықты, жалқаулықты, қой қазақ. Көштен қаласың, бұрынғыдай «алма піс, аузыма түстің» заманы өтті. Егер 30 өркениетті елдің қатарына ілінеміз, енеміз десек, енжарлықтан арылу керек. Ізден, үйрен, сұра, бүгін жаһандану, цифрландыру заманы, оған атбасын бұр. Интернетте нені қалай құрау, қалай жүргізу, өсіру, т.б. анықтамалар қаптап тұр. Іскер азаматтар с-о-о-н-а-у Африкада өсетін страусты өсіріп жатыр, Сайрамда бойы он метр болатын, бір тал 2000-2500-ге дейін банан береді екен, немесе жылыжайда лимон, мандарин өсіріп жатқандар бар. Бұл кәсіптің шегі емес. Оның сан жетпес түрі бар. Өзің оңтайыңа келетінін таңдап ал да, іске кіріс.
Рас, айтуға оңай, Бірақ, қарекет жасаған адамның берекетке жететіні өмір шындығы. Тағы да Ойлан, ағайын! Оян, ағайын! Қимылда қазақ, болма мазақ, дегіміз келеді.
Серік Құралбай
«Меркі Ақиқат»