Игі іс, ізгі бастамадан шет қалмайық!
Облыс әкімі Асқар Исабекұлы , жуырда ауданымызға келіп ауылдықтарды жұмыспен қамту, әл-ауқатын жақсарту үшін тиімді жолдар қарастырып ,осыған орай тиісті жұмыс алгоритмдерін белгілеп берген болатын. Сондықтан да осы аптада аудан әкімдігінде «Қарапайым заттар экономикасы» бойыншы ауылдық округтердің экономикалық деректер қор базасын қалыптастыру үшін аудан әкімі Мейірхан Азатұлы бас болып жауапты аудан басшылары ауыл- ауылды аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аудан әкімі М.Өмірбеков Жамбыл ауылдық округіндегі кездесуін Жеміс-жидек ауылынан бастады. №44 мектептің акт залына жиналған ауыл тұрғындары алдында осы мақсатты кездесуін байыппен бастаған Мейірхан Азатұлы:
-Облыс әкімі Сіздер мен біздің алдымызға жаңа жоба ұсынып отыр. Бұл жобаның негізгі мақсаты ауылдықтарды жұмыспен қамту, үй маңындағы жер телімдерін дұрыс пайдалану арқылы қосалқы шаруашылықтарды дамыту.Осы орайда , ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуда мемлекет тарапынан қолдау көрсету үшін оның алғышарты ретінде осы үй маңындағы жерді қалай тиімді пайдалануға болады, қандай кәсіп ашуға болады, оны ашу үшін қандай көмек, қанша көлемде қаражат керек, осыны білгіміз келеді. Қазір аудандағы әр отбасын аралап, сауалнама жүргізу үшін 170 маман көше аралап жүр.Сіздерден сұранамыз,бұл мәселені отбасыларыңызбен ақылдасып ,үлкен мән беріп , шешіңіздер. Себебі бұл жоба алғаш рет біздің облысымызда қолға алынып отыр.Егер ол өз жемісін берсе,бүкіл республикаға таралуы мүмкін.Және бұл бастама кезек күттірмей, тез арада іске асуы үшін осы жуырда қаралатын келесі жылдың облыстық бюджетіне енуі тиіс,-деген аудан әкімі бұл жобаның мән-мағынасын егжей-тегжейлі түсіндірді.Оның айтуынша,аудан тұрғындарының үй маңындағы жер учаскесінің көлемі-3600 гектар екен,оның 30 пайызы түрлі құрылыстар болса, 1700 гектарында жоңышқа, немесе табиғи шөптер өсуде екен.Яғни, одан ешқандай пайда түспейді.Сондай-ақ, Мейірхан Азатұлы үй маңындағы жерден қосалқы шаруашылық ашып, іскерлікпен ісін дөңгелетіп жүрген азаматтарды үлгі етті.Олардың ішінде Сұрат ауылында өзінің жер учаскесіне екі көршісінің жерін қосып қызанақ өсірген, ірімшік қайнатып ,сүт өткізіп, жылыжай ашып және т.б пайдалы іспен шұғылданып жүрген азаматтарды тілге тиек етті.
-Бұл мәселенің тағы бір көзге көрінбейтін жағы бар. Ол- ұрпақ тәрбиесі.Осындай іс ашу арқылы біз балаларымызды еңбекке баулимыз,-деген Мейірхан Азатұлы тұрғындарды осы игі бастамаға белсенділік танытуға шақырды.
Осындай кездесу екі күнге жалғасып, аудан әкімі Жамбыл, Талдыбұлақ, Сұрат, Аққайнар,Тескентоған ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, жол, ағын су, ауыз су және т.б. мәселелер бойынша да туындаған сұрақтарға жауап берді.
Осы іссапар барысында өз ауласындағы жерді тиімді пайдаланып, бау-бақша өсірген Сауранбай Серікбаев пен кезінде трактордың рөліне отырып, елді таңдай қақтырған Күлайша Қалдарбаеваның және шағын наубайхана мен дүкен ашқан Ж. Шырышбаевтың атқарған жұмыстарына аудан әкімі ризалығын білдірді.
Мейіркүл Әбжанова, «Меркі Ақиқат»