Әлеуеті -үлкен, келешегі –кемел өскелең аймақ
Мамырдың соңына қарай жұма күні аудан әкімі Мейірхан Өмірбек жұмыс сапарымен Меркі ауылдық округінің әлеуметтік-өндірістік, шаруашылық нысандарында жұмыс сапарымен болды.
Меркіде Қарасу өзенінің бойында жаңадан салынған өрт сөндіру бұғазымен (пирс) танысқан аудан басшысы бұғазды өрт бола қалған жағдайда тездеп, тиімді пайдалану үшін әзірлікті пысықтай түсу керектігін айтты. Өрт сөндіру көліктері келген бетте суды дереу толтырып алуы керек. Осы жағын уақыт созбай реттеуді тапсырды.
Аудан орталығындағы «Балауса» бала-бақшасы көп жылдардан бері жұмыс істейді. Ғимараты ескі. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Ең бір алаңдаушылық туғызып тұрғаны – екі қабатты ғимараттың төбесі қауіпті жағдайда. Шатырына кіріп-шығып мекендеп алған жабайы кептерлердің қиы көптен бері жинақталып, үстінгі қабат төбесіне салмақ түсіріп, шытыната жарып түсердей болып тұр.
Мейірхан Азатұлы шатыр астын 31 мамырдан қалдырмай тазалай бастауға пәрмен берді. Ауданның оқу бөлімінің басшысы С.Есеновке бақылауда ұстау қажеттігін айтты. Осы жерде кептерден келген зиян неге осы уақытқа дейін ескерілмеген, неге шұғыл әрекеттер жасалмаған деген ой келеді. Аудан әкімінің өзі келіп көріп, араласуын күтіп отырудың қажеті жоқ еді ғой.
М.Өмірбек және оның қасына ілесіп, бірге келгендер балабақшаны аралап, сырттағы ас дайындалатын, кір жуатын жайларға дейін көріп, тазалықтың сақталуына назар аударды. Мұндағы шешімін таппай келген бір мәселе – кіші жастағы бүлдіршіндер үшін іште дәретхана жоқ. Жылдың суық мезгілдерінде, қыста бұл әжептеуір қолайсыздық тудырады.
Мейірхан Азатұлы бақша меңгерушісі Ақсұлу Мақсұтқа жұмысты ширата түспесе болмайтындығын ескертті.
Келесі тоқтаған нысанымыз – жеке кәсіпкер Ерік Оспантаевтың құрылыс материалдары-блоктар шығаратын цехы еді. Цех 2011 жылдан бері жұмыс істейді. 8 адам жұмысқа тартылған. Өнімдерінің бағасы: құмблок-әр данасы 400 теңгеден, газблок – 200-400, бұдырблок – 300 теңгеден. Тіреу (стойкалар) – метрі 800 теңгеден.
Аудан басшысы жұмыс ретімен жақын танысып, цехтың алдағы жұмыс жоспары, аудан бюджетіне қосып отырған үлесі туралы сұрады.
- Ресейден 1 млн 315 мың рубльге жаңа станок сатып алдық, – дейді Е.Оспантаев, – оны орнатып, жаңа зауыт ретінде іске кіріспекпіз. Ол шығаратын құрылыс бұйымдары өте сапалы болмақ. Ал салық туралы айта кетсек бюджетке жыл сайын 200 мың теңге шамасында төлем түсірудеміз.
Ия, кәсіпкердің өзі айтқандай, жұмыс көлемін арттыру, адамдарды жұмыспен қамту бағытында әжептеуір жұмыстар атқарылуда. Банкіден 29 млн теңге несие алынып, жұмысшыларға да мүмкіндігінше жағдай туғызылуда. Айлықтары 60-80 мың теңгеден. Өнімдерінің сапасына қарай, ықылас қойып, алып жатқан алымсақтар да аз емес.
Осы округтегі Алипаша Ахмедов жетекшілік ететін шаруа қожалығы да іргесін бекітіп, жұмысын дөңгелентіп жүргізіп отырған ұжым екен. Мұнда 11 адам симменталь тұқымды 100 сиырды бағып-күтіп, өнімін өндіруде.
- Күніне 2 тоннаға дейін сүт сауылып, май-ірімшік зауытына келісін 80-100 теңгеден өткізудеміз, – дейді А.Ахмедов, – мал өсіруге жайылым, жай жеткілікті 3 қорамыз бар. Малшыларға 35 мың теңгеден айлық төлеудеміз. Келешекте асыл тұқымды сиырларды көбейте түспек ойдамыз.
Тұрмыс көңілді болса, жұмыс өнімді. Жарқын жүзбен жетістіктерімен бөліскен Алипашаны сөз бен ісі бір жерден шығып жүрген нағыз шаруа адамы ма деп қалдық. Малдары күйлі, асыл тұқымды екі бұқасының да бар жайын жасап қойыпты.
Табиғаты әсем, жасанып тұрған тау етегіне жақын қоныс тепкен бұл шаруа қожалығынан кейін Меркіге қайта оралып, «Балдәурен» балабақшасына атбасын бұрдық. Г.Байұзақова басқаратын бақша үлкен, салынғанына да біраз жылдар болып қалды. Ауласы, онда балалардың бір мезгіл демалатын, ойнайтын орындары жап-жақсы-ақ. Ал ішіне кірген соң, айтарлықтай жөндеп, реттейтін жерлері бар екендігіне көз жеткіздік. Іргетастың отырғанынан болуы керек — екі бөлмеде қабырға жарылып, сызаттанып тұр. Жөндеу жобасына бұл ақаулар көрсетілмеген екен. Ештен де кеш жақсы. Аудан басшысы М.Өмірбек бәрін қайта көрсетіп, енгізуді қамтамасыз етуді, қадағалауды аудандық оқу бөлімінің басшысы С.Есеновке тапсырды.
Өкінішке қарай бұл балабақшада ішкі тәртіп талап деңгейінде емес екендігін байқадық. Мұздатқышта балаларға арналған етпен қатар, аспаздың өзінің бауыр еті де тұр. Басшының орнында жауап беріп жүрген маман «алып кет деп едім, алмаған екен ғой» деп жуып-шайған болды. Аспаздың тамақтанған ыдыстары да бір бөлмеде жиыстырылмай тұр.
Аудан әкімінің «енді осында жатып та алатын шығарсыз» деген ренішін түсінуге болады. Балалар мекемесінде барынша тәртіп, тазалық сақталуы керек.
Мейірхан Азатұлы қай балабақшада болсақ та бүлдіршіндердің жатын орнына зер салып, жамылғы-жастықтарына дейін ашып көріп, тексерді. Анау-мынау тексерушілер бұған онша көңіл аудармай, бір көріп өте шығар еді. Ал аудан басшысы аудандағы барлық балалардың әкесі іспетті, назарынан бірде-бір бүлдіршін, бірде-бір отбасы, олардың балалары тәрбиеленіп жатқан бірде-бір балабақша тыс қалмай жатса – оған біз қуанайық, қолдайық.
Аудан басшысы орын алған олқылықтар үшін кіналілерге шара қолданылуы тиіс екендігін қадап айтып, одан әрі осы Меркідегі жеке кәсіпкер Надира Оспанбекованың тігін шеберханасына келдік.
Жұмыс күні қыза түскен сәтте тігіншілерінің ортасында жолыққан Надира жағдаймен қысқаша таныстырды.
Цех 2014 жылы ашылған. Алдымен біреудің үйін жалға алып істеген, келе-келе бұл үйді сатып алып, қызмет ауқымын кеңейте түскен. Қазір мұнда Надираның өзін қосқанда 5 адам жұмысты болып отыр. 10 тігін машинасы, басқа да жабдықтары бар тігіншілер жұмысына қарай 45 мың теңге және одан да жоғары айлық алады.
– Бар техниканы қойып, жұмыс көлемін арттыру үшін үлкен ғимарат керек, – дейді Надира, – ниетке жетсек, екі қабатты етіп салдырсақ. Бұл үшін 12 млн несие сұрап отырмыз. Н.Оспанбековамен сөйлесіп, жұмыстың жақсы бастау алғанына көз жеткізген Мейірхан Азатұлы аудандық әкімдіктің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Д.Тасқараевқа сұранысты зерделеп, несие бөлу жолын қарастыруды ұсынды.
Келесі кезекте біз болған «Марат» шаруа қожалығы да ары қарай істі дұрыс ұйымдастыра білсе өніп-өсіп кететін шаруашылық. Мұнда иелікте 30 га айдалмалы, 7 га жайылым жері бар. Асыл тұқымды симменталь сиырларын өсіріп отыр.
- Ресейден сүтті-етті красно-пестрый тұқымды сиырларды сатып алып, малды көбейтуді көздеудеміз.
Шаруашылық жетекшісі Асхат Ахтанбердиев осылай деп малшылық кәсіпті одан әрі жалғастырып, қора-жайды, жерді, жемшөпті ұтымды пайдалануды жан-жақты қарастырып отырғанын байқатты.
Аудан басшысының жұмыс сапарында бірге жүріп түске жақын жеке кәсіпкер Ғалия Исаеваның да кондитер цехына бас сұқтық. Жұмыскерлердің іске төселіп қалғаны бірден сезіледі. Жұмыс ретімен жалғасып жатыр. Осында 22 адам жұмыспен қамтылып, орта есеппен 60 мың теңге көлемде айлықпен қамтамасыз етілген.
Мейірхан Азатұлының:
- Бізге қандай өтінішіңіз бар? – деген сауалына орай цех басшысы:
- Басқасына өз күшіміз жетіп жатыр. Тек орталық базардың алдында 20 шаршы метрлік орын берсеңіз, – деп сұрады.
Аудан басшысы орталық базардың алдағы уақытта көшірлетінін еске салып ғимарат салуға басқа жерден жер қарастырылған мақұл болар еді, – деді.
М.Өмірбек осы күнгі сапар барысында №277 сайлау учаскесінің жұмысымен танысып, «Үміт» сарайында қамтылған мәселелер бойынша қорытынды жиын өткізді.
Жиында ол ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына, қол жеткен жетістіктерге қысқаша тоқтала келіп, қиындықтардың да кездесіп отырғанын атап көрсетті. Оның ішінде шетелден шикізаттың жеткізілмеуінен Меркі қант зауыты тоқтап тұр. Орталық базар төңірегінде заңсыз сауда жасап отырғандар әлі де көп. Мерзім берілді. Одан соң олар кетірілетін болады. Мал базары көшіріліп баратын жер қоршалып, тас төселуде.
Ағын судың жетіспеушілігі де болашақта болмауы керек. Ауданда 4 жаңа су қоймасының жобасы жасалуда. Олардың суымен қосымша 1000 га жерді суғаруға болады.
Аудан басшысы зейнеткерлер Б.Жамбабаев пен С.Қырғызбаевтың Сарымолдаев көшесіндегі ауыз су, жаяу жүргінші жолдарына, Қонақбаев көшесін жөндеп жарықтандыруға қатысты сұрақтарына жауап берді. Зейнеткер Н.Жәнібеков орталық саябақ маңында «қызыл сызықтан» аса, жүргінші жолына ентелей салынған құрылыс бойынша өз ойын ортаға салды.
Меркі ауылдық округі осындай кездесіп отырған алуан түрлі кереғар жай, проблемаларымен де келешегінен көп үміт күттірер әлеуетті округ. Ауданда талай ауылдар ай санап, жыл санап көркейіп, экономикасы дамып келе жатқан Меркіге қарап бой түзейтін болады. Мерейлі Меркі бізге осынысымен де қымбат.
Аудан басшысының жұмыс сапарында оның орынбасарлары Бақытхан Әбжапаров,Марат Қасым, аудандық әкімдіктіің бөлім басшылары, Меркі ауылдық округінің әкімі Ербол Акек округті бірге аралады.
Бақтыбай Абай,
Еркін Жасыбаев (суреттер),
«Меркі Ақиқат»