Қазақ Ұлттық Университеті–көш басында
Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 85 жыл толып отыр. 1934 жылы 15 қаңтарда алғаш есігін ашқан университет халықаралық QS рейтингісі бойынша 220 орынға ие болып, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінен кейінгі екінші орында тұр. Сонымен қатар, «UI Green Metric Ranking of World Universities» жаһандық рейтингісінде ҚазҰУ 172 орын алып, үздік 200 экологиялық университеттері қатарынан бой көрсетті. Еуропалық «ARES» рейтингісінің мәліметтері бойынша ҚазҰУ АА позициясына ие болуымен қатар, «Times Higher Education» Британ агенттігінің зерттеу нәтижесі бойынша ҚазҰУ Орталық Азия университеттерінің арасында алғаш болып әлемдегі ең үздік ЖОО тобына кірді. Әрине, білім ордасының жеткен жетістіктерімен қатар, оқытушы-профессорлардың жетелеуімен жеткен студенттердің де жетістіктеріне сан жетпейді.
«2019 жыл – Жастар жылы» болып жарияланып, еліміздің жастарына үлкен сенім артылып отыр. Соған сай, сапалы білім мен жоғарғы көрсеткішті көрсету үшін білім ордасы студенттердің толықтай жағдайын қамтамасыз етіп келеді.Себебі, білім ордасы әлемдік танымал университеттерінің кампустары секілді «ҚазҰУ қалашығымен» және сол қалашықта орналасқан «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында студенттердің мәдени және әлеуметтік қызметтерін пайдаланумен қатар, жоғары сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Зәулім кітапхана ғимараты, жүзу бассейні, жас ғалымдар үйі де студенттердің жиі қолданысына ие.
Ұлттық сана-сезім мен білімнің көкжиегін кеңейту жолында,универститет құрамындағы 16 факультет, 67 кафедра, 32 ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 40-тан аса Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткерлері қызмет атқарады.
Халық арасында танымал, көпшілік таңдайтын бірнеше мамандық бар. Олар әр қоғамда, қандай жағдай немесе тәртіпте болмасын сұранысқа ие болады. Сол мамандықтардың ішінде заңгерлік те бар. Заңгер мамандығы пайда болған қиындықты шешуге бағытталады. Заңгер әділетсіздіктің құрбаны болған тұлғаға, қылмыстан зардап шеккен жәбірленушінің өз құқықтарын қалпына келтіруге, оларды қорғауға, заңсыз жұмыстан шығарылған адамның қайта жұмысына тұруына, даулы мүліктік және тұрғын үй сұрақтарын шешуге көмек береді.
Соған орай, заң факультетінің басты мақсаты – еліміздің ғылыми-тәжірибелік мәселелерін шешуге мүмкіндігі жететін түлектерін дайындау болып отыр. Заң факультеті түлектерінің арасында ҚР сот және құқық қорғау органдары, прокуратура органдары, ҚР Әділет министрлігі басқармаларының басшылары да аз емес. Студенттер арнайы мамандандырылған оқу залдарында білім алу арқылы мамандықтарына қызығушылын арттыра түспек. Бұл әдістердің қолданылуында факультет оқытушыларының кәсіпқойлығы үлкен орын алады. Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасының профессоры Атаханова Салтанат Карибаевна студенттердің білім алу жолында білім мен тәжірбиенің үндес болуына баса мән береді. Көп жылдық еңбегі мен білімінің арқасында, шәкірттерінің тек студент емес, болашақ маман иесі ретінде өздерін көруге мүмкіндік сыйлап келеді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «ҚазҰУ әлемге әйгілі Оксфор, Гарвард сияқты университеттердің дәрежесіне жетуі керек» деген болатын. Бұл ҚазҰУ ұжымына берілген жоғары баға ғана емес, қарашаңырақтың келешегіне жүктелген зор жауапкершілік. Расында да терең білімімен терең нәр алып, биіктерге қанат қаққан мыңдаған шәкірттері елдің, қоғамның, саяси өмірдің әр саласына сүбелі үлес қосып жатқан оқу ордасы тамырын тереңге жайған алып бәйтерекке ұқсайды. Ендеше, келешекте де университет уақытқа сай мамандарды даярлап қана қоймай, заманға сай адам қалыптастыруда да Елбасының сенімін, ҚР жұртшылығының үмітін ақ-тау жолында аянбай қызмет ете беретіндігі сөзсіз. ҚазҰУ білім мен ғылымда, мәдениет пен өркениетте, бәсекеге қабілеттілік пен лидерлік ұстанымға бастайтын қарашаңырақ.
Мадина Тасыбаева,
Аружан Муратова,
Әл- Фараби атыңдағы Қазақ ұлттық университетінің 301 группасының 3 курс студенттері