Бейбіт күн бізге сыйлаған
Уақыт деген жылдам — ақ. Ауданымыздың ауыл шаруашылығын дамытуға көп үлес қосқан еңбек ардагері, майдангер Василий Иванович Баннов 94 жасқа келді. Меркіде агроном, бас агроном болып істеп, көптің құрметіне бөленген оны бүгінгі жас мамандардың көбі білмейді. Ал, әңгімеміздің тақырыбы Ұлы Отан соғысы, онда қол жеткен Ұлы Жеңіс туралы болғандықтан бір кезде ауданның бас диқаны болған Василий Ивановичтай ардагерлеріміздің бейбіт күндегі де өнегелі ғұмырын көбірек насихаттап, айтып жүруді замандастарымыздың еншісіне қалдырайық.
Ал, соғыс жылдары В.И. Банновтың өмірінде де ұмытылмас кезең болып қалды … 1943 жылы ол қазіргі Тараз қаласындағы №7 мектептің 10-сыныбын бітірер тұста әскерге алынып, Отан қорғауға аттанып кете барған. Алдымен Ташкент қаласындағы жаяу әскерлер училищесінде, Самарқанд қаласында саперлар мектебінде оқып, дайындықтан өтеді. Осы жылы Карель-фин майданында соғысқа кірді. Кеңес әскерлері бұл бағытта жауды талқандап, жеңіске жеткен соң, жорық жолын 1-Украин майданындағы 43-армияда 111 саперлар батальонының құрамында жалғастырды. Бұл әскери құрама танк корпусымен бірге шайқасты.
1944 жылы Польшамен шекаралас аймақта кескілескен ұрыстар жүрді. Осы ел аумағына өткен соң да фашист басқыншылары көп қарсылық көрсетті. Висла-Одер операциясы сәтті аяқталды. Польша жері түгел азат етілді.
Василий Ивановичтің есінде әлі күнге сақталып қалды. 1945 жылдың аязды қысы болатын. Қандай жағдай болмасын жауды ес жиғызбай қуып, жою керекті.
Жолда бөгет болған өзенге тездеп көпір салып, әскерімізді тоқтатпай өткізу міндеті қойылған-ды. Мұны байқап қалған немістер де қарап қалмады. Ауыр артиллериядан оқ атып кедергі жасауға тырысты. Осындай қарбалас сәтте В.Баннов жарықшақ тиіп, ауыр жараланды. Бұл 25 қаңтар күні еді.
Бұл күні кеңес әскерлері ұрыс қимылдарын одан әрі жалғастырып, айтарлықтай алға жылжыды. Көп ұзамай жау тұтқындарды аяусыз азаптаған Освенцим лагері басып алынды.
Ал, Василий Иванович ауыр жараланғаннан соң Польшада, Украинаның Житомир қаласындағы гопитальдарында ұзақ емделіп, Жеңіс күнін осында қарсы алды. Қан, майдандағы ерліктері үшін ол 1-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «За боевые заслуги», «За отвагу» медальдарымен марапатталған.
Елге оралған соң, оқыған мектебінің директорына жолықты. Ол кісі енді облыс-
тық оқу бөлімін басқарады екен, бірқатар оқу орындарына барып түсіп, мамандық алуға кеңес береді. Василий өз қалауын жасады. Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтында оқып, агроном мамандығын алып шықты. Осында болашақ жары Надежда Акимовнаны кездестіріп, отбасын құрды.
Жоғары білімді маман біздің ауданымызға жіберіліп, Меркі МТС- інде бас агроном болып жұмыс істеді. Біраз уақыт сенім артылып, Семейдегі жеміс-көкөніс стансасында аға ғылыми қызметкер ретінде тәжірибе жинақтағаны бар. 1951 жылы ауданымызға қайта оралып, ауыл шаруа-
шылығы басқармасында агроном, бас агроном болып 1992 жылы зейнетке шыққанша еңбек етті. Білікті маман, соғыс және еңбек ардагері «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен жоғары партия, совет органдарының көптеген грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.
— Облысымыздағы ардагерлердің өмірі туралы жазылған кітапта, біздің әкеміз туралы да айтылып, жазылып, көпшілікке ұсынылды – дейді қызы, №1 саз мектебінің оқытушысы Елена Васильевна,- жасының ұлғайған шағында демеу болып, бар қамқорлығымызды көрсетудеміз.
Ия, соғыс ардагерлерінің көбі дүниеден өтіп, сиреп қалған тұста оларға құрмет көрсету, сүйеу болу – адамгершілік парызымыз. Жұмыс барысында пікір алысып, ақыл-кеңесін алған кездеріміз де аз болмаған біз де Василий Ивановичтің ортамызда болып, бізге сыйлаған бейбіт күннің шарапатын бірге бөлісе беруіне тілектеспіз.