Антына адал ардагерлер

0
21

Өткен аптада, атап айтқанда 15-ақпанда Меркі ауылы Ауған ардагерлеріне және Чернобыль апатының құрбандарына арналған ескерткіштің алдында кеңес әскерлерінің Ауғанстан Демократиялық Республикалық аумағынан шығарылғанына 34 жыл толуына арналған салтанатты жиын болып өтті.

Оған ауданның зиялы қауымы, ардагерлер, аталған соғыста болып, елге оралған, қатарлы сиреңкіреп қалған Ауған соғысы ардагерлері, Чернобыль апатының қатысушылары бір кісідей жиналды.
Елім деп, жерім деп өзінің ең қызықты шағын яғни жастық өмірінде соғыс отына оранып, жанын аямай, интернацияоналдық борышын өтеген ардақты азаматтар, кеңес әскерлерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасы аумағынан шығарылған күнін еске алып, шейіт болғандарға құрмет білдірді. Кеңес әскерлерінің Ауған аумағынан шығарылғанына 34 жыл толуына орай еске алу жиынында, ескерткішке құрметті қарауыл қойылып, шын жүректерімен десте-десте алқызыл гүлдер қойып, бас иді.
Бұл соғыста интернационалдық борыштарын адал атқарған Қазақстандық сарбаздар да өшпес ерліктің үлгісін көрсетіп, абырой даңқа бөленгені даусыз. Оған тарих куә. Қазақстаннан жау шебіне аттанған жас қырандар өз борыштарын адал атқарды.
Еске алу жиынында алғашқы сөзді аудан әкімінің орынбасары Нарікбаев Нұрсұлтан Бақытжанұлы алып, ауған соғысы енді қайталанбасын, бейбітшілік мәңгі туын желбіретсін, аяусыз соғыстың ардагерлері аман болсын, отбасыларына денсаулық, ынтымақ, мол-мол нәсіп берсін,- деген құттықтауы мен ізгі ниетін білдірді.
Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаев та ізгі ниетке қосылып, барша Ауған соғысы ардагерлеріне ең бастысы денсаулық, еңбектеріне табыс тіледі.
– Ауған соғысы қаншама қыршын жасты алып кетті. Оларды біз ешқашан ұмытпаймыз және ұмытқан да емеспіз! Олар біздің жүрегімізде мәңгі сақталады,-деді ол. Жиналғандар сұрапыл соғыста қаза тапқандарды 1 минут еске алып үнсіз тәу етті.
«Меркі Ақиқат»

Comments are closed.