МЕРКІ АУДАНЫНДА ҚЫСҚЫ КЕЗЕҢГЕ ДАЙЫНДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Меркі ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Байарыстан төрағалығымен 2026-2027 жылдардағы қысқы кезеңді қауіпсіз өткізу, тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ету және көлік-коммуникация нысандарының қысқы маусымға дайындығы мәселелері бойынша жиын өтті.
Жиын барысында қысқы кезеңде жылу жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығы, тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі, улы газдан уланудың алдын алу және электр желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, қауіпті метеорологиялық құбылыстардың салдарынан туындауы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу, ғимараттар мен имараттардың шатырларының ұшып кету қаупін болдырмау бойынша атқарылатын жұмыстар талқыланды.
Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – жер сілкінісі қаупі бар аймақтардағы ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды күшейту жұмыстары.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге қысқы кезеңді қауіпсіз әрі тұрақты өткізуге бағытталған жұмыстарды сапалы жүргізу жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
#МеркіАуданы#ҚысқыКезең#Қауіпсіздік#ТөтеншеЖағдайлардыңАлдынАлу

















