Сайлауға дайындық пысықталды
Өткен аптада аудандық сайлау комиссиясында 19-Наурыз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтуіне байланысты, аудандағы барлық, атап айтқанда жаңадан құрылған 15 сайлау округтері төрағаларының бас қосқан жиналысы болып өтті. Бас қосуды аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Шорман Абылқасымов жүргізіп, әр сайлау округінің жұмысына тоқталып, нақты-нақты тапсырмалар берді.
Аудандық мәслихат депутатының 15 мандатына 54 үміткер құжат өткізген, олардың барлығының сәйкестігі тексеріліп, оның 16-сы тіркеуден өткен. Енді қалғаны 18-ақпанға дейін көші-қон полициясының, статистикалық прокуратурадан соттылығы жайлы, кіріс басқармасынан декларациясы туралы анықтамалары анықталып, егер барлық құжат заңға сәйкес болса, оларда тіркеуден өтетін болады.
Сәйкестігі дегенде, газет оқырмандарына мына жайтты түсіндіре кеткен жөн. Біріншіден Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына жасы 25-ке келген, Қазақстанда соңғы он жылда тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары үміткер бола алады. Ал жергілікті Мәслихат депутаттығына жасы 20-ға келген адам кандидат бола алады. Әрі мәслихат депутаттығына үміткер өз жұбайының да декларациясын тапсыруы міндетті.
Бір мандатты облыстық мәслихат депутаттығына бес үміткер құжат тапсырған, Бесеуінің де сәйкестігі талапқа сай. Үшеуі тіркеуден өткен, талаптарға сәйкес болса, қалғандары да тіркеуден өтетін болады.
Басқосуда барлық құжат сайлау туралы заңнамаға сәйкес болуы қатаң тапсырылды. Сонымен қатар ауданда 41 сайлау учаскесінің де сайлауға қызу дайындық жүргізіп жатқаны айтылды. Бұл сайлау шындап келгенде учаскелік сайлау комиссияларына да, округтік сайлау комиссияларына да үлкен сын екені ерекше айтылып, нақты тапсырмадар берілді.
Сонымен қатар қажетті кеңсе тауарлары, жүріп-тұратын көлік мәселелері де, сайлауда дауыс беру кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесі де пысықталып, сайлау учаскесінде кезекшілікті ұйымдастыру, электр энергиясымен, байланыспен тұрақты қамту да басқасудың өзекті мәселесі ретінде талқыланып, тиісті шаралар қарастырылды.
Жиынды аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Шорман Абылқасымов қорытындылап, қажет жағдайда күннің, түннің мезгіліне қарамай хабарласуға болатынын баса айтты.
Сол сияқты аудан шеңберінен түрлі себептермен шығып кетуге, жұмыс орнында тұрақты болып, аса қажетті жағдайда, ақылдасып келісіп, істің түйінін бірге шешуге келісіп, нақты байламдарға келді.
«Меркі Ақиқат»