Дауылда туған дала комиссары
«Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйсінуге жарар ол», — деп ұлы Абай айтқандай, алты алаштың алқаракөк аспанында мәңгі сөнбей жарқырай беретін жұлдыздар аз емес. Есімдері ел аузынан түспейтін ғибратты ғұмыр кешкен тұлпар текті ай маңдайлы азаматтар әр аймақтан да табылары сөзсіз. Алтын бесік Аспара алқабындағы жасыл кілем жамылған жұмақтай баурайынан Қазақстанның 1917-1938 жылдар аралығындағы тарихи даму белестерінде жұлдыздарын жарқыратқан тұғырлы тұлғалар: Тұрар Рысқұлов, Қабылбек Сарымолдаев, Мақсұт Жылысбаев, Ысқақ Әсімов, Қарымбай Қошмамбетов, Сыдық Адабаев сияқты қызыл сұңқарлардың түлеп ұшқаны өтірік емес. Сондықтан да Меркіні қырандар ұясы деп те атайды. Солардың бірі – Т.Рысқұловтың сенімді серігі, үзенгілес досы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Сарымолдаев болатын.
Ол осыдан 125 жыл бұрын Меркі ауданындағы «Жылы бұлақ» ауылының Ойтал бөлімшесінде тұратын әкесі Сарымолда мен анасы Айнұштың ынтымағы жарасқан отбасында 1898 жылдың 22 ақпанында дүниеге келген. Қ.Сарымолдаев жас кезінде Т.Рысқұлов, М.Жылысбаевтармен қатар Меркідегі орысша-қазақша бастауыш кластарын тәмамдаған соң, Әулиеатадағы (қазіргі Тараз) училищені бітірген. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс басталғанда ол Меркідегі почта-телеграф мекемесінде қызмет атқарып жүрген болатын. Халықты көтеріліске ұйымдастырушылардың бірі болғандықтан Қабылбек қызметтен қуылып, түрмеге жабылу қауіпі төнеді. Бірақ ол қолға түспей қашып жүріпті. 1917 жылы Т.Рысқұлов ұйымдастырған «Қазақ-қырғыз жастары революцияшыл одағының»мүшесі болса, 1917 жылы Меркі аудандық Кеңесінің мүшесі және болыстық атқару комитетінің хатшысы, 20 жасында Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің мүшесі, Азық-түлік Халық Комиссарының орынбасары, 1920-1923 жылдары Орынборда Қазақ АССР-і Ішкі істер комиссарының орынбасары болып қызмет атқарған. Одан кейінгі 1923-1925 жылдары Сырдария облатком төрағасы, Хорезм облысында жауапты қызметтерде істеген. 1925-1933 жылдары Қазақ АССР Халық Шаруашылығы Орталық кеңесінің төралқа мүшесі, кейін төрағасы болады. Сондай-ақ 1933-1937 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық Атқару комитетінің төрағасы, Торғай аудандық атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Тамақ Өнеркәсібі Министрінің орынбасары болып тағайындалды. Ең бір шешуші кезеңдерде халық мүддесінен шыққан, сол жылдары қиыншылықтан қорықпаған Қабылбек, партия қайда жұмсаса сонда барып бар білімін, күш-жігерін, қажыр-қайратын сарқа адал еңбек еткен. Қ.Сарымолдаевпен қызметтес болған соғыс және еңбек ардагері Ә.Нұрмағанбетов «Қайран, Қабылбек!» атты мақаласында: «1935 жылы Қ.Сарымолдаев Торғай ауаткомының төрағасы болып келді. Мен сол ауаткомда қызметте едім. Қысқа болса да нұсқалы сөз сөйлейтін, ер тұрпатты, терең ойлы шешен кісі еді. Іскер басшы келе сала сан-салалы міндетті мінсіз атқаруға қызу кірісіп кетті. Ол Торғайда жүргенде халық батыры Амангелді Имановтың көтерілісін зерттеп «Казахстанская правда» газетіне «Революцияшыл қазақ көтерілісінің жетекшісі», «Амангелді Иманов» атты қос мақаласын жариялатты,» — деп жазыпты. «Қазақ әдебиетінің» 1989 жылдың 30 маусымындағы «Біртуар Азамат» атты мақалада: «Қ.Сарымолдаев – қоғам қайраткері ғана емес, әрі проблемалық материалдарды өндірте жазған үлкен журналист. Журналист болғанда халық шаруашылығының барлық саласын жетік білетін, экономика тақырыптарда еркін жүзген білікті де алымды журналист», — деп айтылған. Ал Асанбай Асқаровтың «Ұлы Тұранның Ұлдары» атты кітабындағы «Қ.Сарымолдаев» атты мақаласында: «Жүрегі халқым деп соққан қажырлы мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Сарымолдаевтың өмірі мен еңбегін терең зерттеу – басты парызымыз. Ол – біздің өткеніміз. Кешегісі жоқ елдің келешегі жоқ,» — деп жазылған. М.Х.Дулати қоғамдық қорының директоры, ғалым, профессор Мұхтар Қазыбек: Сонымен қатар Т.Қожекеевтің «Дара тұлға» деген мақаласында: «1930 жылдың күзінде Қазақ АССР-інің 10 жылдығы тойланды. Салтантты мәжілісте мерейтой комиссиясының төрағасы Қ.Сарымолдаев баяндама жасады. Ол артынша «Капитализмге соқпай, социализмге жол» деген атпен Москвадан жеке кітапша болып басылып шықты. Автор мұнда 1920-1930 жылдар аралығындағы Республиканың ішкі-сыртқы жағдайын терең ашты,» — деп жазыпты. Сахара сұңқары атанған Сәкен Сейфуллин өзінің атақты «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи-мемуарлық романында 1918 жылы Колчактың 9 ай түрмесінде отырып, атаман Анненковтың азап вагонында 48 күн тозағын көріп, қаңтардың қақаған аязында Сібірден Сарыарқаға жаяу қар кешіп, Омбы түрмесіне жеткен соң одан қашып шығып Әулиатаға келгенде исполкомның төрағасы Қ.Сарымолдаев құшақ жая қарсы алып, Ақмолаға қайтарында жолына қаржы, қару-жарақ, екі қоржын үгіт-жазба кітапшалар, исполком атынан мандат пен екі милиция қосып бергенін аса ризашылықпен еске алады.
2009 жылдың қысында Ұлы Отан соғысының ардагері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Өмірәлі Аманбаев ақсақалдың үйіне Қабылбектің туысы Болат Данияровқа еріп барғанымда, Өмірәлі атай маған: «Қарағым, Қабылбек бізге туыс, арғы аталарымыз бірге туған. Қабылбек қайтыс болғанын естігенде мен 16 жаста едім. Ағайын-туыс қатты күйзелді. Жеңгелерім мен апаларымның жылағаны әлі есімде. Жастардың бәрі Қабылбекке ұқсасақ деп армандайтынбыз. Ойтал тұрғындарын Тышқанды деген жерге көшіріп мұнда қант заводын соғады деген қауесет тараған соң, менің әкем Әбдірәш деген кісімен бірге Алматыға барып Қабылбекке жолығыпты. Істің мән-жайына қаныққан Қабылбек жоспарды өзгертіп: «Зауыт темір жол бойына салынса елге де, өкіметке де пайдалы. Ысырапшылдық болмайды,» — депті. Бүгінгі Меркідегі қант зауытын Қабылбектің салғызғанын біздер мақтан етеміз.
1989 жылы Қ.Сарымолдаевтың туғанына 90 жыл толуына орай Ойталдағы Қ.Сарымолдаев атындағы мектептің алдына қайраткердің ескерткіші ашылу салтанатына Алматыдан Қабылбектің жары Майнұр мен қызы Зулфия келді. Сонда танысып сұхбаттасқанымда Майнұр жеңешем: «Қабылбектің өнерге деген қамқорлығы күшті еді. Өзінің туған ұлының атын Мұхтар деп, Ташкентте туған қызының атын Зулфия деп қоюының өзі көрегендік емес пе?! Олар туғанда М.Әуезовтің де, өзбектің ақын қызы Зулфияның да атақ-даңқы бүгінгідей дүркіреп тұрмаған. Олардың жаңадан жаза бастаған кездері еді… Қабылбек Сәкеннің де, Ілиястың да өлеңдерін жатқа білетін,» — деген еді.
Міне, осындай сегіз қырлы, бір сырлы Қабылбек қазақ елінің дамуына зор үлес қосқаны үшін жұрт жүрегінің төрінен орын алғаны ақиқат Қазақстан халық шаруашылығының білгір ұйымдастырушысы, экономика саласының ерен жүйрігі атанған қайраткер Қабылбек Сарымолдаев 40 жасында 1938 жылдың 25 ақпанында атылып, қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Әйелі Майнұр Ақмоладағы түрмеде болып, қызы Зулфия Ташкенттегі туыстарын паналап, ұлы Мұхтар ауырып қаза болды. Қ.Сарымолдаевтың 125 жылдық мерейтойын атап өту – бүгінгі ұрпақтың азаматтық қасиетті парызы.
Ш.Мамасерікова,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын.