КӘСІП БАСТАУҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК

0
53

Аудан әкімі Баубеков Жорабек Нұрмергенұлы ауданның ұзақ мерзімді даму жоспарын жасауда тұрғындардың табыс көлемін арттыру арқылы тұрмысын түзеуді – басты басымдықтардың бірі етіп қойған еді.

Үй іргесіндегі жерлерді тиімді игеріп, тұрғындарға табыс көзін табуға жол көрсетіп, олардың білмегенін үйретіп, тәжірибе жүзінде көрсету – аудан басшылығының алдындағы басты міндеттердің бірі.
Осы мақсатта бүгін Қызыл сай ауылында, аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалануды қолға алу мақсатында аудан семинары өтті.
Семинардың ашылуында сөз алған аудан әкімі Жорабек Нұрмергенұлы аталған семинардың тұрғындардың әл-ауқатын жақсартып, табысын арттыру бағытында үлкен бастама болатынына сенім білдірді.
Семинарда аудан жастары мен кәсіпкерлікпен айналысуды мақсат еткен азаматтарға құлпынай, қызанақ, жүгері тағы басқа да бау-бақша өнімдерін өсірудің жаңа технологиялық тәсілі көрсетілді.
«Ақбидай 2» шаруа қожалығы мен «Жамбыл су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Нариман Қалқабаев аудан тұрғындарына су үнемдеу технологиясының жаңа түрі – пленканың астында бүркекпен ылғал сақтау тәсілі арқылы бақша өнімдерін өсірудің қыр-сырын көрсетті.
Нариман Қалқабаев дәл осы әдісті қолданып құлпынай өсірумен айналысқысы келетін азамматтарға көмек көрсетуге әзір. Яғни, жеке кәсіпкер әр сотық жерге қанша шығын қажеттігін, орташа өнім көлемінің барлығын есептеп, суару жүйесін орнатып береді. Сонымен қатар, бақшаны күтіп ұстауға қажетті тыңайтқыштарды өзі жеткізіп, консультациялық қызмет те көрсетеді.
Осы орайда, жеке кәсіпкердің айтуынша құлпынай өсіру бизнесін бастау үшін бір сотық жерге 73 мың теңге, оны күтіп ұстауға 10 мың теңге қаражат жұмсалатынын, сол жерден кемінде 150 келі өнім алуға болатынын есептеп көрсетті. Сонда 1 келі өнімді 800 теңгеден саудалағанның өзінде, 120 мың теңге таза пайда табуға болады.
Қазіргі уақытта Қызыл сай аулының тұрғындары Сәкен Дидарбеков, Мықтыбек Ахметов, Еркебұлан Омарбеков Нариман Қалқабаевпен келісім-шартқа отырып, үй іргесінде яғни өздерінің аулаларында кәсіптерін дөңгелетуде.
Іс-шарада аталған азаматтардың бақшаларына экскурсия жасалып, семинарға қатысушылар жаңа технологиялық әдісті іс жүзіне асыру үдерісіне куә болды.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

Comments are closed.