Ақпараттық топ – Меркіде
Бүгін Меркі ауданына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ЖАҢА ЖАҒДАЙДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН: ІС-ҚИМЫЛ КЕЗЕҢІ» Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау бойынша арнайы құрылған топ келді. Топ басшысы, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департамент басшысының орынбасары Еркебаев Нұрлан Тәңірбергенұлы жолдаудағы басты бағыттарға тоқталып өтті. Ондағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты бөлігі, яғни аппарат қызметкерелірін қысқарту арқылы тиімді жұмыс жасайтын қызметкелердің жалақсын көтеру, аппарат жұмысының тиімділігін арттыру, жауапты хатшыларды қысқарту мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, пандемияға байланысты мемлекеттік басқару қызметінде де көптеген өзгерістер енгені, қашықтықтан жұмыс жасау әдісінің енуі, онлайн қабылдаулар жүргізу, қағазбастылықтан айырылу, басшылардың кабинеттен шығып, халықтың шынайы тұрмыс тіршілігін көруі сынды біраз жаңашылдықтар енгені туралы айтып өтті.
Ия, пандемия үйреншікті өмірімізден айнытты. «Цифрлы Қазақстан» қағидатын толағай қолданысқа енгізетін кез келді-ау. Мемлекеттік қызметтегі онлайн тәсіліне көшу туралы біраз келелі ой қозғаған Нұрлан Тәңірбергенұлы келесі сөзді Облыстық туризм басқармасының басшысы Ғани Майлыбаевқа берді.
Ол ҚР Президентінің жолдауындағы 11 приоритетке тоқтала келе өзінің басқарып отырған саласы бойынша тапсырмаларды талқылады.
Жолдауда «Ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту – маңызды міндетіміз. Орта мерзімді кезеңде экономиканың өсімі мейлінше «жасыл экономика» жағдайында ілгерілеуге тиіс. Сондықтан қазірдің өзінде көміртегінің үлесін барынша азайтуға бағыт ұстаған жөн. Үкіметке ғылыми қауыммен және жеке сектормен бірлесіп, «жасыл өсім» жөніндегі ұсыныстар жиынтығын әзірлеуді тапсырамын»-делінген. Басқарма басшысы Меркі жері тұнып тұрған тұңғиық тарих екенін басып айтты. Мұнда 188 тарихи нысан анықталса, оның тек11-ның ғана құжаттары ресімделген екен. Осы тұста тарихи нысандардың тізбесін QR кодқа енгізіп, ішкі туризмді дамыту бойынша жұмыстар жасау қажеттігін айтты. Меркі тау шатқалдарына еліміздің көптеген жерінен, шет елдерден туристер тартылады. Бірақ ондағы экологиялық тазалық жағдайы көңіл көншітпейді. Мұнда келісім-шарт бойынша «Жасыл Ел» ЖШС тендерде ұтып, алып, жүйелі жұмыс жасағанымен, қарапайым халық демалу мәдениетін ұстанбауда. Өздерінің демалған жерлерінде қоқыстарын тастап кетуде. Туризм басқармасының басшысы Меркінің ішкі туризмін дамытуға мүмкіндігі мол екенін атап өтті. Аталған ауданда петриоглифтер алқабы мен Аспара қалашығы, 74 мүсін тас орын тапқан. Биік таудың басында орналасқан құпияға толы Көк көл де осы аймақта. Әлі толық зерттелмеген, сырын ішіне бүккен тылсым мекенге де туристер көптеп тартылуда. Ғани Айдарұлы сонымен қатар алдыңғы қатардағы туризмі дамыған 88 елдің 44-і тек туризм арқылы күнін көріп, әлеуетін арттырып отырғанын тілге тиік етті
- Біз шетелдіктерді биік – биік ғимараттармен, керемет ресторандармен, тілді үйірер дәмді тағаммен таңқалдыра алмаймыз. Өйткені оларда мұның бәрі жетік дамыған. Біз оларды тұңғиық тарихымызбен ғана қызықтыра аламыз. Жамбыл облысында 3441 тарихи нысан тіркеуде. Өздеріңіз білетін Қарахан кесенесі, Айша бибі, Тектұрмас, тағысын тағы. Алдағы уақытта қала ішіне QR арқылы туристердің бағытын анықтайтын «Смарт киосктер» қоюды қолға алып отырмыз. Онда бірнеше Жамбыл облысы аумағында орналасқан тарихи және демалыс орындары туралы бірнеше тілде ақпарат алуға мүмкіндік болады,- деп басқарма тарапынын жоспарланып отырған жұмыстарымен де бөлісе кетті.
Ақпараттық топ мүшелері жиынға қатысушылармен еркін пікір алмасып, Жолдаудағы тапсырылған жұмыстарды бір үйдің баласында жұмыла атқаруға шақырды. Аудан әкімдігіндегі кеңейтілген жиыннан соң ауылдық округ тұрғындарымен кездесуге аттанды.
Ляззат Құралбаева,
Меркі ауданынан